Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қызылабад» жасыл желекпен көмкеріледі

0 219

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы Тараз қаласында өз жалғасын табуда. Айталық, науқан аясында ұйымдастырылған сенбілікке шаһардағы барлық ұйым-мекеме қызметкерлері белсене атсалысып, санитарлық жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде, «Қызылабад» алқабында 200 тал көшеті егілді. Жалпы аталған алқапта 5 500 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Өңірлердің дамуына серпін берген «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде жүйелі жүзеге асырылуда. Бұған Президент те биылғы Жолдауында арнайы тоқталған болатын.
– «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы акцияның уақытша науқан емес, жыл бойы жалғасуға тиіс ауқымды жоба екенін баса айтқан еді.
Ал ағымдағы жылдың 10 сәуірінде бастау алған акция шеңберінде Тараз қаласы бойынша 10 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, талдарды балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру және күл-қоқыстарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы бүгінгі күнге дейін 170-тен аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 20 мыңға жуық адам қатысқан.

Айнура Сейділдаева

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.