Көктемнің көз тоймас көркіндей, сұлулықтың, мейірім мен нәзіктіктің символы болған әйел-аналар барлық игілік пен ізгілікке лайық. Тұрғындардың осал топтарына қолдау көрсетудің кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қалада «Бақытты отбасы» отбасылық институтын қолдау орталығы ашылған болатын. Осы айда орталық бір жасқа толды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жалпы «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығының негізгі жұмысы психологиялық, құқықтық және әлеуметтік тегін кеңестер беру, «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы бойынша жұмыстарды үйлестіру, жұмыспен қамту шараларын қамтамасыз ету және жомарт жандардың қайырымдылық көмектерін ұйымдастыру бағытында өрбиді. Осыған орай орталықта психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмектер көрсетуді қолға алған. Сондай-ақ жеңілдетілген несие, қайта даярлау және жұмысқа орналасу бойынша тегін кеңестер беру, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеу мәселелері бойынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі.

– Орталықта аналарға арналған тегін оқыту курстары бар. Бұл қысқа мерзімді курстарға қолөнер және тігін курсы, лейшмейкер (кірпік өсіру), маникюр (тырнақ әрлеу), визажист курстары алға қойылған. Пандемия кезінде де орталықтағы аналар қарап отырмады. Бетперде тігіп, тегін үлестірді. Және жұмыс барысында зерделенген сауалнама арқылы аналарға не қажет екенін анықтау барысында аспазшы, кондитер мамандықтарына сұраныс жоғары екенін білдік. Былтыр қараша айында дөңгелек үстел ұйымдастырып, Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерін шақырдық. Сол дөңгелек үстел барысында орталықтың атынан ұсыныс тастап, белгілі ресторатор Меруерт Лештаевадан қолдау көрдік. Осы келісім бойынша бірінші кезекте 23 ана шеберлік сағатынан дәріс алып, сертификат иеленді. Қиын жағдайда аналардың үйде отырып қалмауы үшін Меруерт Қаттабайқызы барын салып, аналарды тәтті тағам, дәмді тіскебасарлар сынды түрлі аспаздыққа баулыды, – деді орталықтың жетекшісі Гүлнар Нарболдиева.

Сонымен қатар ашылғанына жыл толған орталық аз қамтылған отбасыларды, көпбалалы аналарды өз құқықтарын сауатты пайдалануға бағыттай отырып, өздеріне тиесілі әлеуметтік көмектерді толық алуға 17 мыңға жуық әйелге қолдау көрсетіп, жол сілтеген.

Аналарға іс үйретіп қана қоймай, мотивация беріп, нәзікжандылардың өздеріне деген сенімін оятып, аспаздық саласы бойынша шеберлік сағаттарын өткізген Меруерт апаймен де тілдесудің сәті түсті.

– Шеберлік сағаттары адамзаттың әдемі жартысын өз ісін ашуға итермелеуі керек. Тәлімгер ретінде менің міндетім – оларды қиындықтардан қорықпауға, өздеріндегі және мемлекет беретін барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалануға үйрету. Тәжірибелі ресторатор ретінде мен оларға бизнесті көруге және алғашқы ұсыныстар алуға мүмкіндік бердім, – дейді ресторатор Меруерт Қаттабайқызы.

Дәмді, жылдам және үнемді тағам дайындау көптеген аналарға шабыт бергені анық. Аналар сонымен қатар шеберлік сыныбында отбасы, ошақ қасындағы әңгімеден өзге, өз-өзіңмен үйлесімді өмір сүру, өзіңді бар болмысыңмен қабылдауға және өз қателіктеріңмен жұмыс істеуге үйренуге тырысты.

Орталықта тырнақ әрлеп, кірпік жапсырып, тігін тігіп, аспаздық курстарынан түгел өткен Ақерке Бүркітбаеваның бес перзенті бар.

– Бізге қажет сабақтар теориялық бөлімнен басталып, кейін практикаға ұласты. Мен үшін оқудың маңызды бөлігі – өзіме қалай сенуді, негатив ойды ысырып, өзім қалаған нәрсені үйренуге, өмірден қажетімді алуға тырысқаным. Қолынан келгенін аянбай үйретіп, санамызға оң әсерін қалдыруға ықпал еткен Меруерт ұстаздан кейін тағам дайындау процесі өте тиімді болды. Алдағы уақытта өз дәмханамды ашсам ғой, – деді қала тұрғыны Ақерке Бүркітбаева.

Әрбір ақжаулықтының арқасынан қағып, қамқорлығына алған орталық Жамбыл жұртшылығы үшін жылы ұя, қамқоршы мекемеге айналмақ.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған