Қазақта масылдық жайында айтылған тәмсіл көп. «Асылдан асыл туады, жалқаудан масыл туады» немесе «Жаман туыс бір масыл арқалаған құммен тең, жақсылығың істеген елекке құйған сумен тең» дейді. Ал Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «ғапылдық» сөзі білместік, бейқамдық, алаңғасарлық, қапылдық деген мағынаны береді. Бір сөзбен айтқанда, ғапылдық – ақыреттік бейқамдық деген сөз.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» дейді дана халқымыз. Бұл туралы ғұламалар да ұрпаққа ұлағатты өсиет қалдырған. Мәселен, «Өркениет шырақшысы атанған» адамзаттың екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби: «Бұл қазынаның барлығын халық жасайды, ол адал да ерінбей еткен еңбектің жемісі», – деген болатын. Әл-Фараби тәрбие мәселесін логикамен де байланыстырған. Ол «Ақыл мен түсінік» атты еңбегінде: «Ақылдылық пен адамгершілік үлгілі тәрбиеге байланысты, оның негізі таза еңбекте, еңбек өз кезегінде тәрбиенің негізінен туындайды», – деген еді. Әрине, қоғамның даму тарихына байланысты, соған сәйкес еңбек тәрбиесі әртүрлі нысанда дамыды, жетілді, өзгерді, жаңарып отырды.
Халқымыздың төл перзенті дана Абай нағыз пайдалы еңбек деп әртүрлі қолөнерді, егіншілікті және білім алуды, оқуды есептеді. «Ақыл-білім алу күрделі еңбек арқылы келеді» деп философиялық тұжырым жасады. Ол жастарды ең алдымен отбасы және мектеп арқылы тәрбиелеудің маңызды рөлін ерекше бағалады. Еңбектің бейнеті мен зейнетін басынан өткізген халқымыз баланы еңбекке тәрбиелеуді отбасынан бастаған. Қазақ халқы жастарды еңбекке баулығанда күнделікті кәсібіне, тұрмыс- тіршілігіне байланысты төрт түлік малды бағуды, аң аулап кәсіп етуді ойластырған. Халқымыз еңбек пен өнерді егіз санаған. Жүн иіріп, өрнек тоқу, киіз басып, үй жабу, ою ойып, сырмақ, тұскиіз өрнектеу, тері илеп, бас киім тігу қыздар, әйелдер үшін ерекше өнер саналған.
Еңбек тәрбиесінің теориясы туралы үлкен еңбек жазған К.Д.Ушинский: «Еңбексүйгіштікке, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу. Кімде-кім пайдалы еңбекпен айналысса, сол адам қоғамның лайықты азаматы бола алады деп білді. Ушинский баланың санасына сәби кезінен-ақ еңбек етудің қажеттілігі мен маңыздылығын ұялатуды, пайдалы іс істеуге тырысушылыққа және қандай істе болса да шын ниетпен және ұқыпты орындауға тәрбиелеуді ұсынды. Еңбек тәрбиесінің ең басты да негізгі міндеттерінің бірі – жастар қоғамдық жұмыстарды, ауыл шаруашылығының жетістіктерін жете түсіну және оған өздері тікелей араласу, өндірісті білу, онымен жұмыс істеу тәжірибесін бойына сіңіріп отыру», – дейді.
Бүгінде сол кешегі дала өркениетінде өлмес туынды қалдырған халқымыздың бүгінгі перзенттері еңбектен неге ерінеді? Бүгінде не оқу оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастардың да тобы қалыптасып келеді. Бұл – қоғамға аса қауіпті дерт. Сондықтан жұрт арасында «NEET санатындағы жастар» деген ұғым қалыптасты.
Бұрынғы ата-әжелер бала тәрбиесінің алтын қазығы еді. Жыр жаттап, ертегі тыңдап өскен бала батыр болып өскен. Байырғы замандарда адамдардың барлығы дерлік батырлық қасиеттерді иеленгендігінің түп себебі де осында жатса керек-ті. Батырлық қасиет міндетті түрде соғыста ғана көрінбейді. Сөзінде, уәдесінде тұру, екі сөйлемеу, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, еңбекқорлық сынды өзге де адами қасиеттер де – батырлықтың белгісі. Осындайда ойыма әжем айтқан бір ертегі орала береді. Бізді еңбекке ерте аралассын дейтін шығар абыз кеуде.
