Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асқақтап Жамбыл жырлары

0 250

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевқа арналған «Жамбыл жырлары» байқауы мәресіне жетті.

Диляра ДАРХАН

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен өткен сайыс мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату және отансүйгіштік сезімін арттыру мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында өтті.
Байқау бұған дейін Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан бастау алған. Іріктеу кезеңіне 70-тен астам үміткер қатысып, 17-сі облыстық байқауға жолдама алды. Үміткерлердің арасында өзбек, моңғол, орыс, ұйғыр, шешен, татар, болгар, қарашай, қырғыз, күрді, дүнген, әзірбайжан, кәріс ұлттарының өкілдері бар.

Шараның бас-аяғы екі кезеңге құрылған. Біріншісі – Жамбылдың жырларын мәнерлеп, нақышына келтіре отырып жатқа оқу болса, екінші-сі – қазақтың халық әндерін немесе халық композиторларының әндерін жанды дауыста орындау міндеттелді.

Аталмыш байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылмады. Жамбыл бабамыздың жақұт жырларын нақышына келтіріп, тамылжыта ән салып, мәнерлеп жыр оқыған өзге ұлт өкілдері көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені ұлттық саз аспаптарының сүйемелдеуімен өнер көрсеткен Жамбыл ауданынан келген ұйғыр ұлтының өкілі Мухаббат Алеханова жеңіп алды. 1-орын меркілік қарашай-болгар ұлтының өкілі Анеля Гочаеваның қанжығасына байланды.

2-орынды байзақтық моңғол ұлтының өкілі Салтанат Жаба мен қордайлық орыс ұлтының өкілі Любовь Харченко бөлісті. Ал 3-орынды Қордайдан келген кәріс ұлтының өкілі Тимур Ким мен Т.Рысқұлов ауданынан келген қырғыз ұлтының өкілі Жамболат Самарұлы, шулық әзірбайжан ұлтының өкілі Сабина Фараджаева иеленді. Қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды. Одан бөлек, қатысушыларға тағы 5 ынталандыру мен естелік сыйлықтары табыс етілді.

Сонымен қатар байқаудың тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік мекемелер мен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз тараптарынан арнайы жүлделер тағайындады. Облыстық халық шығармашылығы орталығы қатысушылардың ішінде Қордай ауданының Масаншы ауылынан келген дүнген ұлтының өкілі Дариға Улюрованың өнерін ерекше бағалап, Алғыс хат пен ақшалай сыйлық, өлеңді мәнерлеп үздік оқығаны үшін облыстық білім басқармасының тағайындаған арнайы сыйы сарысулық татар ұлтының өкілі Алсу Фахриддиноваға бұйырды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының сыйлығы тараздық Руфина Искаковаға, облыстық Әулиеата медиаорталығының, Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облыстық филиалының сыйлықтары Жамболат Самарұлы мен Виолетта Кимге, «Jambyl» телеарнасының сыйлығы мойынқұмдық Ирина Хасановаға, облыстық қоғамдық кеңестің сыйы Тюнай Бралиеваға табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.