Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтын Орданың саяси және мәдени дамуы

0 5  331

Әрқандай бір халықтың басынан кешкен тағдырлары, тіршілік-тыныстарына сәйкес өмірге әкелген ескі мәдениет мұралары, тарихтың тұтас жүлгесінде қауымдасып қала салған, ортақтасып от жаққан көне жұрттардың орындары еш уақытта да өздігінен өшіп, ұрпақтардың ауысуы мен заманалардың өзгеруіне сай мүлдем жоғалып кетпейді. Керісінше кейінгі саналы ұрпақтар сабақтастығы арқылы ғасырдан ғасырға жалғаса береді.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері

Иә, кешегімізді айтпасақ, бүгінгіміз еске түспейді. Соған орай төл тарихымыздың кейбір тұстарын сөз етуімізге тура келеді. Сол себепті мен түркі тектес халықтардың кешегі өткенінен сыр шертетін тарихи деректер тұсынан қысқаша сөз қозғамақпын.

Қазақта сөз бар: «Өсер ел тарихын таспен, өшер ел жаспен жазады» деген. Рас, біздің халқымыз тарихын бір кездері «таспен де, көздің жасымен де» жазды. Әйтсе де, мен сөз етпек болып отырған әлқисам ата-бабаларымыздың өз тарихын «тасқа» жазған дәуірі. Тарихты «тасқа жазған дәуір» дейтініміз сонау көне түркілерден бастап қазақ хандығының салтанат құрған ғасырларды айтуға болады. Өйткені, қазақтың ішінен шыққан адуынды ақындар мен жыршылар: «мен түркінің баласы, тасқа жазған тағдырын» деп мақтанышпен жырға тектен тек қоспайды. Мысалы, Білге қаған, Күлтегін, Орхон-Енесай жазулары мен қазақ даласындағы талас жазуы,таңбалы тастар, т.б. тарихи ескерткіштер соның дәлелі бола алады. Расында да ұзақ уақыттардан бері түркі тектес халықтардың бірлікте тіршілік еткен ежелгі өңірлерінің бірі бұрынғы Дешті қыпшақ, қазіргі қазақтың ұлы даласы екені біздерге түсінікті. Ал Шығыс пен Батысты тұтастырған яғни, байланыстырған «алтын көпір» деп аталған «Жібек жолы» да ұлы даланың күре тамыры болғаны тарихтан мәлім. Сол «алтын көпір» арқылы Шығыс пен Батыстың арасындағы қалыптасқан ортақ мәдениет іздері күні бүгінге дейін біздерге жалғасып жеткенітарихтан белгілі. Сол замандарда салынған сауда жолдары, атап айтқанда «Ұлы жібек жолы» Алтай, Саян таулары аңғарын айналып, Орхон, Енесай жағалауларына, одан күнгейдегі Қарақұрым, Такламакан даласын басып шықса, екінші бағыты «Ашық аспан» елінің астанасы Ханбалықтан бастау алып Қашқар, Жетісу өңіріне, батыстағы Каспий теңізінен айналып, кавказ тауларынан әрі асып батыспен жалғасып жатқаны бұл күнге дейін анықталып отырған ғылыми деректерден аңғаруға болады.

Демек, тарихтағы атағы жер жарған «Жібек жолы» деп аталатын жолдың біздің даламызда қалыптасқаны белгілі болып отыр. Сол себепті «Жібек жолы» деген тарихи жолдың біздің түркілердің жолы екені анық. Әрі түркілер бұл «алтын көпірді» үнемі өз бақылауында ұстап, үстемдік етуі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырды. Өйткені осы сауда жолы түркілер құрған бірлестіктің экономикалық, саяси-мәдени дамуына үлкен әсер етті. Ал, біздің тарихи мәдениетіміз бен өшпес мұраларымыз осынау күре жолдың бойында дүниеге келіп, осынау күре жол арқылы бүкіл дүниеге танылған.

Әрине, біз арғы тегіміз түркілердің мұқым тарихын бір шағын мақалаға сыйдыра алмасымыз анық, десекте, сол түркілердің жұрнағы бір кездері «қыпшақ ұлысы» деп аталған ортағасырлық Алтын Орда мемлекетінің тұсындағы сауда жолдарының жағдайы, сол дәуірдегі империялар мен халықтардың мәдени және діни байланыстар төңірегіндегі саяси қарым-қатынастарына көз жүгіртіп өтуді жөн көрдім.

Расында да Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте «қыпшақ ұлысы» деп аталды. Оның себебі бұл территорияны мекендеген халықтардың басым көпшілігі қыпшақтар еді. ХІІІ ғасырда түркілердің этникалық бірлестіктерінің қалыптасуы, қыпшақ ұлысын еншісіне алған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының билігі тұсында қайта белең алды. Түркілердің бұл бірлестігінің нәтижесінде Жошы ханның ұлы Батудың тұсында Алтын Орда мемлекетінің құрылуына ықпал етті. Ал, түркі тілдес тайпалардың Алтын Орда атты айбарлы мемлекеттің байрағының астына топтасуы көшпенділердің тағы да Еуразия кеңістігінде үлкен тарихи өзгерістер алып келді. Мысалы, Алтын Орданың ең алғашқы билеушісі Бату ханның не бары 4 мың ғана адал монғол жауынгерлері болды. Ал, сол кездегі 6 миллиондық халқы бар Шығыс еуропаны күшпен бағыныштылықта ұстап тұру үшін бұл мүлде жеткіліксіз еді. Демек Батудың төңірегіне ұлы даланы мекендеген қыпшақ, қаңлы, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, т.б. түркі тілдес тайпалар бірлесіпАлтын Орданың негізгі әскери күшіне айналған. Әсіресе 1236 жылы ұйымдастырылған «Батыс жорығына» аттанған қалың қолдың басым көпшілігі де осылар еді. Ол кезде «қыпшақ» деген сөз жоғарыда аталған түркі тілдес тайпалардың жалпы аты ретінде де қолданылған. Мәселен, сол заманда жасаған әйгілі араб тарихшысы, монғолдар туралы жазба хаттардың авторы Әл-Омари дешті қыпшақ туралы: «Ежелгі уақытта бұл мемлекет қыпшақтардың елі болды, ал ол елді монғолдар жаулап алған кезде қыпшақтар солардың қол астындағыларға айналды. Кейіннен олар бір-бірлерімен араласып, өзара туыс болып кетті, сөйтіп жер олардың табиғи нәсілдік сапаларына үстемдік құра алды, осылайша бәрі бейнебір бір рудан тарағандай дәлме-дәл қыпшақтарға айналды» деп жазды өз еңбегінде.

Алайда, тарихи деректерге көз жүгіртсек 965 жылы Хазар қағанаты құлағаннан бастап, 1241 жылы Алтын Орданың негізі қаланғанға дейін орыс жері мен еуропалықтар үшін дала жақтан ешқандай қауіп қатер төнген емес. Тек қыпшақтар жаулап алушы халық ретінде Рус шекараларынан 1054 жылы көрінді. 1068 жылы олар Альтте орыс княздарын талқандап, Шығыс еуропаны жаулап алуға жақын-ақ қалған сияқты еді. Алайда орыс бекіністерінің қабырғалары олардың тегеурінін тоқтатып тастады да, сонымен табан тірескен соғыс 1115 жылға дейін жүріп жатты. Ал, 1236 жылы Батудың жорығы бұл қыпшақ-русь қатынастарын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.

Иә, ХІІІ-ХІVғасырларда Алтын Орда дербес күшті мемлекетке айналып, оның мемлекеттік беделі көтеріліп, көрші елдермен қарым-қатынасы күшейді. Алтын Орда мемлекетінің Қытаймен, Үндістанмен, Мысырмен, Кіші Азиямен және Батыс Еуропамен сауда-саттық қарым-қатынасы өркендеді. Еділ сағасындағы Алтын Орданың астанасы Сарай қаласы Азиядан еуропаға баратын керуен жолындағы аса ірі сауда орталығына айналды. Отырықшы өңірлерде егіншілік қайта өрледі, бұрынғы көшпенді тайпалардың бір бөлігі отырықшылыққа айналды. Қала мәдениетін көркейтті. Еділ сағасындағы Бату-Сарай, Сарай-Берке (Сарай әл-Жадид), қалаларын осы Алтын Орда хандары салдырды. Соғыста ойрандалған қалалар бірте-бірте қалпына келе бастады. Қала мәдениеті гүлденді, далалық өңірді мекендеген көшпелілердің егіншілік өңірімен, қаламен байланысы нығайды. Сондай-ақ, дәл сол кезде яғни, Алтын Ордаға қарасты жерлерде, әсіресе, Бату-Сарай, Сарай-Берке, Керіш, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ сияқты қалаларда сауда мен қолөнер өркендеп, ғылым, мәдениет, әдебиет пен көркемөнер көркейді. Олар өздерінің жергілікті мәдениетінің алтын жүлгелері: Әл-Фараби, Әбуғали ибн-Сина, Әл-Бируни, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани мұраларын пайдалану, ілгері дамыту, екінші жағынан көрші елдер мәдениетін үйрену арқылы өсіп өркендеді. Ал, жоғарыдағы есімдері аталған түркі ғұламаларының еңбектері Алтын Орда тайпалары мен халықтарына таныс әрі түсінікті еді. Өйткені олардың бәрі түркі тілдес халықтар екенін жоғарыда атап өткенмін. Тіпті олардың әдеби тілі – шағатай тілінде, әсіресе, оның қыпшақ-оғыз яғни, солтүстік диалектісінде жасалды. Осы мәдени жетістіктің нәтижесінде жазба әдебиеттің асыл мұралары жарыққа шықтты. Мысалы 1233 жылы Алтын Орда ақыны Әли «Қиса Жүсіп» дастанын жазды. 1303 жылы қыпшақ тілі сөздігі және әдеби мұра «Кодекс-куманикумс» жазылды. 1310 жылы Забғузи «Қиса сұл әнбие» жинағын шығарса, 1341-1342 жылдары қыпшақ ақыны Құтбыттың «Хұсырау-Шырын» дастаны дүниеге келді. 1357 жылы Махмұд Әлиұлы Кердері Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында өзінің прозалық көркем әдебиет шығармасы «Наһжи ұл-фарадис» кітабын жазды. 1359 жылы Ахмет Хорезмидің лирикалық махаббат дастаны «Махаббатнамасы» жарыққа шықты. 1360 жылдары Алтын Ордадағы әйгілі қыпшақ ақыны Сайф Сарай кесек тұлғалы туынды «Гүлстан бит түрки» еңбегін, 1409 жылы Дүрбек ақын «Жүсіп-Зылиха» дастаның жазды. Осындай әдеби шығарманың даму үрдісі тоқтамай өз жалғасын тауып отырды. Тіпті, сол ақындардың жыр-дастандарындағы кейбір басты кейіпкерлердің өздері Алтын Ордада өмір сүрген тарихи адамдар болған. Мысалы «Орақ-Мамай», «Едіге жыры», «Қырық батыр», «Асан қайғы жырлары» соның дәлелі.

