Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын қолдап және насихаттау мақсатында ақпараттық топ түсіндіру жұмыстарын жер жерде жүргізуде.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жолдау халықтың барлық санаттары үшін маңызды рөл атқарады. Құнды құжаттың негізгі аспектілерін жеткізу және түсіндіру мақсатында түсіндіру тобы бірнеше мекемелерде болды. Ақпараттық топ алдымен Қаратау ықшам ауданында орналасқан Жамбыл облысының өрт сөндіру бөліміне барды.

Кездесу барысында №11 орта мектептің директоры Гүлбахира Бердімбетова мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының жетекші маманы Қуаныш Келгенбаев Жолдаудың мақсаты мен бағыттары туралы тарқатып айтып берді. Олар шағын және орта бизнес, білім беру, салауатты өмір салты, санитарлық нормаларды сақтау және тағы басқа да тақырыптарды қозғады.

– Біздің әрқайсымыз мемлекет басшысының Жолдауына барынша байсалды және асқан жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазақ елінің болашағы үшін атқа қонған ерлердің еңбегін бағалау біздің басты міндетіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген маңызды тақырыптарды көтерді. Ертеңіміздің жарқын болуы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Қай бастамасы болсын тереңнен толғап, ел игілігіне жұмсалмақ, – деді Гүлбахира Бердімбетова.

Спикерлер өз баяндамасында Жолдаудың маңыздылығына тоқталып, пайдалы ақпараттармен бөлісті. Қуаныш Келгенбаев 2021 жылы БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалана алатындығын атап өтті. Осы мәселеге байланысты мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерін қабылдауды және осы жылдың аяғына дейін дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырғандығына тоқталып өтті. Жиынға қатысушылар көкейіндегі сауалдарына жауап алып, өз тарапынан Президенттің барлық бастамасын қолдайтындықтарын жеткізді.

Ақпаратық топ Тараз қалалық электр желілері ЖШС-іне де ат басын бұрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жердегі жиынға Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Данияр Мамытбеков, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының жетекші маманы Қыдырәлі Таласбаев және қалалық «Жамбыл-Тараз» газет газетінің директор-бас редакторының орынбасары Бақытжан Ойшиев қатысты.

– Бүгінде көптеген адамдар «Біз қашықтықтан оқуға толықтай дайын емеспіз» дейді. Олар платформа баяулап және ауыр жүктемелерге байланысты әлеуметтік желінің жиі істен шығатынын алға тартады. Әрине,қашықтықтан оқу біз үшін ерекше жаңалық. Мұндай ортаға дайын еместігіміз анық еді. Алайда, осындай қиын-қыстау кезеңге қарамастан біз оқушыларымызды білімнен сырт қалдырмадық. Осы орайда білім саласында жүрген мамандар мен ұстаздар қауымының еңбегі орасан, – деді Данияр Мамытбеков өз сөзінде. Ал Қадырәлі Таласбаев өз баяндамасында мемлекеттік базалық зейнетақының еңбек өтіліне тәуелділігі туралы айтты. Осыған орай:

– Бұл зейнетақы барлығына төленеді, ал төлем мөлшері тікелей еңбек өтіліне байланысты болады. Егер 33 жастан асқан адам болса, (оған колледжде немесе жоғары оқу орнында оқуды, әскери қызметті, жарлықты қосады), онда ең жоғарғы төлем 33 мың теңгеден асады. Тәжірибесі жоқ немесе он жылдан аз адамдар үшін зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөрістің 54 пайызын құрайды, – деп толықтырып өтті Данияр Мамытбеков. Ал Бақытжан Ойшиев өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе карантин кезіндегі маңыздылығына тоқталып өтті.

– Біздің оқырмандар көптеген жылдар бойы қала мен елдің өмірі туралы сенімді ақпаратпен қамтылып келеді. Пандемия барысында туындаған карантинді күшейту сынды қиын-қыстау кезеңінде, біз өзекті, ауқымы кең мақалалар жариялау арқылы көрермендердің көңілін аулауға тырыстық. Ауыр кез, шырғалаң уақытта халықты сабырға шақырып, ел еңсесін тіктеуге қаламымызды қару етіп кірістік, – деді өз сөзінде Бақытжан Сайлаубекұлы.

Түсіндіру жұмыстары «Тараз қаласының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жалғасын тапты. Талқылаудың негізгі тақырыптары демографияны көтеру, тұрмыстық зорлық-зомбылық, экология және қашықтықтан оқыту болды.

– Бүгінгі таңдағы алаңдатып отырған басты мәселе балалар білімі болып тұр. Оқушының оқуға деген қызығушылығы жоғалғанынан бөлек, оқу үлгерімін төмендетіп алуға алаңдаймыз. Бұл кезекші сабақтарда байқалмайды, алайда 5-11 сыныптар арасындағы мектеп бағдарламасын дұрыс жеткізу бәрінен маңыздырақ болып тұр. Қазіргі уақытта білім саласына қатысты бір ғана жауап бар – ол қашықтықтан оқыту. Бұл мәселе қанша жерден қиындық тудырып отырса да, коронавирустық инфекция мәселесі басылғанға дейін, осы жағдайдан басқа жол жоқ, – деді №16 орта мектептің директоры Жанна Оңғарбаева.

Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған қалалық ақпараттық топтың кездесуі бұдан өзге Абай атындағы орталық кітапханада, «Құмшағал» шағын ауданындағы №56 орта мектепте, Ш.Уәлихаов атындағы әмбебап ғылыми кітапханада, №5 қалалық емханада өтті.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған