Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаржы саласының үздігі Жанна

0 279

Ол – өмірінің қырық жылын қаржы саласына арнаған жан. Жастық шағынан бастап есеп-қисаптың қыр-сырын меңгеріп, шәкірт тәрбиелеп, өз жұмысын абыроймен атқарған Жұмакүл Әбдірәсілқызы бүгінде зейнет жасына шықты.

Арайлым Шабденова Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Талас ауданы, Ақкөл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Жұмакүл Әбсейітова 1980 жылы Семей қаласындағы қаржы-экономикалық техникумын тәмамдаған. Алғаш еңбек өтілін Тараз қаласының қаржы бөлімінде бюджет секторында экономист, ал 1996 жылдан бастап есеп және есеп беру секторының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, жалпы алғанда, қырық жыл бойы осы мекемеде мінсіз, жоғары жауапкершілікпен қызмет атқарып келеді.
– Біз оқуға түскен жылдары елімізде тек Семей мен Целиноград қалаларында қаржы техникумы болатын. Сол оқу орындарының дипломын алған маман жұмыссыз қалмаушы еді. Негізі, отбасымызда нағашы әпкем: «Қыз баласына есеп-қисапты білген дұрыс. Ертеңгі күні жұмыс та табылады, отбасын құрған кезде де қиындық тудырмайды», – деп маған осы оқуға түсуіме кеңес берді. Техникумды аяқтап келгеннен кейін бірден Тараз қалалық қаржы бөліміне қызметке тұрдым. Ол кезде Ықсан Керімқұлұлы, Шолпан Спамбетова сынды керемет ұстаздардың мектебінен өттім. Бұл мамандықты жан жүрегіммен қалап, жұмысымды жақсы көріп істегендіктен, осы уақытқа дейінгі түрлі қызметтерден бас тартып, осы бөлімнен кетпеймін деп, зейнет жасына да жетіппін, – дейді қалалық қаржы бөлімі бухгалтерлік есеп және есеп беру секторының меңгерушісі Жұмакүл Әбсейітова.

Жұмакүл Әбдірәсілқызын әріптестерінің барлығы Жанна деп атайды. Ол алғаш жұмысқа келгенде бөлімде өзге аттас әпкелері болғандықтан, сол жердегі үлкен кісілер: «Сенің көзіңде от бар. Жанарың жарқырап, жайнап тұр. Өз жұмысыңды да сүйетіндігің көзіңнен көрініп-ақ тұр, сені біз Жанна дейміз», – деп Жұмакүл апай Жанна атаныпты. Жанна Әбсейітова – бүгінде үш баланы тәрбиелеп, немере сүйіп отырған әже.

– Үлкен қызым Әсел Абай атындағы колледжін, содан соң А.Ясауи университетін қызыл дипломмен «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» болып бітірді. Алайда ана жолын қуамын деп қызым тағы да білім алып, мамандығын өзгертті. Бүгінде қалалық әкімдікте ауыл шаруашылығы бөлімінің бухгалтері. Ал ұлдарымның бірі мемлекеттік қызметкер, енді бірі газ саласында қызмет етеді. Жақында кенже ұлымды үйлендіріп, қол ұзартып жатқан жайым бар. Үлкен қызымнан үш немере сүйіп отырмын. Зейнетке шығуыма да аз уақыт қалды. «Қырық жыл бір жерде, бір мекемеде қалай жұмыс істеп келесіз?» деген сұраққа құлағым үйренген. Ең бастысы, адам өзінің мамандығын жақсы көру керек. Біздің мамандық тиянақтылық пен жауапкершілікті, адалдықты талап етеді. Ал бюджет қаражатын тиімді мақсатта жұмсау – негізгі міндетіміз, – дейді Жанна.

Расымен де, «Есебі түзудің есесі түгел». Бухгалтерлік мамандық үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. «Бұл салада жастардың үлесі қандай? Жастарды тәрбиелеуде қандай ұстанымдарды ұстанасыз?» деген сауалға кейіпкеріміз: «Менің шәкірттерім өте көп. Бүгінде еліміздің әр саласында өз мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Шыны керек, маған түрлі мекемелерден «бухгалтер тауып берші» деп хабарласып жатады. Жасты жіберсең, «оны қашанғы үйретіп отырамын, тәжірибесі бар маман жоқ па?» деген азаматтарға «жас болса үйренеді, бәріміз жас болып келіп, оқыдық-тоқыдық, үйрендік» деп айтамын. Шыны керек, біздің салада жастардың тұрақтап қалуы қиын. Алдымен, бұл үлкен жауапкершілікті талап етсе, екіншіден, айлық аз. Біздер – мемлекеттік қызметкерміз. Ал мемлекеттік қызметке кірмейтін мекеменің айлығы тіпті төмен. Барлық саланың жалақысы көтерілсе де, бухгалтердің айлығы өспейді. Бірақ жұмысы оңай емес. Сосын есепті күнделікті жасамасаң, тағы болмайды. Өзге мекемелер секілді ертең жасаймын, болмаса күте тұрады деген түсінік бізде жоқ. Және бізде ешқандай мерекелік күн де жоқ. Себебі есебің бір күн кешіксе, сенің жұмысың ретсіз болады. Айлықты уақтылы жібермесең, дұрыс есептемесең, ұжымның алдында да абыройсыз боласың. Сондықтан есебі түгел, жүзі ашық есепшінің ұжым ортасында да беделі болады. Бүгінде заман талабына сай бухгалтерлер «Кәсіби есепші» сертификатын алып, үш жыл сайын біліктіліктерін арттырып отырады. Біздің бөлімде кадр маманы, заңгер, мұрағатшы жоқ. Сол мамандардың жұмысын қоса істеуге тура келеді. Ал ондай қосымша жұмыстарға ақша артық төленбегендіктен, салада жастардың тұрақтауы да қиын. Оның үстіне есеп бөліміне келетін тексеріс те, салынатын айыппұл да көп», – дейді.

Өз саласының қыр-сырын жетік меңгерген Жұмакүл Әбсейітова қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Ол көп жылғы адал еңбегі үшін ҚР Ұлттық банкінің «Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Қаржы министрінің Алғыс хатымен, облыстық қаржы басқармасы, қала әкімінің бірнеше Құрмет, Алғыс хаттарымен марапатталған. Қаржы саласының дамуына өмірінің қырық жылын арнаған Жұмакүл Әбдірәсілқызының өнегелі жолы кейінгі ізбасарларына үлгі. Кәсіби деңгейінің шыңына жеткен құрметті қаржыгерге біз де бар жақсылықты тілейміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.