Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алып анадан туады

0 1  547

Ана болу – тек дүниеге бала әкелу ғана емес, ол бала тауқыметін налымай көтеріп, балаға саналы тәрбие бере білу. Әр баланың анадан күтері көп. Ең бірінші сәби анадан мейірім, жылылық күтсе, есейе келе ана тарапынан қолдау, өмірде кездескен әр сұрағына жауап күтеді. Бала дегеніміз – болашақ. Ал әр ана өз баласын өсіре отырып, ұлттың да болашағын тәрбиелейді.

Арайлым Бақытжанқызы

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында журналист Мөлдір Анарбекова өңірде бұрын-соңды болмаған кездесу ұйымдастырды. Кездесуге Әулиеата жерінен шыққан спорт, өнер саңлақтарының аналары қатысып, шай үстінде бала тәрбиесіне қатысты өз ойларымен бөлісті.

Кең дастарқан басына үш дүркін «Қазақстан Барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаевтың анасы Ләззат Аяшова, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың анасы Гүлжан Таңатарова, «Базар жоқ» театрының әртістері Арман Жаналиев пен Аманғали Спабектің аналары Ұлбосын Жаналиева мен Ақжан апай, Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің анасы Тоқтаргүл Сметова мен Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың анасы Амина Сәттібаева, эстрада жұлдызы Ернар Айдардың анасы Күлімхан ана мен 16 баланы асырап, бауырына басқан Сапура Ержанова әжей болды.

– Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда семинар-тренингтер мен онлайн сабақтар көбейіп кетті. Декреттегі ана ретінде бос уақытымды тиімді пайдаланып, жас аналар мен қыз-келіншектерге айтар ойы мен тағылымы бар аналардың басын қосуды жөн деп санадым. Сөйтіп, еліміздің атын әлемдік аренада қорғап, көк туымызды асқақтатып жүрген спортшылардың, сахна саңлақтарын тәрбиелеген, өнерге деген махаббатты бала күнінен бойларына сіңірген ақ жаулықтылардың басын қосып, еркін форматта ашық сұхбат ұйымдастырдым.

Интернет арқылы хабарландыру беріп, «Ару аналармен кездесу» атты тақырыпта өткен кездесуге қала тұрғындары келуге өтініш білдірді. Қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген жақсы сөз бар. Сондай-ақ жетістікке жеткен әр тұлғаның артында ананың тұрғаны бәрімізге аян. Менің басты мақсатым – сіздер мен біздер тәрбиелеп отырған ұлт болашақтарының жарқын болашағы,– дейді Мөлдір Нұрланқызы.

Кездесуге аналар үйдегі келіндерімен келіп, дастарқан үстінде қыз-келіншектердің сұрақтарына жауап берді. Ал ҚР мәдениет қайраткері Оңал Азаматова қазақтың қара домбырасын қолына алып, әннен шашу шашты. Бала тәрбиелеуде аналар нені ескерулері керек? Балалар үйінен бала тәрбиелеп алудағы жауапкершілік, ене мен келіннің ілтипаты, қарым-қатынасы төңірегінде кеш барысында кеңінен айтылды.

– Мен дүниеге жеті нәресте алып келіп, балалар үйінен 16 баланы өз қамқорлығыма алдым. Әрине, басында қорқыныш басым болды. Мен оларды асырап алу арқылы олардың болашағына жауап беретіндігімді сезініп, ауыр болса да жауапкершілікті өз мойныма алдым. Бүгінде Аллаға шүкір, олар өз алдына үй болып, ұлын ұяға, қызын қиға қондырып, немере-шөбере сүйіп отырмын.

Біздер кез келген нәрсе тез әрі жылдам болса екен дейміз. Бірақ Алланың есебі мықты. Әр атқан таңға тәубе деу керек. Өмірдің сан түрлі қиындықтары мен сабақтарына төзе білу керек. Бүгінде жастар арасында ажырасу фактілерінің жиілеуі де олардың төзімсіздігінен. Сондай-ақ аналар қыздарына барған жерде өсіп-өніп, төркінге қайтпауын жиі ескертіп, айтып отырса ажырасу болмас па еді?!

Ұлттың болашағы біздердің өсіріп отырған жеткіншектердің қолында. Тәрбиенің талбесіктен басталатынын естен шығармай, кемел келешектің ертеңі болар азаматтарымызға ұлттық құндылықтарымызды бойына бала күнінен сіңіруді ұмытпайық, – дейді Сапура Ержанова.
Кездесу барысында аналар отбасылық құндылықтар туралы кеңінен айтып, сұрақтарға да жауап берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.