Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Алтын белгі» иегерлері марапатталды

0 303

Биылғы оқу жылын Тараз қаласы мектеп бітірушілерінің 59-ы «Алтын белгімен» тәмамдап отыр. Осы оқу озаттарын қала әкімі Қайрат Досаев «ARAI PLAZA» бизнес орталығында салтанатты түрде марапаттап, төсбелгілерін табыстап, ел ертеңіне айналатын жас түлектердің болашағына сәттілік тіледі.

Зере ҚУАНЫШ

Салтанатты жиынға мектеп түлектері мен ата-аналар және ұстаздар қауымы қатысты. Арнайы төселген қызыл кілеммен марапат иелері жүріп өтіп, кеш шымылдығы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының жасөспірімдерінің вальс биімен түрілді.
Тараз қаласында биыл 2144 түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам баспақ. Олардың қатарында 48 мектеп бітіруші «Үздік аттестат» иегері атанса, 59 шәкірт «Алтын белгі» иегерлері.
– Бір қуанып, бір толқыған түлектер үшін бүгінгі күн әсте ерекше. Әдемі естелігімен де есте қалары сөзсіз. Олар 11 жыл білім нәрімен сусындатқан мектептерін, балғын балалықтарын қимағанмен, болашақтарына зор үмітпен қарайды. Барлық бітіруші түлектерді бүгінгі салтанатпен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, қалаған мамандықтарыңыздың иесі болуларыңызға тілектеспін. Сәт сапар, жас түлек! – деді шаһар басшысы.
Салтанатты шара барысында түлектер ант беріп, қуаныштарына ортақтаса келген ата-аналары мен ұстаздар қауымына алғыстарын жаудырды.
Мерекелік кеш соңында «Алтын белгі» иегерлері қала әкімімен естелікке суретке түсті. Сондай-ақ өздеріне арналған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.