«Ерте, ерте, ертеде» деп бастайтын әжем ертегісін. Ешбір жұмыс тындырмас, шөптің басын сындырмас, еріншек бір етікші болыпты. Еріншек етікшінің үш ешкісі бар екен. Күн суытып, қыс түсіп келе жатқанын көре тұра еріншек ешқандай қам жасамапты. Ешкілеріне азықтық жем-шөп жинамапты. Бір түнде боран соғып, қар жауып, жердің бетін ақ көрпе бүркеп қалыпты. Ешкілері енді бұрынғыдай өрістеп жайыла алмай, суық қорада бүрісіп, дірдектеп тұрады. Етікші, керек десең, сыртқа шығуға да ерініп, әйеліне:
– Барып көріп келші, ешкілерге не болып жатыр екен? – деп жұмсайды.
Әйелі барып көріп келеді де:
– Бір ешкі өліп қалыпты, – дейді.
Сонда еріншек:
– Е, мал іші болған соң, өлім-жітімі де болады ғой, – деп жата беріпті.
Ертеңіне еріншек ешкілерді көріп келуге әйелін тағы жұмсайды.
– Тағы бір ешкі өліп жатыр, – деп келеді әйелі. Еріншек келесі жамбасына аунап түсіп:
– Мал іші болған соң өледі де, – дейді де қояды.
Үшінші күні етікші әйелін «малды көріп кел» деп тағы да жұмсайды. Әйелі жалғыз ешкінің де қатып қалғанын айтып келеді. Сонда етікші жаны жай тапқандай бір аунап түсіп: «Бәйбіше, біздің малдың өлімі осымен тыйылған да шығар» депті», – деп ертегісін аяқтайтын.
Тұтастай бір ұлттың мінезіндегі мұндай көңіл-күймен күресудің жолы қайсы, масылдықтан құтылатын әрекет бар ма? «Адамды адам еткен – еңбек», «Еңбегімен ер сыйлы». Бұл қағидалардың бәрі ертеден ел санасына сіңісті болған тәлім еді. Қазақ ұл-қызын еңбекке осылай баулыды. Балабақша, мектеп, университет те жасөспірімнің, жастардың айналасына осындай атмосфера қалыптастырды. «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті», «Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал құралмас», «Жалқаудың жауы – жұмыс» деп еріншек, керітартпа, жатыпішерлерді айыптады, қоғам болып мұндай көңіл-күйдегі адамнан жиренді. Мұның бәрі қарапайым адамды еңбекті сүюге үйретті. Шын мәнінде, осындай мақал-мәтелдер өсіп-өнуді, өркендеп, баюды мақсат еткен кез келген адамның өмірлік бағыты, ұстанатын бағдары болды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қазақ халқы осы тәрбие мен тәлімнен ажырап қалғандай. Қоғамды масылдық көңіл-күй мен жатыпішерлік, тоғышарлық жайлады. Оңай табыс, арзан күлкі, арсыз ұйқыға үйір буын пайда болды. Жастардың арасында бір-бірін алдап кету, біреудің ақшасын малдану, кісі ақысын жеу, еңбексіз баюға ұмтылу секілді алаяқтыққа алып баратын әрекеттер көбейді.
Масылдық сана – ғасырлар бойы қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт. Бүгінгі таңда жұмыс істемей, елден көмек күтетіндер көбейіп кетті. «Масылдық» сөздікте масыл болушылық, арамтамақтық деген мағынаны береді. «Масыл» сөзі парсы тілінде «мәслуб», яғни айырылу, тартып алу сияқты ұғымдарға да ие. Араб тілінде бұл сөз (мәслуб) басқа сөздермен тіркескенде «бір заттан, нәрседен айырылу» деген мағынаны да жеткізген.