Ал, Алтын Орда мемлекетінің саяси және экономикалық тұрғыдан дамуына да, әлсіреуіне де діни нанымдар үлкен әсер етіп отырды.Мысалы, Алтын Орда тұрмақ Шыңғыс ханның өзі дүниеге келмей тұрғанда батыстағы римдік-католиктік дүние, православиелік елдер және 1142 жылы якобиттік шіркеумен бірлесіп, христиандықты бір-бірлеріне қас үш лагерьге бөлген несториандық шіркеу орталықтары, дәл осындай мұсылман елдерінде де Бағдадтағы Аббасидтердің суниттік халифаты мен Кайрдегі Фатимидтердің исмаилиттік халифаты, Солтүстік қытай буддизммен, Оңтүстік, Сун империясының – конфуциандықсияқты бөлінген діни орталықтардың қатынастары бірте-бірте шиеленісіп дербес халықтарды дүниежүзілік соғысқа итермеледі.

ХІІІ-ХІV ғасырларда алпауытты мемлекеттер арасында дін мәселелер төңірегіндегі қатынастар тіпті өршіп еуразия аймағында саяси кикілжіңге алып келді. Сол уақыттағы Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Джованни Монтекорванно сынды миссионерлердің Сарай-Бату арқылы Қарақорымға жасаған саяхаттары шынында да Еуразия аймағындағы саяси әрі діни соғыстардың тұтануына себеп болды. Бұған дәлел батыстағы Крест жорығы және Византияның күйреуі, шығыстан Хұлағудың Бағдат халифатын құлатуын келтірсек те жеткілікті.

1253 жылы Онон өзенінің жағасында өткен үлкен монғол әскер-халқының кезекті құрылытайында қытайдағы соғысты аяқтап шығу үшін ханзада Құбылай тағайындалса, Иеруслимді мұсылмандардан азат ету көзделіп, бұл ханзада Хұлағуға тапсырылды. Сөйтіп, Хұлағу араға төрт жыл салып яғни, 1257 жылы Бағдатқа шабуыл жасап, 1258 жылы басып алды. Одан кейін Грузияны қанға бөктіріп, Сирияға басып кірді. 1259 жылы Қарақорымда ұлы хан Мөңке қайтыс болды да, Хұлағу Сирияға шағын жасағымен Кет-Бұқа ноянды қалдырып, монғолияға қайтуға мәжбүр болды.

1259 жылы шын берілген мұсылмандардың соңғы паналаған жері Мысыр болатын. Ал, Мысырдың билеушісі қыпшақтан шыққан Бейбарыс сұлтан еді.Сондай-ақ, дәл сол уақытта Алтын Орда тағында өзі мұсылман әрі несториян, християн шіркеуінің жауы Беркеотырған. Оның үстіне Хұлағу мен Берке бұрыннан араз. ӨйткеніГрузия жері Бату ханның тұсында алтын Орданың иелігінде болатын. Кейін бір себептермен илханның иелігінде қалып қойды.Осы араздықты Мысыр билеушісі қыпшақ Бейбарыс мықты пайдаланды. Ол өзінің Алтын Ордадағы руластарымен қарым-қатынас орнатып, Берке ханды өз жағына шығуға көндірді. Берке хан да бұл одақтастықтан ұтпаса ұтылмады. Өйткені, бұның бұл саяси қадамы бүкіл мұсылман әлемінде беделін көтерді. Бұл Алтын Орданың саяси беделіне айтарлықтай әсер етті. Осы уақытқа дейін қанша жеке ұлыс атанғанымен Қарақорымдағы ұлы ханға тәуелді болып келген Алтын Орда дәл осы Берке ханның тұсында дербес мемлекетке айналды. Ол ұлы ханға бағынудан бас тартып, бұрынғыдай алым-салықты жіберуді тоқтатты.

