Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тозған жолдар тегістелуде

0 34

Бүгінгі таңда аймақтағы жолдардың жағдайы күрт нашарлап кеткені белгілі. Соның ішінде облыс орталығындағы қала көшелерінің жолдары да сын көтермейтіндей жағдайға жетті. Әрине, бәрі емес.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Көбіне шаһардың шеткі аймақтарында орналасқан көшелерді шұқанақ басып кеткен. «Ауыл-Береке» базарына апарар жол талай жыл болды жөндеу көрмей келе жатқанына. Ол көшемен адам түгіл көліктің жүруінің өзі қиямет-қайым. Өткенде автобусқа жұмыс тобымен отырып, қала жолдарын аралап шыққан Қайрат Досаев та жолаушылардың наразылығын тудырып отырған осы жолға назар аударған-ды. Сөйтіп, әбден тозығы жеткен жолды Малогвардейская көшесінде жылу құбырын ауыстырып жатқан мердігерлік ұйым «Құрылыс ТЭД» ЖШС-нің басшысына базарға баратын жолды тегістеп беруді табыстаған болатын. Ондағы жылу жүйесі ауыстырылғаннан кейін базарға апарар жолға биыл асфальт төселеді деген үміттеміз. Сондай-ақ Сәтбаев көшесіндегі жолдың да бүгінгі жайы алаңдатарлықтай.

Сондай-ақ жолдардың бүлінуіне монополист компаниялардың да тигізіп отырған әсері жоқ емес. Өйткені олар көбінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жасай бермейді. Кейде кеше ғана жөндеу көрген көше бойын тіліп, жолдың қалаған тұсын кесіп өтіп, жол жабындысын қолдан бұзып жатады. Мәселен, өткен жылы қаланың бірқатар көшелеріндегі газ құбыры мен электр желілері жер астымен жүргізілді. Осының салдарынан Байжанов, Казаков, «Тайвань» мен «Химпоселок» шағын аудандарында асфальт жиектері мүжіліп, жол қиылыстары бүлінді. Ол көшелер әлі күнге қалпына келтірілген жоқ. Ал биыл мөлтек аудандардағы көше жарығының бағандары ауыстырылып, электр желісі жер астымен жүргізілген тұста тағы да біраз жол бүлінген болатын. Көктем мезгіліне тұспа-тұс келген осы жұмыс кезінде қазылған орлар суға толып, жол қозғалысына біраз қиындық келтіргені де есімізде. Қазіргі таңда электр желісі тартылған көше қиылыстарындағы шұқанақтарға асфальт төселіп, жол қозғалысы қалпына келтірілді.

Жалпы монополист компаниялар жұмысын бітірген соң шұқанақтың орнын топырақпен көміп кете беретін дәстүр қалыптасқан. Жолды бүлдіргенімен қоймай, оны қайта қалпына келтіру ойларына да кіріп шықпайды-ау. Айтар уәжі біреу ғана: бұл мақсатқа қаржы қаралмаған. Ал жуырда облыстық әкімдікте құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті штаб отырысында полиция қызметкерлері жол мәселесін қайта-қайта көтерген-ді. Сонда жиын төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жолдарды қайта-қайта жөндемес үшін алдымен газ бен көше жарықтарының электр желілерін жер астымен тартып алып бір-ақ жөндеуді көздеп отырғандығын мәлімдеген.

Сонымен бірге қаланың жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Осының аясында бірқатар көшелердегі жол қозғалысына шектеу қойылып, жолдың орта тұсы қазылуда. Бүгінгі таңда Төңкеріс, Телеорталық, Гамалей, Сәтбаев, Асқаров, Қойбақов, Сүлейменов, Ниетқалиев көшесінен 4 үй, Қойгелді көшесінен 3 үй – барлығы 129 көпқабатты тұрғын үй ыстық судан ажыратылып отыр.

Екінші магистраль бойынша Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев көшелеріндегі және Жамбыл даңғылы, төртінші магистральда Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Д.Қонаев көшелеріндегі шаһар тұрғындары ыстық судан ажыратылып отыр. «Тараз энерго орталық» акционерлік қоғамы шаһар тұрғындарының 0,8 пайызы ыстық судан ажыратылғанын айтуда. Ал Рамазан айына байланысты 714 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылған. Дегенмен алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақтарда ыстық судың өшірілетінін жеткізді. Сондай-ақ тапсырыс беруші серіктестіктің өкілдері қала ішіндегі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарының 1 сәуірден басталып кеткенін, қазіргі таңда мердігерлердің кестеге сәйкес жұмыс жасап жатқандығын мәлімдеді. Мердігерлер құрылыс жұмыстарын 31 тамызда аяқтауды жоспарлауда. Бұл жұмыстарды атқару үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тиісті қаражат бөлініп, оған 9,3 шақырым жылу желілерін ауыстыру межеленіпті. Бірінші кезекте бұл тұтынушыларды қысқы кезеңде сапалы жылумен қамтамасыз ететін болады.

Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, ендігі жерде қала әкімшілігі көше жолдарын реттеуге пәрмен бермек. Бүгінгі таңда қала көшелерінің жолдарының техникалық жағдайы анықталып отыр. Шаһарда коммуналдық меншікте тіркелген ұзындығы 996 шақырымды құрайтын 576 көше бар болса, жолдардың техникалық түгендеуінен кейін жалпы ұзындығы 1531,09 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталып, қалалық «Жол» бағдарламасы бойынша жолдар жөндеу кезегіне қойылыпты.
Биылғы жылы шаһардың 75 шақырымды құрайтын 148 көшесінің орташа жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұл жұмысты атқаруға 1,5 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, мөлтек аудандардың шұғыл түрде жөндеуді қажет ететін кіреберістерінің жолдары ретке келтіріледі. Биылғы жылы көше жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, жалпы 22 000 шаршы метр жол жөндеу жоспарлануда. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігерлермен келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда мердігер мекемелердің тарапынан қала көшелерін, оның ішінде ықшам аудандарға кіреберіс жолдарын ағымды жөндеу жұмыстарын бастап кетіпті.

Нақтылы кезеңде 8600 м2 жоспарланған 86 көшеден 36 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар қала бойынша көшелердің жол жабындысының ағымдағы техникалық жағдайын анықтау мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде ықшам аудандардың жолдары бар. Қорытындысы бойынша жалпықалалық «Жол» бағдарламасы қабылданып, жолдарды жөндеу кезегі анықталатын болады. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар (мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау) нысандар орналасқан және қоғамдық көлік өтетін көшелер тәртіпке келтірілмек. Бюджеттік қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты қажетті жұмыстарды алдағы 3-5 жыл көлемінде атқару белгіленген.

Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары бұл бағдарлама шеңберінде әлеуметтік маңызы бар нысандарға барар жолдарға қосымша сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.