Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арманы – Олимпиада шыңын бағындыру

0 217

Спортта шектеу жоқ. Ол талай жанның арманына қанат бітіріп, өмірге деген құштарлығын арттырды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар спорт арқылы өмірінің жаңа беттерін парақтап, болашаққа нық қадам басуда. Солардың бірі – ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, әлемдік додаларда жасындай жарқырап жүрген пауэрлифтинг спортының шебері Ерболат Кәрібай. Ол – ағымдағы жылдың 18-28 ақпан аралығында Ұлыбританияның Манчестер қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында пара пауэрлифтингтен өткен Әлем кубогының күміс жүлдегері. Бабы келіскен жас өрен осы жетістігіне небары екі жылдың ішінде қол жеткізіп отыр. Осы орайда біз де ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген жамбылдық спортшының жаттығу залына барып, сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

м

– Спорт шебері атану үшін алдыңа мақсат қойып, кемінде 5-6 жыл жаттығудан қол үзбей айналысу керек деген ой келеді. Бірақ жетістігіңізге қарап, бұл пікірді жоққа шығаруға болады. Жалпы үлкен спортқа қалай келдіңіз, спорт шеберінің жолы қаншалықты ауыр?
– Бала кезімнен спортқа қызығушылық танытатынмын. Бірақ бойымның аласа болғанына байланысты бұл ойымды ешқашан жүзеге асыра алмаспын деген ой мазалайтын. Уақыттың өтуімен пауэрлифтингтен алғашқы жаттырықтырушым, қазіргі «Жамбыл облыстық жауынгерлік самбо және жауынгерлік өнерінің федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сергей Самарцевтің арқасында спортпен айналыса бастадым. Мұнымен қоса алғашқыда самбо спортымен де айналысқанмын. Кейін Руслан Греевтің қол астында жаттығуды бастадым. Білікті бапкер, өз ісінің маманы болған соң, қабілетімді бірден байқап, үлкен жарыстарға даярлай бастады. Ең бірінші жарысым – мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ел біріншілігі болатын. Онда топ жарып, пауэрлифтингтен жастар арасында әлемдік додада бақ сынауға мүмкіндік алдым. Бұл жетістігімнің барлығы тегін емес екенін түсініп, Нұр-Сұлтан қаласының ЕХPO конгресс-орталығында пара пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында жастар арасында қола жүлдеге қол жеткіздім. Соңғы жарысым – Манчестер қаласында өткен әлем чемпионаты болатын. Ондағы басты мақсат жарысқа қатысу емес, жүлдегер атану болған соң, сол мақсатымды орындадым. Міне, осының барлығы үлкен спортқа алып келген бір ғана адамның еңбегінің нәтижесі деп қарауға болмайды. Бір қарағанда, екі жылдың ішінде байрақты бәсекелерде топ жару оңай дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ жеңіске жету үшін сол жолда сарпыған еңбегің мен төккен терің ақталса жақсы. Мұнымен жаттықтырушым Руслан Греев жақсы таныс.
– Әрине, жеңістің оңай келмейтіні белгілі. Десе де, жетістікке жету жолында талмай еңбектенгендердің үміті ақталатыны рас. Бүгінде жаттығуға көп уақыт бөле бастаған боларсыз?
– Байрақты бәсеке, жеңіс немесе жеңіліс. Бір ғана мақсат – жеңімпаз атану, ел мерейін үстем ету. Спортшылардың барлығы мұны жақсы біледі. Сол үшін де сын-сағатта бар күшін салып бағады. Себебі мұның артындағы үлкен еңбектің еш кеткенін ешкім қаламайды. Бір сөзбен айтқанда, жарыс нәтижесі сенің жаттығуға қаншалықты көңіл бөлгеніңді көрсетеді. Сол үшін де жаттықтырушым белгілеген уақыт бойынша жаттығу залына аптасына үш рет қатынап, нұсқауын бұлжытпай орындауға тырысып бағамын. Осы орайда спорт клубындағы өрендерден үлкен үміт күтетін жаттықтырушымыздың жеке спорт залында шынығатынымызды да атап өткен жөн. Себебі өз ісінің шебері Руслан Греев – пауэрлифтингтен төрт дүркін әлем чемпионы. Сондықтан да мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді.
– Паралимпиада ойындарында жетістікке жету жолында спортшыларға жақсы жағдай жасалғаны дұрыс. Қазіргі таңда спортшыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олардың әлем біріншіліктерінде топ жаруына тиісті жағдай жасалған ба?
– Қазіргі жетістігімнің барлығы жаттықтырушылардың арқасы екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда дене мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубының жастарға көрсеткен көмегін атап өтпеске болмайды. Себебі әр спортшының жетістігін жіті бақылап, оларды жалақымен қамтамасыз ету үшін аянып қалған емес. Спортпен айналысып қана қоймай, үйреншікті жаттығу залына барғымыз келіп тұратыны да содан болар. Сонда жаттығатын аға-әпкелерімнің ішінде дәл қазір әлем чемпионатында үздік нәтижемен көзге түсіп жүргендер жоқ. Дегенмен ел біріншіліктерінде тәуір нәтиже көрсеткен Асхат Жұманов, Дәурен Мадижан, Ақылбек Хамидуллаев сынды ағаларымды атап өтпеске болмайды. Бүгінде спортшылардың алдағы арманы – үлкен жарыстардың жүлдегері атану. Спортшылардың бойында жеңіске деген сенімнің басым болуы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі болса керек.
– Пауэрлифтинг спорты бойынша екі бірдей әлем чемпионатының жүлдегері атандыңыз. Қазіргі таңда басты қарсыластардың қатарында кімдер тұр?
– Қазіргі таңдағы нәтижем бойынша пауэрлифтингтен жастар арасында үздік үштікте тұрмын. Бірақ бұл көрсеткішті ересектермен салыстырсам, 25-орында екенмін. Ал ересектер арасында мені шаң қаптыратын спортшылар елімізде де бар. Олар шамамен 130 келілік зілтемірді еңсеріп жүр. Ал менің қазіргі жетістігім 105 келі болып тұр. Бұл маған өкініш тудырмайды, себебі қазіргі қарқыным жаман емес. Сондықтан да алдағы уақытта жоғары нәтиже көрсететініме бек сенімдімін. Пауэрлифтинг спортынан Олимпиада ойындарына спортшылар 20 жастан бастап қатысуға болатынын ескерсек, Токиода өтетін Паралимпиада ойындарына бара алмаймын. Ендігі кезекте 2024 жылы Париж қаласында өтетін Олимпиадаға дейін рейтингтегі көрсеткішімді жақсартып, сол жарыста топ жарсам деген арманым бар. Ол үшін маған 160-170 келілік зілтемірді оңай бағындыру керек. Алдағы уақытта сол нәтижеге қол жеткізу үшін барымды саламын.

– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.