Қалалық қоғамдық-саяси газет

Студенттік өмір – қайталанбас дәурен

0 2  840

Студенттік күндер әр адамның есінде қызықты сәттермен есте қалып, ешқашан ұмытылмайды. Кешегі мектеп табалдырығын имене аттаған балалар да біте қайнасқан қоғам тіршілігіне осы кезеңде белсене араласа бастайды. Студенттердің әр күні мерекедей өтсе де, күнтізбеде 17 қараша – Студенттер күні болып белгіленген. Газетіміздің осы санында бүгінгі жан-жақты әрі белсенді студенттер мен кешегі аға буын өкілдерінің үзік сырларын өздеріңізге ұсынып отырмыз.

Өмір мектебіндей болған шақ

Абай Нұржанов,
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:

– Жастық шақтың есте қаларлық қалтқысыз сәттері студенттік шақ екені рас. Сабақ пен жұмысты қатар алып жүрсек те, сауық құруға уақыт табатынбыз. Өзім Таразда туып, мектепті де осында тәмамдағанмын. Содан 1981 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, алты жылымды сонда өткіздім.

Бірінші жылы еліміздің сан аймағынан келген студенттерді медицина саласының маманы атанамын деген ой алаңдатты. Оның ішінде мен де бармын. Сол жылдары қазақ тілінде білім беретін медициналық университеттер жоқ еді. Кейбір жастар тіпті орыс тіліндегі тапсырмаларды түсінбейтін. Абырой болғанда айым оңымнан туған екен. Мектепте орыс сыныбында оқығанымның пайдасын осы кезде көрдім. Орысша білмейтін студенттер үйге берілген тапсырманы жаттап алып, судыратып айтып беретін. Не айтып жатқанын өздері түсінбегенімен, мұғалімнің көңілінен шығатын. Жастардың білім алуға ынтасы жоғары болған соң ба, әйтеуір бірер жылда олар да орысша сапырып сөйлейтін болып алды. Сол шақта студенттердің барлығы жарысып оқып, шәкіртақы алуға талпынатын. Оның үстіне үздік студенттерге тағайындалатын жоғары шәкіртақы тағы бар. Барлық шаруаны шетке ысырып, сабақтан қалмауға тырысатынбыз. Себебі сабақтан қалған студент міндетті түрде кеш батқанда 2-3 сағат кітап оқып, реферат жазып, қалған уақыттың орнын толтыратын.

Жаз мезгілінде студенттік құрылыс жасақтарына жұмылатынбыз. Медициналық университетте оқысақ та, әркім құрылыс жұмыстарын бір кісідей білетін. Ол кездегі жастардың көбісі еңбекпен есейген ғой. Сонда ауыл азаматтары «медициналық университеттің студенттері еңбекке қабілетті екен» деп таңдай қағатын.
Біздің студенттік кезең тура 1980 жылдармен тұспа-тұс келген соң ба, әйтеуір би кештеріне жиі баратынбыз. Сол жылы шыққан әндер әлі күнге дейін есімізде. Бұдан бөлек, оқу орнында жыл сайын «Алтын күз», Жаңа жыл кештері ұйымдастырылатын. Жастар жұмылып, әйтеуір шаруа тындырып жүретін. Қарағандыда оқыған соң жамбылдықтар 2 айда бір кездесіп, хал-жағдай сұрасып, бір-бірімізге көмектесетінбіз. Мәселен, жоғары курстың студенттері бірінші курстың балаларына ақылын айтып, қамқорлық танытатын. Себебі жастардың ішінде ауылдық жерден қалаға алғаш келгендер де болады. Сол кезеңдердің тағы бір ерекшелігі, студенттердің барлығы жатақханада жататын. Ал ондағы әңгіме тіптен бөлек. Таусылмайтын хикая тәрізді.

Студенттік шақтың соңғы кезеңдері 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келді. Алматыдағы жастардың ереуілі туралы хабар бізге де жетті. Кеш батқанда жатақханадағы жігіттер тысқа шығуға қанша тырыссақ та, амалын таба алмадық. Бірақ сол күні әй-жайға қарамай сыртқа шыққан студенттер артынша оқудан қуылды. Бұл оқиға көптің көңілінде қалып кетті…

Оқуды бітірген соң, 1987 жылы Жамбылдағы облыстық ауруханаға келдім. Қарап отырсам, денсаулық сақтау саласында жүргеніме 33 жыл болыпты. Егер біреу менен естен кетпейтін ең қызықты шақты сұраса, ойланбастан студенттік күндерді айтар едім. Себебі замандастарым білім алып, жақсы маман иесі атануға талпынды. Мен де алғашқыда 60 сом шәкіртақы алып, кейін жоғары шәкіртақының да қызығын көрдім. Сабақтан кейін топтағы студенттермен ауруханаларға қосымша табыс табу үшін баратынбыз. Көбіне санитар болып жұмыс істедік. Өзіміз үшін ең пайдалысы осы болды. Себебі, бір жағынан, қосымша жұмыс істеп, екіншіден, тәжірибе жинадық. Қандай іске бел бусақ та, жұмылып әрекет ететінбіз. Сол үшін де студенттік шақ бізге өмір мектебіндей болды.

Арман алдамады

Балзия Баешова,
М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің доценті:

– Мен студенттік күндерімді киелі Түркістан шаһарында өткіздім. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Журналис-тика» мамандығында білім алдым. Өмірімнің ең маңызды, қызықты шақтары сол кездер десем артық айтқандығым емес. Алғаш сабаққа барып адастық, бейтаныс топтасымызды «апай» деп соңынан қалмаған кездер жиі болды. Ата-анадан жырақта, таныс емес ортада жүру соншалықты қиын болса да, жаңа таныстарыңды жат санамай, бауыр басу тез орын алар деп ойламаппын. Айтулы кештер ұйымдастырып, белгілі тұлғалармен кездесу екі күннің бірінде болатын. Демалыс күндері міндетті түрде бәріміз ауылға бірге барып, аунап-қунап қайтамыз. Бір-біріміздің шаңырағымызға қонаққа барып жүріп, оңтүстіктің бірнеше аудандарын араладық. Қонаққа бару үшін пойызға, автобусқа мініп, домбырамен ән салып, айналамызды талай рет салтанатқа бөледік.

Тоқсаныншы жылдардың аяғы елімізде таршылық кезең болатын. Ақшаның, ішер астың тапшы уақыты. Дегенмен көңілдің тоқтығы оны білдірмеді. Бір үйдің балаларындай барды бөлісіп жедік. Ауылдан келген тары-талқанды, құрт-майды ортаға қойып жейтінбіз. Әсіресе, жатақханада қызық сәттер бастан өтті. Жаңа ортамен араласу, басқа аймақтан келген жастармен пікірлесуден көкірек көзіміз ашылып, жаңаша өмірді достармен бірге сүруге деген ынтамыз арта түседі. Жатақхана екінші үйіміздей болып, ыстық ұяға айналады. Комендант апай әрқайсымызды анамыздай бауырына басты, ақылын аямады. Егер көмек керек бола қалған жағдайда, жатақхана жастары жәрдем беруге әрдайым дайын тұратын. Дәріске бармау былай тұрсын, кешігудің өзі ұят тірлік еді.
Ұстазға деген құрмет сол кездің барлық жастарына тән асыл қасиет саналатын. Оқытушымыздың даусын естігенде, бас киімімізді шешіп, шетке ығысамыз. Көзіне тура қарамай, жанарымызды алып қашамыз, әрбір сөзін көкірегімізге тоқып, жылы сөйлесе толқып та алатынбыз. Мамандықтың қыр-сырын танытып, өмір сабақтарын жиі ұқтырған ұстаздарымыз қашанда ардақты, орны бөлек.

Қазіргідей технологияның дамыған кезі емес, байланыс құралы жоқ. Бірақ біздің сол кездегі байланысымыз тым шынайы еді. Смартфон, интернет деген болмады. Есесіне домбырамен, баянмен ән салып, бір-бірімізге ашық хаттар жолдау арқылы уақытымыз өтетін. Жатақханамыздың жанындағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне жиі барып (ол кезде қоршауы жоқ болатын), қабырғасына арқамызды сүйеп отырып сабақ оқимыз. Түрлі көркем әдебиеттерді оқып, сол жазушы-ақындарға еліктеп жүрген кездер де көп болды.

«Журналистика» мамандығының бір ерекшелігі – жазғы демалыс басталысымен бір ай өндірістік тәжірибеден өтетінбіз. Өзіміз қалаған жерге жолдама аламыз. Еліміздің белгілі телеарналары мен газеттеріне бару – басты мақсатымыз еді. Бардық та. «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» ұлттық арналарынан тәжірибеден өттік. Ол күндер тіпті қызық әрі күрделі болатын. Мекеменің берген тапсырмасын ант қабылдағандай мүлтіксіз орындаймыз. Тәжірибе бізді кәсіби деңгейде қалыптастыратын. Өз мамандығымызды мақтаныш тұтып, кез келген ортада масаттана жария ететінбіз. Ол кездің жастары арманшыл болатын. Тәтті қиялымыздағы асыл армандарымызды жария етуден алдымызға жан салмайтынбыз. Арман алдамады. Бірге бітірген студенттік құрбы-достардың барлығы өз мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Арамызда ғылым докторы, белгілі журналистер де бар.

