Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ардагерлердің аялы алақаны

0 271

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың рухани астанасы Түркістанда өткізілген Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды мәселе екеніне тоқтала келіп, балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баса назар аудару керектігін атап өткен болатын. Әрине, балалар – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Ал бала тәрбиесі – баршамыздың ортақ мүддеміз.

Осы бағытта Жамбыл облысы бойынша коммерциялық емес заңды тұлғалар бірлестігі Ассоциациясының басшысы Айнұр Зәуірбекованың ұйымдастыруымен және Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Рауан» балалар сауықтыру лагерінде «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік акция өз дәрежесінде аталып өтті.
Акция барысында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр балалардың дамуына қолдау көрсету, эстетикалық талғамдарын дамыту, жаңа есімдер мен таланттарды анықтау, спортқа, өнерге деген құштарлықтарын арттыру, шеберліктерін шыңдау арқылы шығармашылық деңгейінің өсуіне ықпал жасау назарға алынды.
Лагерьдің іші кіреберістен бастап өткізілетін іс-шараға сай безендірілген. Арнайы ат басын тіреген 25 белсенді ардагерді лагерьде демалушы балдырғандар сапқа тұрып, салтанатпен қарсы алды. Осындай ұлағатты шараның ашылуында әуелі ардагер Сауранбек Жамалбеков балаларға арнап ақ батасын берді.
Бұдан кейін белгіленген жоспарға сәйкес, Тараз қала-сының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің лагерьде демалып жатқан тәрбиеленушілері мен ардагерлер арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту сынды спорт сайыстары жалғасын тапты. Сондай-ақ балалар арасында асфальтқа «Отаным – бақыт мекені» тақырыбына сурет салудан және қолөнерден жарыс өтті. Бір айта кетерлігі, осы сайыстар барысында спортқа, өнерге деген құштарлығы басым талантты балалардың молдығы көңілге қуаныш ұялатты.
Мерекелік жиында алғашқы болып сөз алған Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова аға ұрпақтың тәрбиесі мен даналығы жас ұрпақ үшін үлкен өмір мектебі екенін айта келіп, лагерь басшылығымен бірлесіп жүргізілген бүгінгі іс-шараның сәтті әрі қызықты өткенін айрықша атап өтті. Спорттың 5 түрінен өткен сайысты және асфальтқа сурет салу, қолөнер жарысын қорытындылай келе Күләш Әмедияқызы жеңімпаз командаға ауыспалы кубок пен диплом табыстап, жүлде-герлерге бағалы сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының осы лагерьде демалып жатқан 59 тәрбиеленушінің барлығына сый-сияпат жасалынды.
Сонымен қатар қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков, кеңес жанындағы Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова еліміздің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болуы үшін бүгінгі жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі әрі жаңашыл тұлға ретінде қалыптасуы маңызды екеніне тоқталып, балалардың жазғы демалыстарын осындай керемет лагерьде өткізіп жатқанына қуанышты екендіктерін жеткізді. Ал «Рауан» балалар сауықтыру лагерінің директоры Рахат Нұрпайызов пен Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова ардагерлердің жас ұрпаққа тәрбие беруде үлкен жұмыстар атқарып жүргенін, бүгінгі өткен мерекелік іс-шара соның жарқын көрінісі екенін айта келе, балаларға жасаған жақсылықтарының алдарынан шығуына, әрқашанда дендерінің сау-саламат бола берулеріне тілек білдірді.
Акция одан әрі мерекелік концертке ұласты. Ардагерлердің «Әулиеата әуендері» ансамблі бүлдіршіндермен бірлесіп өткізген ән-күй, билері ерекше салтанатқа ие болды. Әсіресе 8 жастағы Вованың таза қазақ тілінде бата беруі қатысушыларды бейжай қалдырмай, таң-тамаша ықыласпен құрмет көрсетілді. Мерекелік концерттің соңы ардагерлер мен барша демалушы балдырғандардың бірлесе шырқаған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Сөйтіп, ардагерлер бастамасымен атқарылып отырған іс-шаралардың бірі өз мәресіне жетті. Айта кетуіміз керек, өткен жылы да осындай мерекелік акция «Болашақ» балалар сауықтыру лагерінде де аталып өткен болатын. Тәлімдік-тәрбиелік мәні зор осындай жағымды жаңалықтар жалғасын таба берері сөзсіз.
Сонымен қатар ардагерлер көтеріңкі көңіл-күймен жүрер алдында лагерьге баратын жолдың сапасыз әрі ойлы-қырлы екеніне де көңіл бөліп, елдің болашағы балалар үшін алдағы уақытта жолдың жөнделуіне әкімдік, тиісті мекеме басшылары тарапынан назар аударылады деген оң көзқараспен аттанды.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.