Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалдықтарды кәдеге жарату – маңызды міндет

0 350

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Пәкістан Ислам Республикасының Лахор қаласындағы Құрметті консулы және «Habib Syndicate» бас директоры Рао Халид Махмудпен және «Green Earth Recycling» ЖШС директоры Зафар Жаведпен кездесті.

Басқосу барысында тараптар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша өзара тиімді жобаларды іске асыру жөнінде нақты ұсыныстарды талқылады. Пәкістандық бизнес өкілдері мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, аталған өндірісті жолға қойып, тәжірибелерімен бөлісуге ниетті екендіктерін жеткізді. Шаһар басшысы өз кезегінде бұл жобаға қызығушылық бар екенін баса айтты.
– Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісіне қызығушылықпен қатар, сұраныс та бар. Дегенмен оны тек инвесторлардың қаржысы есебінен ғана жүзеге асыруға болады. Егер бұл бизнесті дөңгелетуге мүдделі инвестор табылатын болса, біз өз тарапымыздан жерін бөліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз. Әуелі нақты өз ұсыныстарыңызды бізге жолдаңыздар. Соған орай, біз жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Содан соң тиісті шешімдер қабылданады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға әзір екенін тілге тиек етті.
Бүгінде облыс орталығы аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі бәсекелестік ортаға айналған. Бұл қызметпен 7 мекеме айналысады. Аталған жұмыстарға 56 бірлік техника тартылып, 155 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетіледі. Қалада 328 тұрмыстық қатты қалдықты тастауға арналған алаңшалар 1 540 дана жәшікпен қамтылған. Өткен жылы жаңа 520 жәшік сатып алынып, тозығы жеткендерімен алмастырылды. Бұдан бөлек, шаһар аумағындағы осы аталған алаңшаларда полиэтилен қалдықтарын жинау, шығару, қайта өңдеуге жіберу қызметімен «Kaz Ecology» компаниясы мен «Бахыт» жеке кәсіпкерлігі айналысады. Қалалық әкімдік тарапынан тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Hasanat group», «Байтақ болашақ», «Инсипром», «Ecoplatform», «ТазаБио Инвест» сынды бірқатар компанияға нақты ұсыныстар берілген. Алайда Тараз қаласындағы қоқыс шығару тарифінің төмендігі және тұрмыстық қалдықтардың салыстырмалы түрде аз көлемі инвесторлардың қызығушылығын танытпай отыр. Соған орай, қалалық мәслихаттың шешімімен жайлы сектордан қалдықтарды шығару құны адам басына 250 теңге, жайлы емес (жеке тұрғын үй) сектордан шығару бағасы 268,1 теңге болып бекітілген.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.