Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қасым-Жомарт Тоқаев Байзақ ауданында жаңадан ашылған Көктал орта мектебіне барды

0 488

Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі.

– Қазақстанның болашағы –  жастар. Мен жастарымызға әрдайым сенемін, сіздерді қолдаймын. Өмірлеріңіз жарқын, жолдарыңыз ашық болсын деп тілеймін, – деді Президент.

Білім ордасының ғимараты былтыр салынып, пайдалануға берілген.  Мектеп директоры Аят Сенбекұлының айтуынша, білім ордасында 1207 оқушы оқиды.

Үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған:  32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 роботтехника кабинеті, 1 спорт залы, шеберханасы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған.

2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  Жамбыл облысында  9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс.

Жалпы, Президенттің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам жайлы мектеп салынады.

akorda.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.