Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қант қызылшасы қар астында қалмайды

0 250

Жамбыл облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тәтті түбірді жинау барысымен танысу үшін Байзақ ауданына ат басын бұрып, диқандардың мәселесіне құлақ түрді.

Ербол Шырақпайұлы әуелі «Зулуфов», «Чаушев», «Ветеран», «Адлер» шаруа қожалықтарына барып, жұмыс қарқынын бақылауға алды. Мемлекеттік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын айта келе, өзекті мәселелердің оң шешілуіне күш салынатынын жеткізді.
Өз кезегінде байзақтық шаруа Таласбек Шертаев жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қант қызылшасын жинайтын комбайн алғанын, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жинау жұмыстарына үлкен көмегін тигізіп отырғанын айтты.
Жалпы Байзақ ауданында 67 шаруа 3 мың гектар жерге қант қызылшасын еккен. Оның 0,7 мың гектары жиналып, 52,9 мың тонна өнім алынған. Бүгінде 50,6 мың тонна тәтті түбір қант зауыттарына жөнелтілді.
Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша биыл 11,2 мың гектарға қант қызылшасы егілді. 600 мың тоннадан астам өнім алу көзделген (орташа өнімділік – 570 ц/га). Қазіргі таңда 3,2 мың гектар жиналып, 229,3 мың тонна өнім алынды (орташа өнімділік – 711,4 ц/га).
Меркі қант зауытының мәліметінше, өндіріс орны биыл 450 мың тонна шикізат қабылдайды екен. Қалған 100-150 мың тоннаға жуық өнім Ақсу қант зауытында өңделмек. Бүгінгі таңда облыс фермерлері Ақсу қант зауытына қызылша өткізуді бастап кеткен. Қазіргі уақытта жамбылдық шаруалар көршілес облыстың қант зауытына 18,1 мың тоннаға жуық өнім жөнелткен.
Бұдан бөлек, Меркі қант зауытына Үкімет және жергілікті билік тарапынан тиісті көмектер көрсетілуде. Кәсіпорынмен келісілген кестеге сәйкес, қабылдау жұмыстары 10 қыркүйек күні басталып, бүгінгі күнге дейін 179,4 мың тонна балтамыр өткізілген. Тәуліктік қабылдау қуаттылығы қазан айының 10-ынан бастап 4,5 мың тоннадан 5,9-6 мың тоннаға дейін ұлғайтылғанын да атап өткен жөн.
Сонымен қатар зауыттың айналым қаражатын толықтыруға Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала-2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілуде.
Айта кетер жайт, шикізат тасымалдау шығындары берілетін субсидияның нормативін 25 теңгеден 45 теңгеге көтеру есебінен өтелмек. Осылайша Меркі қант зауытына өткізілген өнімнің 6,8 мың тоннасы жергілікті бюджет есебінен (172 млн теңге) субсидияланды. Ал жалпы 600 мың тоннаға жуық өнімді субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 16 млрд теңге қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.