Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алты айдағы жұмыс ауқымды

0 352

Алтыншы шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтіп, онда шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев депутаттар алдында жарты жылда атқарған жұмыстары турасында есеп берді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Өз есебінде Айтқазы Дәулетқұлұлы ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы мен қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жеке тоқталды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында нақты көлем индексі – 100,0, ауыл шаруашылығы саласында – 100,4, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 111,9, құрылыс жұмыстарының көлемі – 105,8, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 112,7, бөлшек сауда тауар айналымы – 96,6, көтерме сауда тауар айналымы 106 пайызды құраған.

Сонымен қатар жергілікті және республикалық бюджетке түскен кірістің көлемі де ұлғайған. Нақтыласақ, 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында мемлекеттік бюджетке 22,8 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 113,2 пайызға орындалыпты.

– Оның ішінде республикалық бюджетке 6,3 миллиард теңге түсіп, жоспар 105,4 пайызға орындалған, жергілікті бюджетке – 16,5 миллиард теңге немесе 116 пайызға, жергілікті түсімдердің ішінде облыстық бюджетке – 9,0 миллиард теңге немесе 113,4 пайыз, ал қалалық бюджетке 7,5 миллиард теңге түсіп, меже 120,5 пайызға орындалды. Қалада қазіргі уақытта 31 517 кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде 25 014 жеке кәсіпкер, 6306 шағын, 29 орта және 168 шаруа қожалығы бар. Тіркелген субъектілердің ішінде жұмыс істейтіні – 23 206, оның ішінде жеке кәсіпкер – 18870, шағын – 4 259, орта – 29 және шаруа қожалығы 138-ді құрайды, – деді Айтқазы Қарабалаев.

Еліміздегі денсаулық саласы басынан ауыр кезеңді өткеріп жатқаны жасырын емес. Бұл ретте шаһар басшысы қаладағы медицина саласының жай-күйіне де тоқталып өтті. Белгілі болғандай, қаладағы медициналық мекемелерде дәрігерлер саны 1825 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда саны 112 дәрігерге өскен. 10 мың адамға шаққанда дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 50,7 промильді құрайды. Есепті кезеңде 1 ана өлімі тіркелген. Нәресте өлімі 31 оқиғаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,4 пайызға төмендеп отыр. Туберкулезбен ауырғандар саны 97 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,0 пайызға төмендеген.

Айтқазы Қарабалаев өз баяндамасында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының жүргізілу барысы турасында да мәлімет берді.
– Әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 389 жобаны қаржыландыруға 16,9 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 11,7 миллиард теңгесі Тараз қаласының бюджетіне бөлінді. Бүгінгі таңда конкурс жеңімпаздары анықталған 362 жобаның 213-і жүзеге асырылды, – деді қала әкімі.
Баяндама барысында Айтқазы Қарабалаев құқық қорғау саласы, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы, транспорттық инфрақұрылым, коронавирус инфекциясына қарсы күрес мәселелеріне жеке тоқталды.

Баяндамадан соң мәслихат депутаттары шаһар басшысының жұмысына өздеріне қарасты округтерде атқарылған жұмыстар бойынша баға берді. Мәселен, №19 округ депутаты Эльмира Мырза-Ғали Химиктер көшесіне тас жол төселіп, Сүлейменов көшесінің бойына жаяу жүргіншілер жолы салынып, Раxимов көшесіне жаңа тас арықтар қойылып жатқанына халықтың риза екенін жеткізді.

– Алты айлық есеп барысында қала аумағында ауқымды істер атқарылғанын аңғардық. Талай жылдан бері түйінін таппай келе жатқан кейбір мәселелерге нүкте қойылды. Дегенмен округімізде әлі де назар аударатын жайттар бар. Мәселен, қазір Рысбек батыр көшесі 2 «А» мекенжайындағы аулада жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Себебі әуелде мердігер компания өкілдері жоспар бойынша Рысбек батыр 2 мекенжайының ауласы жөнделуі тиіс екенін аңғармаған. Дегенмен бұл ауланың жағдайы анағұрлым жақсы. Жөндеу қажет етпейді. Әу баста дұрыс жоспарланбаған жұмыс осындай жүйесіздікке әкеліп отыр. Осыған мән берсеңіз. Сондай-ақ Ниетқалиев-Жалайри, Рысбек батыр-Сүлейменов қиылыстарындағы құбырлы өткелдердің деңгейін көтеру қажеттігін де ұмыт қалдырмасаңыз, – деді Эльмира Иниятқызы.

Мұнымен қоса депутаттар тарапынан «Шөлдала» алқабының электр энергиясы мәселесі көтерілді. Айтуларынша, саяжай тұрғындары электр энергиясына Жамбыл фосфор зауыты арқылы төлем жасайды. Ал бұл баға шөлдалалықтар үшін қымбат болып отыр. Халық қалаулылары осы жайтқа мән беруді өтінді.

Алты ай бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесі баяндалған жиында қала әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің іске асырылуы талқыланып, депутаттар тарапынан қанағаттанарлық деген бағаға ие болды. Айта кету керек, мәслихаттың кезекті сессиясы барлық санитарлық талапқа сай әрі онлайн форматта ұйымдастырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.