Халқымызда «Адамға балық берме, қармақ бер» деген аталы сөз бар. Өкінішке қарай, кей тұрғындар арасында масылдық психология меңдегені рас. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбеу, жеңіл табыс табуға ұмтылу секілді жағымсыз әрекеттер – қазіргі қоғамның кесірі. Масылдықтан арылу үшін адам рухани тұрғыдан байып, Алланың берер ризығын адал жолмен табуға ұмтылу керек.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Адам таңертең үйінен ризық әкелейін деп шығады. Алайда оны қандай жолмен (арам не адал) табуды адамның өзі таңдайды және сол үшін де сұралады. Омар ибн әл-Хаттаб бір сөзінде: «Сендер «Я, Алла, маған ризық бер!» деп дұға етіп, кәсіп жасамай, ризық іздемей отырмаңдар. Аспаннан алтын не күміс жауады деп ойлайсыңдар ма?» – деген екен. Сондықтан адамның міндеті – адамға алақан жаймай, Алладан ғана сұрап, ризығын адал жолмен табу.
Адам бойындағы нәпсіні күнге ұқсатуға болады. Қараңғылық түскен сәтте де ай арқылы өзінің жарығымен барлығына пайдасын түсіретіні секілді, нәпсі де өзін таза ұстаса, айналасына шуағын төгеді. Оны өз орнымен пайдаланбаса, адам құрдымға кетеді. Ішкі дауысын тыңдамай, ар-намысын жоғалтқан адам Алла алдындағы халін ойламай, ақыретін ұмытып, дүниеге беріліп кеткен адам ғапылдыққа ұрынады. Сондықтан күн мен түннің тепе-теңдігі секілді нәпсіні билеуде де тепе-теңдік ұстау маңызды.
«Масыл» сөзі парсыдан енсе, «патерналистік» сөзі латыншадан келіпті. Ол латынның «paternus» деген сөзінен шыққан «патернализм» термині «әкелік қамқорлық» деген мағынаға сәйкеседі. Яғни мемлекет халыққа базалық деңгейдегі қажеттіліктерін қамтамасыз етіп береді де, соны міндетсініп көпшілік сипатта да, жеке сипатта да азаматтардың өзін қалай ұстау керек екенін талап етіп отырады. Бұл қамқоршылық-бағыныстылық моделі масылдық көңіл-күйді күшейте түсетіні әлдеқашан дәлелденген. Мұндай жүйе Қазақстан қоғамына социализмді негіз еткен кеңестік өмір салтымен бірге келді. Содан бері одан арыла алмай келеміз. Әйтсе де, осынау әлеуметтік құбылыс әлемнің барлық мемлекетіне, соның ішінде дамыған елдерге де тән екен.
Бүгінде патерналистік (масылдық) көңіл-күй туралы әркімнің түсінігі әртүрлі. Еліміздің жағдайында бүгінгі таңда бұл түсінікке мысал көп. Өйткені кейінгі кездері елде біреудің есебінен күн көру, біреудің көмегіне немесе берген тиын-тебеніне иек арту, біреудің есебінен ішіп жеп, қыдыру, біреуден қарыз алып, қайтармай кету сияқты әрекеттер көбейген. Қоғам және оны айыптаудан, ар санаудан қалған. Капитализмге бет бұрған кезеңде, рас, нәпақа табу қиындаған шығар, нарыққа халық тұрмысы сәйкес келмейтін де болар. Бірақ мұның бәрі «біреуге масыл бол» деген сөз емес. Қалай десек те, қазақстандықтар алдында қарапайым азаматын масылдық көңіл-күйден шығарып, жемқорлыққа төзбейтін, адал еңбекке сүйенетін азаматтық қоғамға айналдыру міндеті тұр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бері қарай Қазақстанды тек алға қарай жетелеп, қаншама қиындықтар мен сындарлы шақтардан сүрінбей өткізуге бірден-бір себепші болған жағдай да ел саясатының тыныштық пен бейбіт еңбек етуге құрылғандығының арқасы деуіміз керек. Еңбекті сүю, еңбек ете білу, өз болашағың мен елдің келбетін адал еңбек арқылы қалыптастыра білу де – өнер. Еңбексіз өмірде ештеңе де болмайды.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, масылдықтың екі түрлі себебі бар екен.
