Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алманың ризығы алуан

0 553

Алма – пейіш асы. Үлкендер осылай дейді. Бүгінде адамзатқа берілген осы бір табиғаттың тамаша тартуы алманың тарихи отаны Қазақстан екені дәлелденіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында бұл туралы кеңінен айтып өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қысқаша тарихы

Материалдық мәдениеттің көптеген дүниелері пайда болған біздің Отанымыз алма жемісінің алғашқы «Сиверс» сортының атамекені деседі ғалымдар. Тарихи дәйектерге сүйенер болсақ, «сиверс» сөзі 1796 жылы жемісті сипаттаған петербургтік ботаник Иоганн Сиверстің құрметіне қойылған. Батыстың генетик ғалымдарының сөзінше, «Сиверс» алмасы ғаламшардағы барлық алма атаулының атасы саналады. 65 миллион жылдық тарихы бар жемістің бүкіл әлемге таралуына Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың тікелей қатысы бар. Тіпті Оксфорд университетінің биолог мамандары жаңа технологиялар арқылы алманың ДНК-сын зерттей келе, «Грэнни Смит», «Кокс орандж пиппинс», «Бромли» тәрізді алманың британдық сұрыптары да қазақстандық алмалардан таралғандығын мәлімдеген.

Апорттың отаны саналатын Алматы шаһарының тұрғындары әлі де алмамен мақтанады. Мұндай мақтанышты қаланың кез келген жерінен кездестіруге болады. Алма суреті салынған билбордтар Алматының көшелерінде даңқты жемісті жарнамалап тұр. Қазақстанның ең үлкен арт музейі Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде бояулы суреттер мен металл ескерткіштерде алма бейнеленген. Қаладағы туристік мекеннің бірі Көктөбеде алманың граниттен жасалған фонтаны тұр. Ал пейіш асының Елбасы мақаласына арқау болуы дер кезінде оның пайдасы мен көл-көсір ризық берер қасиетіне үңілуге сеп болды.

Әулиеатаның алмасы дәмді, ризығы мол

Тараздықтардың да алманың түрлі сұрыптарымен мақтанып, мәуелі жемістің дәмімен талайды тамсандырар әлеуеті баршылық. Бүгінде жеміс өсіріп, өнімін пайдаға жаратып, ішкі нарықтағы алма айналымын реттеп, ізінше экспортқа шығаруды көздеп отырған кәсіпкерлер көп. Соның бірі – «Жаңа кемер құрылыс» ЖШС-нің бас директоры Көшкінбай Құлманбетов. Ол өткен жылы 3 гектар жер алып, жобалық құны 750 миллион теңгені, жалпы сыйымдылығы 4000 тоннаны құрайтын жеміс-жидек және көкөніс сақтау қоймасын салуды қолға алған. Бүгінде жобаның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстары аяқталып, 475 миллион теңгенің 2000 тонна жеміс-жидекті сақтауға есептелген қойма пайдалануға беріліп отыр. Қазір қоймада аудандағы 660 гектар алма баудан жиналған алманың алты сорты сақталуда.

– Адам баласының ағзасына өте пайдалы жемістердің бірі – алма. Алманың зияны туралы еш жерден ешқандай дерек таба алмайсыз. Оның қабығынан бастап дәніне дейін дәрумендерге бай. Бағзы замандардан бері адамзат алманы азық етуді ғана білген. Ал оны тиімді пайдаланып, дәрумендерін бойға дарытудың тәсілдерін меңгерсек, шет мемлекеттерден алға озған болар едік. Бүгінде Сербия, Голландия сынды мұхит деңгейінен төмен жатқан елдер алманың үлкен өндірушісіне айналып отыр. Осы елдердегі технологияларды пайдалана отырып алманы өз елімізде сақтаудың, дұрыс бағытта пайдаланудың жолдарын қарастырып, өткен жылы арнайы қойма салдық. Алманы өсірген бір бөлек, оны халықаралық талаптарға сәйкес баптау – бөлек мәселе.