Биыл сол қара шаңырақты бітіргенімізге де жиырма жылдың жүзі болыпты. Әрбір таңы бір-бірін қайталамайтын қызыққа толы шақтар жадымызда мәңгі сақталары даусыз. Бүгінде баршамыз араласып тұрамыз. Жиі бас қосамыз. Студенттік бал күндерді еске алып, шаттана күлеміз. «Бақытты сырттан іздеме, оны жасайтын өзің» деген сөзді мен де нақтылар едім.

Сырғып өткен жылдар-ай…

Эльмира Абдинова,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

– Өмірде әр сәттің өз қызығы, ерекшелігі бар. Соның ішінде студенттік шақты адам өмірінің ең бақытты кезеңі деп жатамыз. Жастық шақ, алғашқы махаббат, бірінші сессия, достық пен жаңа орта ешқашан естен кетпейтіндей.

Менің студенттік өмірім Жамбыл мәдениет және ағарту училищесіне оқуға түскеннен басталды. Басқалар көрген өмірді көргім келді. Жатақханада тұрғым келді, бірақ анам рұқсат бермеді. Дегенмен студенттік өмірдің қызығын, қиындығын бір кісідей бастан кешірдім. Сол кездегі достарымызбен әлі күнге дейін хабар сұрасып, бас қосып тұрамыз. Біреулер «шіркін, студенттік күндер былай болып еді» деп сағына еске алып, сыр шертеді. Бірақ менің ойымнан уақыт өте үзік сырлар ұмытыла бастапты. Мұның себебін, бәлкім, сол дос-жарандармен әлі күнге дейін емен-жарқын араласып, бірге жүргеннен болар деп топшыладым.

Демалыста студенттер жұмысқа тартылатын. Солардан қалмай, біз де ауылға пияз теруге баратын едік. Ол кезде оқу орны бұйырған соң, амал жоқ, барасың. Егер жұмысқа бармаған күндеріміз үшін арнайы тізімге белгі қойылса сескенетінбіз. Себебі жұмысқа бармасаң, қолданатын шараны айтпағанда, «оқудан шығып қаласың» деп бас көтертпейтін. Егістік алқабы, бойда күш-қуаты тасыған жастар жұмысқа ширақ еді. Тіпті пияз таусылып қалардай бір-бірімізден қалмай жапатармағай жарысып теруші едік. Сол күндер естен кетпейді. Үйде тұратын студент қыздар таңертең училищенің жатақханасына барып киім ауыстыратынбыз. Әйтеуір қайда жүрсек те қызық іздеп, күлкіге қарық болатын едік. Сонда біздің жатақханаға баруымыздың соңы пияздың иісі сіңген киім-кешектерді қыздардың бөлмесіне тастап кетумен аяқталатын. Біздің соңымыздан бөлмедегі қыздар бас көтеріп сыртқа шығатын. Қазір сол шақтарды еске алсам, күлкім келеді. Бір байқайтыным, сол кездері жастардың ұйымдары көп болмаса да, жиі бас қосатынбыз. Бір-бірімізге көмек қолын созып, бауырмалдық танытатынбыз. Үзілісте барлығымыз келісіп, тиынның басын құрап, дүкенге де барып келетінбіз. Әсіресе, менің тобымда кіл қыздар жиылған еді. Сол ортадан ең жақын достар таптым. Таптым деймін-ау, өмірдің өзі қауыштырды десек те болатындай.

Осылайша, біз де өз уақытында студенттік шақтың ащы-тұщысын қатар көрдік. Енді Студенттер күні қарсаңында қазіргі жастар туралы да бір үзік ой айтсам артық етпес. Көп ағаларымыз бүгінгі студенттерге көңілі толмай, «біз кезінде мынадай болғанбыз, сендер жалқаусыңдар» деп даурығып жатады. Бірақ мен бұл пікірлермен келіспеймін. Иә, аға буын өз уақытында қиындық көрді. Бірақ қазіргі жастардың да бас ауыртатын мәселелері аз емес. Бүгінгі студенттермен мақтануға әбден болады. Көбі сабақ оқып жүріп те жұмыс істейді. Болашағын ойлап, мамандығын игеруге күш салып, аға буын өкілдеріне қарап бой түзеп келеді. Қазіргі жастар қағілез, өз бетінше өмір сүруге дағдыланған. Сөзімді қорытындылай келе, осындай белсенді, болашағы зор, арманы асқақ студенттердің қатары көбейе берсін демекпін. Жастар барда елдің ертеңі баянды болатынына күмәнсіз сенім білдіруге болады.