– Бірі – жеке адамдардың, жеке индивидтің өзіне қатысты, екіншісі – масылдықты туындататын жүйеге қатысты. Жеке адамдарға қатысты болатын себебі, адамдардың өзінің ішкі мотивациясы, өсуге деген, еңбек етуге, табыс көздерін табуға деген ішкі ұмтылысының төмен болған жағдайында масылдық туындайды. Екіншіден, адамның пассивті қалауларын сол өмір сүріп отырған қоғам, мемлекет, жүйе, әлеуметтік, экономикалық жүйе және оның ортасы, қоғам құптайтын болса, сондай ортада да оған қалаулы жағдай жасалатын болса, онда масылдық дами береді. «Осындай масылдыққа қоғамдық институттары қалай жол береді?» деген сауалға келейік. Мәселен, адамдардың сапалы білім алып, кәсіби маман болып, одан кейін сол саласы бойынша жұмыс тауып, жұмыс істеп, әрі қарай өзінің кәсібін дөңгелетуіне қоғамда жағдай болмаса және соның әсерінен жұмыссыздармен түрлі әлеуметтік топтарға төленетін төлемдер бізде көбейсе, онда біз масылдылықты қолдан жасап отырған боламыз. Себебі біз халықты әлеуметтік қорғау арқылы масылдықтың себебімен емес, салдарымен күресеміз. Біз осыған жол бермейтін жағдайды алдын ала орнатсақ, әлеуметте мұндай көңіл-күй де аз болар еді. Ал бізде бұл, өкінішке орай, қоғам тарапынан да құптарлық дүниеге айналып кетті. Мысалы, осы санаттағы адамдар мемлекеттен әлеуметтік төлемдер, субсидия берілетін болса, тек соны жапа-тармағай алуға ұмтылады. Бұл қазір, өкінішке орай, ешқандай ұят емес болып қалды. Себебі жүйенің өзінің беріп отырғаны – сол. Біз тек сонымен күресуге ғана күш салып отырмыз. Бұдан бөлек, «кедейлік қақпаны» деген ұғым бар. Яғни адамдарға әлеуметтік төлемдер төлеген сайын адамдар әрі қарай ұмтылмайды. Демек, сол мемлекеттен алатын көмектер оның белгілі бір деңгейде күнкөріс деңгейін қамтамасыз етеді, ол соған қанағат қылады. Тағы бір мәселе, кейінгі туған балалардың бойындағы масылдық, енжарлық, жұмысқа қызығушылықтың болмауы немесе төмен болуы бұл, бір жағынан, әке-шешесінің шектен тыс өбектеуінен болған қателіктен деп ойлаймын, – дейді әлеуметтанушы.
Біздің алда күтіп тұрған үлкен мәсе-ле – адами капиталдың сапасын арттыру. Әлбетте, қоғамды, экономика мен өндірісті жаңарту, инновациялық және жоғары технологиялық өндірістер мен қызметтерді дамыту, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған және бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыру – басым бағыттардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын артты- ру», – дей келе, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеудің маңыздылығына тоқталды.
– Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн, – деді Президент.
Әрбір Қазақстан азаматы дамудың даңғыл жолына жаңа бағыт алған еліміздің ілгерілеуіне өз үлесін қосуы қажет. Ол үшін алдымен қоғамда тек мемлекетке иек артып, соның көмегімен ғана өмір сүремін деген масылдық психологиядан арылу керек.
Адам өмірінде еңбектің алатын орны айрықша. «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл» дейді Шәкәрім Құдайберді. «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады», – депті жазушы Әзілхан Нұршайықов. Ал қазақ ғылымын өрге сүйреген Қаныш Сәтбаев: «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр. Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді», – деген екен. Еңбек ету арқылы мағыналы өмір сүруге болатыны уақыт өткен сайын нақтылана түсуде. Адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы – еңбек. Еңбек адамның күшін ғана дамытып қоймайды, оның ойын да өрістетіп, мінез-құлқын қалыптастырады. Адамды құрмет пен абыройға бөлейтін де – еңбек. Қазіргі бәсекелестік өріс алған кезеңде ерінбей еңбек етіп, елдің дамуына үлесін қосқандардың бәсі биік болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан жас буынды еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы артып келеді. Отбасында, балабақша мен мектеп қабырғасында баланың еңбектің әр түріне қызығушылығын ояту, жанұядағы еңбекке араластыру, яғни үлкендерге көмектесуге үйрету өзекті. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, жас өскіндердің қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы – жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі.
