Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақшаловтың азаматтығы

0 252

«Жомарт түлек» жобасы аясында Алматы қаласындағы «Сбербанк» АҚ филиалының басшысы Дәурен Ақшалов пен Phd докторы, жоғары санатты дәрігер Александр Обвинцев өздері білім алған мектептің акт залын әрлеуге 620 мың теңге қаржылай қолдау көрсеткен.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Дәурен Ақшалов өзі оқыған №40 мектеп-гимназиясына қаржылық қолдау көрсетуді әуелден ойлаған екен. Білім ордасының 2000 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жылдық кездесу кешін жоспарлауға келгенде акт залына жөндеу жұмыстары қажет екенін көрген. Содан Дәурен мектепке тарту жасау керек деген ойын сыныптасы Александр Обвинцевке айтады. Досының бұл бастамасын Александр да сөзге келместен қолдаған. Кейін акт залының әрлеу жұмыстарын мектеп басшылығымен келісіп, тиісті заттарды алып берген.

Мектеп ұжымы жиырма жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің білім ордасына келіп, қажетінше қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдіруде. Енді акт залының көркі бұрынғыдан да ашыла түсті. Мектепке көмек көрсеткен алғашқы түлектердің бірі де осы Дәурен мен Александр болып отыр.

Өңірде наурыз айының басында «Жомарт түлек – 2021» атты түлектер форумы өткен еді. Басты мақсат – түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елімізге белгілі азаматтардың табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтарды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге тарту. Бүгінде аталмыш жоба аясында jambyl-tulek.kz сайты іске қосылып, оған 80 мыңға жуық түлек тіркелген. Соңғы бес жылда жамбылдық түлектер туған ауылына, мектебіне жалпы көлемі 2 млрд теңгеге демеушілік еткен. Нәтиже жақсы. Енді игілігі мол шараға қолдау білдіретіндер артып, өңір түлектері жас буынға жомарттықтың, азаматтықтың үлгісін көрсете берсе дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.