Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қамқор ана, білікті қызметкер

0 560

Қазақстан әлем елдерінің алдында тәуелсіз ел екенін жариялаған күннен кейінгі отыз жыл да өте шығыпты. Осы уақыт аралығында еліміздің әр аймағындағы әйелдер қауымы кез келген салада ерлермен тең дәрежеде еңбек етуге қауқарлы екенін көрсетті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Біздің кейіпкеріміз 40 жылдан бері есепші қызметін абыроймен атқарып жүрген Алтыншаш Үдербаева да болмысы бөлек аналардың қатарында. Бұлай деуіміздің де себебі бар. Ол Жамбыл облыстық әділет департаменті қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы. Мамандығына адалдығын былай қойғанда, бұралаң қилы тағдырдың соқтықпалы-соқпақты жолына қарамастан, үдере алға басқан ана тағдыры кім-кімді болса да таңғалдырмай қоймайды. Бүгінде 60 жасқа аяқ басқан Алтыншаштың өмір жолындағы сүреңсіз сәттеріне қарап «анасының тағдырын қайталады» деп кесіп айтуға да, «жай ғана сәйкестік» деп қоя салуға да келмейді.

Алтыншаш Бағдатқызы 1961 жылы Луговое (Т.Рысқұлов) ауданы, Ақыртөбе бекетінде шаруа отбасында дүниеге келген. Жамбыл өңірі қашанда малға құт, егінге бай өлке болғандықтан, нарықтық заман келмей тұрған шақта жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі егінді игеруге араласқан. Халықты тегіс еңбекке салатын үкіметтің саясаты тағы бар. Әкесі дүниеден өткенде Алтыншаш небәрі он бір жаста еді. Өзі «апа» деп атап кеткен үлкен ағасының жары Айымпатша Үркімбаеваның қолында жетілген екен. Айымпатшаның жолдасы соғыста қаза тауыпты. Болмысынан еңбекқор әйел жұмысқа ширақ әрі епті болған. Бір жұмысты тындырмай, екінші тірлігіне кіріспейтін өжеттігі мен бірді екіге қосып іс бастап кете беретін пысықтығы да болған. Мұнымен қоса, ауылдағы ферманы бір өзі басқарған.

– «Ана – ана емес, жетілдірген – ана» деуші еді. Расында да, менің мінезіме, алғырлығыма қарап туыстарым апама ұқсататын. Кейін ойлап қарасам, мұның да қайыры болды-ау деймін. Туған анамның қолында өскенімде, анам секілді қойдан жуас болып жетілсем қалай болатын еді?! – деген Алтыншаш Бағдатқызы апасының айтқан ақылы ғұмырына жетерлік азық болғанын мақтанышпен еске алады.

Сол Алғабас совхозында атқа мініп, отынға барып, шөп шауып, қой-қозы бағып өскен Алтыншаш ауыл тіршілігіне әбден бейімделіп кеткен еді. Бірақ үлгерімі жақсы әрі есепке жүйрік болған соң, білім алып, әке жолын жалғап есепші болсам деген арманы маза бермейтін. Онжылдық мектепті бітірген соң, қалаға бағыт бұрып, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түсуге талпынып көреді. Бірақ оқуға түсе алмай, Ақыртөбедегі (СПТУ) біржылдық училищеде «тракторшы» мамандығын игеріп, сол саланы бір кісідей меңгеріп шығады. Екінші жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына қайта тапсырады. Бірақ ол қадамы да сәтсіз болды. Сосын Жамбыл есеп-статистика техникумына оқуға түседі. Ол техникумды 1981 жылы тәмамдайды. Ал жолдасы Қайырбекпен 1983 жылы танысқан.

– Студенттік шақ еді. Қайырбек технологиялық институтта оқитын. Мен сол институттың жатақханасына ара-тұра баратынмын. Онда құрбыларым мен жиен туыстарым тұратын. Құрбым 209-шы бөлмеде болса, Қайырбектер 205-те еді. Бір күні сол бөлмеге кірген бойда өздігінен «менің болашақ әйелім келді» деп қалды. Ол кезде араға жыл салып отбасын құратынымызды кім білген?! Жұмысқа орналасқан бойда үй кезегіне тіркелгенім бар. Екінші балам дүниеге келгенде баспана берілді, – дейді ол.

Ақырында бағытынан таймай, тек 1993 жылы өзі қалаған Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтын сырттай оқып бітірген.

Алтыншаш Бағдатқызы 1981 жылы техникумды тәмамдаған соң, Әділет департаментіне кассир болып жұмысқа орналасады. Ал жолдасы облыстық сотта аудармашы, кейін сот орындаушысы болып жұмыс істеген. Екі жас отбасылық өмірінде үш бала сүйіп, енді соның қызығын көретін күнге жетсек деген оймен уақытын өткізіп жүрген. Бірақ 2002 жылы Қайырбек қатты сырқаттанып, өмірден өтеді. Бұл жағдай жас отбасының қабырғасын қайыстырды. Жас кезінде анасы мен апасының тағдырын көрген Алтыншаш тағдырға қарсы тұра алмайтынын іштей сезді. Жолдасының отбасындағы міндетін қатар алып жүруге тиісті екенін түйсінді.

