Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аспалы кран тізгіндеген ана

0 257

Сан салада ерлермен иық тірестіре жұмыс істеп жүрген нәзікжандыларды көргенде, демімізді ішке тартып, таңырқай қарайтынымыз рас. Бірақ өткенге оралсақ, соғыс жылдарын айтпағанда, Кеңес үкіметі кезінде өндіріске әйелдер көптеп тартылғанын білеміз. Біздің кейіпкеріміз Мира Ақназарова – 33 жылдан бері аспалы кран тізгіндеген өз саласының білгір маманы.

Сәндібек Піренов

Мира Ақназарова 1988 жылы Тараз металлургия зауытына жұмысқа келгенде небары 22 жастағы бойжеткен болған. Жастайынан еңбекпен жетілген ол әу бастан-ақ машинист мамандығы бойынша кәсіби білім алған. Металлургия зауыты қаладағы ірі зауыттардың қатарында. Неге десеңіз, құрылысқа қажетті бұйымдарға сұраныс қашанда жоғары. Көбіне ер адамдар істейтін жұмысқа Мира Ақназарованың өзі салқынқанды қарағанымен, алғашқыда әріптестері кранды оңай игеретініне күмәнданған. Оның айтуынша, бұрын сол зауытта жұмыс істейтін әйел азаматшалар да көп болған. Ал соңғы жылдары бұл қатар сирей бастаған. Себебі қазіргі уақытта жұмыс істеуге ниетті адамдар кран машинисі болмай-ақ жақсы табыс тауып жүр. Ал Мира Ақназарованың көзқарасы басқалардан тым бөлек. Себебі ол мамандығына жанымен берілген ана. Өмірін еңбекке арнаған жолдасы екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде перзенттері сан салада жемісті еңбек етіп жүр. Ал жолдасы металлургия зауытында жұмыс істейді. Мира Ақназарова өткен жылдан бастап «Ғимарат-Темірбетон» ЖШС-не ауысқан. Аталмыш зауыттың тіршілігі де Мира үшін таңсық болмады. Неге десеңіз, онда да бұрын өзі тізгіндеп машықтанған аспалы кранға отырған.

Өткен аптада өз ісінің білгірі Мира Ақназарованың жұмысына барып, зауыт тіршілігін бақылап қайтқан едік. Күн жексенбі, бекітілген жоспар бойынша тапсырыс берушінің өнімі толықтай дайын. Жұмысшылар үйді-үйіне тарқасып жатқан мезгіл. Зауыттың ішінде үш-үштен алты аспалы кран бар. Соның бесеуін ер азаматтар жүргізеді. Ең жас кран машинисі 22-де. Зауыттың айналасында бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары қаз-қатар тізілген. Кейбірі қалыпқа құйылған, ендігі кезек – тек бір күн күтуде. Мира Ақназарова аспалы кранға баспалдақ арқылы көтеріліп, кабинаға жайғасып, кранды лезде орнынан қозғалтты. Әйнектің арғы жағында кранның негізгі, көтеруге арналған бөлігі де ары-бері қозғалып тұр.

– Кранмен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ең әуелі машинист биіктіктен қорықпау керек. Әріптестердің қабағына қарап-ақ түсініскен жақсы. Көпшілік кран машинисі болу ер адамға тән жұмыс дейді. Бірақ, меніңше, жұмыс ер немесе әйелге арналған деп бөлінбейді. Мен жұмыс істейтін кранның қауқары 16 тоннаға дейінгі затты көтеруге жетеді, – дейді Мира Ақназарқызы.

Кранның кабинасына көтерілгенде, кәнігі көлікке ұқсастығы бар екен деген ойда қалдық. Ұқсаса ұқсайтын шығар, бірақ жұмыс істеу принципі тіптен бөлек. Кранда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтамасқа болмайды. Әр істі мұқият атқару керек. Шалт қимылыңның есесіне зардап шегуің де ғажап емес. Төмендегі жұмысшылар дайындаған сұйықтықты алдымен қалыпқа құйып, кейін салмағы ауыр дайын бетонды қайта шетке шығарып, оны тиеу кезінде ешқашан ағаттық жасауға болмайды.

Біз бір сәт қана бақылаған жұмысты төзімді әрі епті ана ұзақ жылдан бері атқарып келеді. Аспалы кран дегеніңіз – оның бес саусағындай білетін ісі. Аяулы ана, асыл әже, адал жар бола білген Мира Ақназарқызының жұмысына табыс, отбасына амандық тілейміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.