Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Жошыбайұлының шаңырағына арнайы ат басын бұрып, 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
– Сіздің медицина саласының дамуына қосқан үлесіңіз ұшан-теңіз. Талай адамды ажалдан арашалап, жұртшылықтың алғысына бөлендіңіз. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де өмірлік тәжірибеңізбен жастарды тәрбиелеуге өзіндік үлесіңізді қосып, бүгінгі күні қаладағы Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры лауазымын атқарып келесіз.
Осынау өмір жолыңызда терең біліміңіз бен іскерлігіңізді медицинаның дамуына арнадыңыз. Сіздің қалтқысыз қызметіңіз бен сапалы ғұмырыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені сөзсіз. Ел игілігі үшін жұмсаған ерен еңбегіңіз мемлекет тарапынан лайықты бағаланды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы мерейтой иесіне сый-сияпатын ұсынды.
Алтын қолды дәрігер де өз кезегінде шаһар басшысына ризашылығын жеткізді.
Сейітхан Жошыбайұлы 1939 жылы 9 маусым күні Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Ақыртөбе ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Бішкек қаласындағы мемлекеттік медицина институты емдеу бөлімшесін тәмамдаған. 1962 жылы Қырғыз Республикасы Нарын және Талас облыстық ауруханаларында хирург, 1967-1970 жылдары Мәскеу қаласындағы СССР Медицина ғылымдары академиясы жүрек қан тамырлары аурулары хирургиясы ғылыми-зерттеу институтының аспиранты, 1970-1976 жылдары академик И.К.Ахунбаевтың басшылығымен жалпы хирургия кафедрасының ассистенті, кеуде хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, 1976-1984 жылдары Республикалық кардиохирургиялық орталықтың жетекшісі, 1984-1992 жылдары Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы Қазақ клиникалық және эксперименталдық ғылыми-зерттеу институтында жүрек қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, 1992-2003 жылдары Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Кардиология және терапия ұлттық орталығының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, 2004-2006 жылдары жүрек хирургиясы және ағзаларды алмастыру ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2006-2007 жылдары жүрек хирургиясы және ағзаларды алмастыру ғылыми-зерттеу институтының жүрек қабының қабынуы хирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
«Парасат», «Барыс» ордендерінің, Қазақстан және Қырғызстан Республикалары Елшіліктерінің «Алтын көпір», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан профилактикалық медицинасы академиясының академигі, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер», «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қарағанды қаласы, Жамбыл облысы мен Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