Жарқын болашақ – білімде

Ақбота САБЫРЖАНҚЫЗЫ,
Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының студенті:

– Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген сөзімен бастағанды жөн көріп отырмын. Бала кезімнен ұстаз болуды армандайтынмын. Сол бетімнен танбай, былтыр Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Сол жылы-ақ белсенді жастардың қатарынан қалмауға тырыстым. Артынша ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Men jastarǵa senemin!» республикалық форумында «Мәңгілік ел – мұратым» патриоттық әндер байқауына қатыстым. Кейін «Bilim órkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы Жастар жылы аясында еліміздің студенттерін қолдау мақсатында ұйымдастырған «Үздік студенттер академиясы» жобасына қатысып, академия мүшесі болдым. Дәл осы аралықта өңірдегі екі іргелі оқу орны бірігіп, университет Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты болып өзгерді. Бұл біздің білім алуымызға кедергі емес. Керісінше, жыл өткен сайын білім сапасының жақсаратынына сенім мол.

Биылдан бастап «Жалын» волонтерлік қозғалысында ерікті түрде жұмысымды жалғастырудамын. Жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім. Еріктілер қандай жағдай болмасын бірігіп әрекет етеді. Тағы бір байқағаным, замандастарымның көбісі өзіне сенімді, еркін, әрі тың дүниелер табуға құмар. Қазіргі уақытта жүрегі мейірімділікке толы ерекше жандардың көбісі жақсылық жасауға талпынады. Осы орайда оларға сүйеу болатын волонтерлердің де саны артуда. Тіпті жұқпалы індеттің салдарынан елде төтенше жағдай жарияланғанда да, еріктілер ерінбей еңбек етті. Сақтық шараларын сақтай отырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, карантинге жабылған үйлерге азық-түлік жеткізіп берді.

Ел ертеңі жастардың қолында. Иә, елдің атын шығаратын да – жастар.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін! – деген Мағжан Жұмабаевтың өлең жолдары да бекер емес. Репрессия құрбанына айналған Алаш зиялыларының батылдығы бүгінгі жастардың да бойынан табылса деймін. Осы сарында жастар жайында жазған ел азаматтарының шығармалары аз емес. Сол үшін біз ұрпақтар сабақтастығын үзбеуіміз керек. Мереке қарсаңында қатарластарымды төл мерекесімен құттықтаймын. Жігерлі жастардың алар асу биік болғай!

Волонтерлер жылында қолды бос қойған жарамайды

Диана Омар,
Жамбыл медициналық колледжінің студенті:

– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген рас екен. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген аға-әпкелерімізді көргенде, сала маманы атануға ерекше құлшыныс пайда болды. Уақыт өте адам жанының арашашысы болсам деген ой медицина саласына қызығушылығымды оятты. Содан 2017 жылдың күзінде 84 жылдық тарихы бар Жамбыл медициналық колледжіне «Мейіргер ісі» мамандығына оқуға түстім. Уақыт өте құрамында белсенділер жиылған жастар ұйымы жайлы ести бастадым. Содан «Nur Otan» партиясының жанынан құрылған «Jas Otan» жастар қанатына мүше болдым. Көптеген іс-шараларға жауапкершілікпен қарап, алдымен осы ұйымның орынбасары, кейін жыл соңында көшбасшысы болып тағайындалдым. «Егеменді еліміздің болашағы білімді, белсенді жастардың қолында» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі маған үлкен сенім берді. Сол жылы жаз айында Алматыдағы «Денсаулық» шипажайына колледждің атынан тегін жолдама алдым. Оқу орнынан жастарға зор мүмкіндіктер қарастырылған соң, ары қарай алға ұмтылуға құлшынысым оянды. 2019 жылы өткен Қазақстан Республикасының Президенттік сайлауында да ерікті ретінде жұмыс атқардым. Бір айда жаңа ортамен танысып, жақсы достар таптым. Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталғаным тағы бар. Осыдан кейін-ақ колледж директоры Жамиля Сарыбекованың ұсынысымен ақылы бөлімнен грантқа ауыстым. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Алдағы мақсатым – оқуды үздік аяқтап, жақындарымның сенімін ақтау.

Белсенді болу – қиын шаруа емес. Қоғамдағы мәселелерге өз көзқарасыңды қалыптастырып, ойыңды еркін білдіру – нағыз еріктіге тән қасиет. Күнделікті смартфонға жұмсайтын 2-3 сағатыңызды қайырымдылыққа жұмсасаңыз, бір айдан кейін мүлде басқа жанға айналасыз. Себебі біреудің ілгері жылжуына себепші болсаңыз, бұдан асқан бақыт жоқ екенін түсінесіз.

Әлемді әбігерге түсірген COVID-19 пандемиясының бірінші толқыны есімізде. Соның салдарынан қала тұрғындарының басым бөлігі уақытша жұмысқа шықпады. Халық жұдырықтай жұмылып, жомарт жандар игі іс жасады. Кәсіпкерлердің көмегі осы кезде білінді. Қиын кезеңде волонтерлер де өзінше көмектесті. Бір қуантатыны, белсенді жастар карантин кезінде де жақсылық жасауға асықты. Сақтық шараларын сақтай отырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және карантинге жабылған үйлерге ас-ауқат тасыды. Бұдан бөлек те бірқатар шаралардың басы-қасында жастар жүрді. Осы бағыттағы жұмыстар елімізде ерікті жастар барда тоқтамайды деп анық айтуға болады. Себебі Волонтерлер жылында қолды бос қойып отыру – жастарға сын.

Елімізде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жыл сайын Мемлекет басшысы өз Жолдауында жастар мәселесіне тоқталады. Өйткені жастар – мемлекеттің үлкен қозғаушы күші. Елдің ертеңі де – солар.

Ата-бабамыз бізге ұланғайыр атырапты мирас етіп қалдырды. Тәуелсіз мемлекетті құрып берді. Өскелең ұрпаққа зор сенім артты. Біз сол сенімді ақтай білуге, олардың бізге қалдырған ұлы мұрасын жалғастыруға тиіспіз.

Белсенді болу – өзіңнен

Жұлдыз Сәкен,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Психология» мамандығының студенті:

– Студенттік шақ жастың қуаты тасып, шаршау мен уайымды білмей, жаңаны үйренумен, білімге талпынумен өтеді екен. Емтихан алдында жоғары баға алу – біз үшін ұйықтамай өтетін түндер, емтихан тапсыру – тірідей қазанда қуырылу, курстық жұмыс – жан беріп, жан алысу. Курстастарың – бір кемедегі достарың, ал диплом – тіршіліктің тірегі болып табылады. Осы аралықта өтетін қалтқысыз шақты белсенді студент болып өткізбеу бекер-ақ. Қазір Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 2-курс студентімін. Оқумен қатар волонтерлікті қатар алып жүрмін. Бұдан бөлек, би үйірмесіне де қатысамын. Саясаттан да мақұрым емеспін. Қазір «Jas Otan» ЖҚ бөлімше басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрмін.

Белсенді болуға оқу орнындағы жоғары курстың студенттері үгіттеді. Бірі алғаш келгенде бастан кешкен қызықты оқиғаларын баяндаса, енді бірі жеткен жетістіктерін айтып, «талпынсаң – жетесің» деп қанаттандырды. Қолдап, ақыл-кеңестерін айтып отырды. Осы орайда бізге алғаш бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтеген университеттің Жастар ісі жөніндегі комитеті дер едім. Оқу орнында сондай ұйым болмаса, біздің құр шырылымыздан не шығатынын кім білсін?!

Биыл елге тараған жұқпалы індеттің салдары барша тұрғындарға әсер етті десек болады. Әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттерге оңай болмады. Қашықтан оқуға көшкенімізбен, кейбір шалғай аудандарда кең жолақты интернет желісі қосылмады. Білім сапасының төмендеп бара жатқаны да белгілі. Алдағы уақытта дәстүрлі оқуға көшеміз деген пайым да жоқ емес. Бірақ карантин кезінде қашықтықты сақтау керек. Бұған індеттің бірінші толқынында көзіміз жетті. Айта кетсек, сол қиын кезеңде жастар қауіптен қорықпай игі істерге атсалысты. Тіпті науқас жандармен бетпе-бет жолыққан құрдастарымыз да болды. Сонда ең кіші волонтерлер 15 жастағы мектеп оқушылары еді. Осы жағдайдың барлығын көзбен көріп, басы-қасында болған соң, Студенттер күнін тойлау ойымызға кіріп-шықпаған. Әсіресе, Бас санитар дәрігердің «індеттің екінші толқыны басталып кетуі мүмкін» деген пайымы жүрегімізді шайлықтырып жіберді.

Осы орайда мен барша студенттерді төл мерекемен құттықтағанды жөн көріп отырмын. Алдағы уақытта жұдырықша жұмылып, игі істерге белсене араласайық дегім келеді.

Дайындаған Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.