Тәуелсіз еліміздің болашағы – жас буынды еңбекке тәрбиелеу арқылы өмірде өз орнын тауып, белгілі бір кәсіппен шұғылдануына, отбасын асырап, елдің дамуына үлесін қосуға жетелейді. Өскелең ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге бағытталған шараларға сәйкес, қарапайым еңбек адамдарымен кездесулер ұйымдастырылып, қарапайым мамандық иелерінің жетістіктері кеңінен насихатталуда. Техникалық және кәсіптік мамандық иелерінің қоғамдағы орны, еңбегімен ауданның даңқын асырған тұлғалардың қол жеткізген табыстары мен жетістіктері туралы мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерге жүктелуде.
Осы уақытқа дейін жұмысқа тұрған, тіпті өз бизнесін ашқан азаматтар аз емес. Дегенмен соның барлығына кедергі жасап отырған тағы бір мәселе бар: ол – масылдық психология. Халық арасында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды пайдаланбай, жұмыссыздың жәрдемақысын немесе үйдегі балалардың әлеуметтік төлемақысын қанағат етіп жүру әдеті бәрін қиындатып отыр. Пайдалана білген жастарға мемлекет тарапынан құрылған «Өрлеу», «Дипломмен ауылға», «Жас кәсіпкер», «Серпін» және т.б. жақсы жобалар бар. Осылайша біреулер өз кәсібін дөңгелетіп әкетсе, енді біреулер тұрақты жұмысқа тұрды. Әрине, аталған шаралардың барлығы әлеуметтік жауапкершілік шарты негізінде жүргізіледі.
Масылдық мәселесі билік тарапынан үнемі айтылып келеді. Таяуда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов телеарнаға берген сұхбатында Президент Жолдауында айтылған басты бағыттарды саралап, негізгілеріне тоқтала келе, төрт түлігін түлетіп өсірген ауыл жұртының базынасын жеткізді.
– Жолдауда айтылған мәселенің бі- рі – жайылым жерлер бүгінде мемлекетке қайтарыла бастауда. Бүгінге дейін 3 мыңға жуық гектар жер мемлекет меншігіне өткен. Президент те осы мәселеге көп көңіл бөліп жүр. Әсіресе жастарды еңбекке тартуға айрықша назар аударылуда. Бұл – еліміздегі, қоғамымыздағы қордаланып тұрған мәселе. Еңбекке бірінші ынталандыру мәселесі. Бізде жұмыс жоқ емес. Жұмыс бар. Оған ынта керек. Мамандық алу керек. Соған адам өзі әрекеттену керек. Менталитетті өзгертуіміз керек. Көрші мемлекеттердің азаматтарын қарасаңыз, олар арланбай Ресейге де барып жұмыс істейді. Құрылыс жасап та өз отбасын асырайды және мемлекет экономикасына да көп көмектесіп жатыр. Біздің Қазақстанда да еңбекке осындай көзқарас болу керек, – деген Мәжіліс төрағасы масылдық пен еңбек адамының арасын ажырата білу керектігін де шегелеп айтты.
– Өңірде қызмет істеген кезде масылдығы басым, жұмысқа ынтасы жоқ адамдарды көп кездестірдім. Көбіне атаулы әлеуметтік көмекке иек артып алған. Соған телміріп отырғанын да көрдім. Олармен талай сөйлестік те. Сонда кейбір азамат «егер мен жұмыс істесем, кірісіміз көбейіп, әлеуметтік көмектен айырылып қаламыз ғой» дейтін. Біз осы психологиядан арылуымыз керек. Еңбек адамдарын құрметтеуіміз керек, – деді ол.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен «Еңбек күні» мерекесі белгіленген. Ол жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл мереке еңбек адамының беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылар сабақтастығын көпжылдық дәстүрді нығайтуға қызмет етуде. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін құндылықтар бар. Олар – білім мен еңбек. Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақ еңбекке бейім болса, еліміз өсіп-өркендеп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түседі.
Жұматай КӨКСУБАЙ