Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Арай» алқабына автобус қатынайды

0 464

Қала маңындағы алқаптар үшін қоғамдық көлік, жол, жарық, жылу, су мәселесі күрмеулі тақырыпқа айналғаны белгілі.

Толғанай АТАБАЙ

Жыл басындағы қала әкімінің есеп беру жиынына келген тұрғындардың да дені жоғарыда аталған мәселелерді өтінішіне арқау еткен еді. Осындай өтінішпен қайырылғандардың бірі – «Арай» алқабының тұрғындары. Аумақтағы жол, қоғамдық көлік жайын шаһар басшылығына жеткізген тұрғындар тілегі ескеріліп, алқапта жаңа жыл басынан Домалақ ана, Шота Руставели, Бәйдібек би көшелеріне асфальт төселді. Нәтижесінде енді бұл аумаққа қоғамдық көлік қатынайды. Ал бұған дейін тұрғындар Айша бибі көшесінен түсіп, аялдамадан үйіне дейін 5-6 шақырым жаяу жүретін. Қала басшылығының айтуынша, жыл соңына дейін аталмыш алқапты толық тақтайдай тегіс жолмен қамту жоспарлануда.

– №23 бағыттағы қоғамдық көлікті наурыз айынан бастап алқапқа енгіздік. Қазір бұл бағытта 10 көлік әр 15 минут сайын қатынайды. Толық жол төселінсе, автобус бағытын ұзартуға болады. Әзірге аялдамалар жоқ. Оның үстіне көшелер тар. Және қысқа тұйықтау көшелерінде жол белгілері дұрыс орнатылмаған. Ал әр бұрылыс сайын аялдай беру автобустарға қиындық туғызады, – дейді «Әулиеата Транс-Пасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов.

«Арай» алқабының өзге де көшелеріне қазіргі уақытта асфальт төселуде. Ал алқап тұрғындары болса, талай жылғы шағымдарының оң шешімін тапқанына дән риза.

– Үш айдан бері қоғамдық көлікке қолымыз жетіп қуанып отырмыз. Бұрын өзге жерге тұрмақ аялдамаға дейін сабылып ұзақ жүретін едік. Қоғамдық көлік қазір тура үйіміздің маңына дейін тасымалдайды. Халық жайын елеп-ескерген қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді алқап тұрғыны Рая Жақыпбекова.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.