Ал,Хұлағу сарбаздары мұсылмандық Шығыс қалаларын қиратып, бейбіт отырған халықты талан-таражға салып тонап жатқанда, Алтын Ордада жаңа бір қаланың іргесі қалана бастады. Кейін бұл қала ортағасырлық ірі орталыққа айналып, Алтын Орданың екінші астанасы атанды. Ол тарихта Сарай-Берке деген атпен белгілі. Оның қираған орны бүгінгі Волгоград қаласының маңында.

Енді Таяу Шығыстағы соғысқа қайта келер болсақ, Монғол Ясасына сәйкес Бағдат пен Дамаскіге жорық жасу кезінде алтынордалық әскери бөлімшелер илхан әскерлері қатарында шайқасты. Бірақ, 1260 жылы Айн-Жалуд жанында Бейбарыстың мамлюктерінен монғол-армиян әскерлері талқандалады да, Кет-Бұқа ноян қолға түседі. Осыдан кейін Берке өзінің қолбасшыларына Хұлағудың әскерінен кетіп қалуға, ал егер үйлеріне қайтудың сәті түспесе Мысырға кетуге жарлық жібереді. Олар солай етті де, сөйтіп мамлюктердің санын көбейтті. Алтын Орда мен Мысыр арасындағы дипломатиялық одақ орнатылып, Берке хан мен Бейбарыс сұлтан жыл сайын бір-біріне тату таралғы мен сый-сияпат жіберіп, бейбіт қарым-қатынаста болды.

Дешті қыпшақ жерінде ислам дінінің кең таралуы осы Алтын Орданың тұңғыш ислам дінің қабылдаған билеушісі Берке ханның тұсында бастау алып, кейін араға бірнеше жыл салып Өзбек ханның тұсында мемлекеттік дінге айналды. Мысалы, осы уақытқа дейін 940-1212 жылдары салтанат құрған Қарахан мемлекетін түрік мұсылмандарының алғашқы феодалдық мемлекеті деп танып келдік. Осы қарахандықтардың тұсында Жетісу өңірі мен Шығыс түркістанда исламдану үрдісі кең таралғанымен дешті қыпшақ даласына толық тарай қойды деп айту қиын. Өйткені сол уақыттарда қазақ даласындағы көшпелі түркілердің тәңіршілдікпен қатар християн, несториян, сопылық т.б. сенім-нанымдарды ұстанғанын осы күнге дейін зерттелген ғылыми еңбектерден байқауға болады.

Ал, Алтын Орданың Берке мен Өзбек хандарының тұсында дешті қыпшақ жерінде ислам мәдениетінің бесігі тербелді деп айтуға толық негіз бар. Алайда осы алып мемлекеттің ыдырауының нәтижесінде жаңа бірлестіктер қалыптасқанымен ислам діні мен мәдениеті «Жібек жолы» арқылы таралған әлем өркениеттерімен ұштасып белгілі деңгейде жергілікті халықтардың санасына сіңісіп дами берді, дами берді. Алтын Орда ХІV ғасырдың ортасында ыдырағаннан кейін Шығыстағы далалықтар қазақтар деп, ал батыстағылар ноғайлар деп атала бастады. Сондықтан да бір кездері жаһанды дүр сілкіндіріп, әлемдік мәдениет пен өркениетті ұлы дала төрінде тоғыстырған Алтын Орда атты айбарлы мемлекеттің еліміздің төл тарихынан алар орны ерекше. Себебі, ғұмырын ат үстінде өткізген осы өр рухты, жауынгер көшпелі жұрттың алтын арқауы, күміс жалғауы – бүгінгі қазақ халқы. Демек, қазіргі таңда әлем ғалымдарының тұжырымдарына сәйкес бір кездегі Алтын Орда атты айбарлы мемлекеттің кейінгі ғасырдағы мұрагері болып саналатын Қазақ хандығы деген пікірлері ақиқат, ал қазақ хандығының отын өшірмей ғасырдан-ғасырға жалғап келе жатқан бүгінгі Егеменді Қазақ елі екеніне тарих деген алтын шежіре куә.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.