Уақытында жинап алудың өзі үлкен жұмыс. Қазір, әсіресе, көктем мезгілінде алма ағаштарын дәрілеп, микробтардан сақтандырып, қажетті күтім жасау керек. Соңғы жылдары алманың сапасы төмендеп, жемістің бетін дақ басып кетті. Бұл – бағбандардың салғырттығынан. Жемісті жинағанда да ағашқа шығып, бұтақтарға зақым келтіреміз. Алманы дұрыс мақсаттарға пайдаланатын зауыттар жоқ. Малға қорек ретінде қажетке жарататындар аз. Тағы бір мәселе, Қазақстанда алманы жинайтын қорап өндірілмейді. Кей кәсіпкерліктер мұндай қораптарды шетелден қымбатқа алдырады. Ал біз қолымыздан келгенінше қораптарды өзіміз жасаймыз. Бізге алма шаруашылығын қатаң бақылауда ұстап қадағалау жүргізетін, аталған мәселелерді кешенді түрде шешетін мекеме немесе ұйым керек. Қазір Үкімет тек бөлінген қаражаттың игерілуін ғана талап етеді. Есебін ғана сұрайды. Бұл өз кезегінде саладағы жағдайдың одан әрі күрделенуіне алып келеді, – дейді кәсіпкер.

Отандық өнімге қолжетімділік артады

Әр адамға өз туған жерінің өнімі ыстық. Сонымен қатар ол өнім қолжетімді болуы тиіс. Осы бағытта Көшкінбай Құлманбетов Тараз қаласына арналған «Kaz fruits Line» атауымен жеміс-жидек, көкөніс сататын сауда нүктелерінің бизнес жобасын дайындаған. Үкімет тарапынан қолдау тапса, алманы қолжетімді бағада саудалап, отандық өнімнің сапасын арттыруға септігін тигізуді жоспарлап отыр. Аталған жобаның қала халқы үшін әлеуметтік маңызы зор болмақ. Себебі әр сауда нүктесінде алма мен көкөніс базар нарығына қарағанда әлдеқайда төмен бағада сатылады. Шаһарда осы сауда орындарын ашу үшін кәсіпкер жобаны қала әкіміне ұсынуды жоспарлап отыр. Айтуынша, сауда нүктелерін салу үшін Үкімет тарапынан ешқандай қаражаттың қажеті жоқ. Игілігі мол жоба аясында жағдайы төмен отбасыларға да қайырымдылық есебінде жеміс-жидек үлестіріліп отырады.

– Бүгінде алманы саудагерлер 150-160 теңгеден сатып алып, базарда екі есе бағаға сатады. Ал менің көздегенім – сапалы, бар дәрумені бойында сақталған, қоймадан шыққан жемісті сауда орындарында үстіне 10-15 теңге ғана қосып сату. Бұл әлеуметтік дүкенде тек алма емес, картоп, сәбіз, пияз сынды күнделікті ас мәзіріне қажетті азық түрлері саудаланады. Арасында әлеуметтік топтағы азаматтарға арнап қайырымдылық науқандар өткізіп тұрсақ дейміз. Бізге қажеті – тек жер мен инженерлік құрылым ғана. Осы жобаны қолға алар болсақ, әрі жаңа жұмыс орындары көбейеді, әрі бұқара үшін арзан азық-түлікке қолжетімділік артады. Жобаны жылдамырақ іске асыру үшін Үкіметтің қолдауы әбден қажет. Сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік мәселелер де азая түсер еді, – дейді кәсіпкер.

Отандық өнім көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. Бұл – Көшкінбай Құлманбетовтің бизнестегі басты қағидасы. Бүгінде ішкі нарықтағы алма саудасы үлкен айналымға еніп, өзге өңірлер қызығушылық танытуда. Кәсіпкердің айтуынша, қойма базасының жұмысымен танысу мақсатында Түркия, Иран, Польша, Ресей елдерінен мамандар келген. Қойманың жобасын қазақстандық мамандар дайындаған. Технологиялық режимі алма сақтауға лайықталып әзірленген. Шетелдік мамандардың қызығушылық танытып жатқаны да осыдан.