Ер адамның орны қашанда бөлек қой. Бірақ Алтыншаш тағдырдың жазғанына налымай, бойын тіктеп, ешкімнен қымсынбады. Күндіз департаментте, ал түнде еден жуушы болып, екі жұмысты қатар алып жүрді. Неге десеңіз, 2000-шы жылдар – еліміздің тұрақталып келе жатқан тұс еді. Жұмыс та екінің біріне бұйыра бермейтін. Қиын-қыстау кезеңдерде толық отбасылардың өзі шалқып өмір сүре алмайтын. Иә, өткен өтті. Батыр ананың еңбек жолына қарасақ, Әділет департаментінде сонау 1981 жылы кассирден бастап, есепші, бас есепшінің орынбасары, бас есепші, экономист, бас маман болған. Ол – ол ма, бүгінде батыр ананың үш баласы да жоғары оқу орнында білім алып, табысты еңбек етіп жүр. Үлкен қызы Индира дерматолог болса, ұлы Жексен «заңгер» мамандығын бітіргенімен, қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал еңбекқор ананың кенже қызы Гүлмира анасының ізін жалғап, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында есепші болып жұмыс істейді екен. Ұл-қыздары отбасылы. Қамқор әже жеті немере сүйіп отыр.

Есепші болуды бала кезден армандаған Алтыншаш мектепте математикаға жүйрік болған. Тіпті сол жас кезінде ауылда есепшотты парақтау үшін есепші болып жұмыс істейтін жездесінің үйіне жиі баруды әдетке айналдырып алған. Кейінірек сол арманның жетегімен қалаған жұмысына орналасқан Алтыншаш бәрі бала кездегідей оңай болмайтынын шындап түсінеді. Жұмысындағы алғашқы жылдар қиындықсыз өтпеді. Жұмыс қызу, жаңа технология деген атымен жоқ. Есеп-қисаптың барлығы жазбаша түрде тапсырылады. Жылына төрт рет елордаға барып, жалпы жұмыстың есебін өткізу деген бар. Дамылсыз тірлік, ұйқысыз түндер кім-кімді болса да сарсаңға түсіретіні рас.

– Жұмыс компьютердің мүмкіндігі кеңінен ашылмай тұрған тұста өте қауырт еді. Кейде сандар көз алдыңда көлбеңдеп, сүгірет секілді өте шығатын. Мұндай шақта қағазға бас салып тесіле үңілетінбіз. Оның үстіне бұрын департаментке сот, нотариус, АХАЖ, тағы бірнеше мекеменің жұмысы қараған. Есепшінің құзырында мекеменің барлық қаржысы, жөндеу жұмыстары, коммуналдық қызмет, мемлекеттік сатып алу, жалақы мәселесінен бөлек те жұмыстар баршылық еді. Жасыратыны жоқ, бүгінде жұмыс біраз жеңілдеді. Компьютерге салсаң бітті, қажетті сандар қатесіз шыға келеді. Дегенмен технологиялар дамымай тұрған тұстар бізді шыңдады, еңбекке баулыды, жетілдірді, – дейді ол.

Ұзақ жылдар бойы Әділет департаментінде есепші болып жұмыс істеген Алтыншаш Бағдатқызы еңбек жолында жастарға әркез қолдау көрсетіп, жұмыстың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Мысалы, Ғалия Ибраимова, Жақсыгүл Момбекова, Ханзада Мырзақұлова, Бағдат Рамазанова, Айсұлу Көлбаева, Жамбыл Ахметов, Ғазиз, Қуаныш, Райхан Әшірбаева, Айгүл Мамешова, Замира Ембаева, Гүлшат Жапарбекова, Данияр Имантаев, Гузаль Юсупова, Динара Кучербаевалар сынды талапты жастар бүгінде облыстың бірқатар мекемелерінде бас есепші болса, екі шәкірті Әділет министрлігінде есепші екен. Алтыншаш Бағдатқызы сол шәкірттерінің қай-қайсысы да саланың тісқаққан мамандары екенін айтып, әлі де бағындырар белесі жоғары деп бағалап отыр. Сала маманы: «Замандастарым жастарды жалқау деп жатады, бірақ еңбек жолымда біздің бөлімге келген жалқау жасты көрмедім», – деп мақтанышпен айтты.

Еңбек жолында Алтыншаш Бағдатқызы ҚР Әділет министрлігінің Алғыс хатымен, «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және биыл ҚР Әділет министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Әрине, бұл 40 жыл департаментте абыройлы еңбек еткен жанға лайықты құрмет деп білеміз.

– Әділет департаментінде жұмыс істеп жүргеніме қырық жыл болыпты. Осы уақыт аралығында түрлі мамандармен жұмыс істедік. Талай игі жақсыларды көрдік. Көп нәрсені түйдік, тәжірибе жинадық, толыстық. Сол үшін де маған Әділет департаменті қашанда ыстық. Себебі менің белімді буып, арқамнан қаққан – осы жер, – дейді Алтыншаш.

Көп жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған өз ісінің білгір маманы, қамқор ана, сыйлы әже Алтыншаш Бағдатқызы енді бірер жылда құрметті зейнет жасына да жетеді. Ол Әділет департаментінің есеп-қисабын әрі қарай иіріп алып кете алатын шәкірттеріне сенім артады. Аға буын мен кейінгі буын арасындағы сабақтастықтың керемет үлгісі деген осы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.