– Алманы жинап, сақтау – зор еңбек. Ал оны халыққа жеткізу, тарату – өз алдына бөлек мәселе. Осы уақытқа дейінгі ғылыми ізденістерім қойманы іске қосып, алманың көпшілік біле бермейтін құпияларын ашуға септігін тигізді. Сегіз айдан бері сақталып келе жатқан жемістер қазір өзінің құрамындағы дәрумендерін жоймай, балғын күйінде тұр. Төменгі сұрыптағы алмаларды да сақтап, қажетке жаратуды көздеп отырмыз. Болашақта осы аумақтан 3000 тонналық қойма мен өңдеу цехының құрылысын бастау жоспарға алынды. Жобалық құжаттары дайын. Техникалық жабдықтардың көп бөлігін шетелден алдырдық. Өңдеу цехында алмадан шырын, тосап, балалар тағамын, құрғақ ұнтақ өндірілетін болды. Құрғақ ұнтақтың негізгі тұтынушылары – шетелдік компаниялар. Алдын ала жүргізілген келіссөздер барысында сұраныс дәл осы алманың ұнтағына артып отыр. Мамандар бұл өнімді косметикалық, медициналық мақсатта пайдаланбақ. Өкінішке орай, қазақстандық тұтынушылар алма ұнтағын тек кондитерлік тағамдарға ғана жұмсайды. Бүгінде біз жемісті аудандардағы алқаптардан жинаймыз. Келешекте жер алып, өзіміз өсірсек деген ниетіміз бар. Алайда дәл қазіргі басты мақсатымыз – алма сақтау қоймасын толық іске қосып, одан әрі қарай түрлі өнімдер өндіретін цехтың жұмысын реттеу, әлеуметтік сауда нүктелерін ашу. Бұл ризығы мол шаруашылықтың ұлт денсаулығына да, ел экономикасына да тигізер пайдасы орасан, – деп түйіндеді кәсіпкер.

Түйін: Қай жағынан алып қарасаңыз да, алманың пайдасы көл-көсір. Оны бағып-баптау, сақтау, кәсіп көзіне айналдыру бау-бақша өсірудің парқын білетін жандардың ғана қолынан келеді. Бұл шаруаның ебін тауып, еселенген еңбектің жемісін көріп жатқан кәсіпкер алманың қасиеті бұдан да көп екенін алға тартады. Ертеден Алматының символына айналған жеміс Таразда да шетелдіктердің қызығушылығын тудырып жатқаны расында жағымды жайт.
Адамзат тарихында алма секілді көбірек аталған, дерегі мен аңызы мол жеміс жоқтың қасы. Тіпті «National Geographic» журналына жарияланған «The History of the «Forbidden Fruit» («Тыйым салынған» жемістің тарихы») атты мақалада батыс мәдениеті мен өнерінде алма сияқты көп айтылған жеміс түрі жоқ екені жазылған. Алма туралы дін, әдебиет, ғылымдағы аңыз сандарынан шатасуға болады. Бірақ қай-қайсысын оқысаңыз да, көңілге тоқуға тұрарлық деректермен танысасыз. Ал бала кезде баршамыз жастанып оқыған Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармасы тау бөктеріндегі тұтасқан алма ағаштарының жемісіне еріксіз тәнті ететін. Ал биылғы Елбасы мақаласында айтылған ғылыми дәйектеме шаһарда алманы сақтап, пайдасын көріп отырған кәсіпкермен, оның шаруашылығымен жақынырақ танысуға жол ашты. Алманың адамзатқа берер игілігі зор екенін біліп, көріп, түйсініп, санаға түйдік. Ендеше, пейіш асының пайдасын бірге көрелік!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.