Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Алатаудан, Арқадан, ақындарым келіпсің…»

Әулиеата төрінде аламан айтыс өтті

0 443

Тараз қаласында төл өнерімізді төрге шығару, ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында жыр жолбарысы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шара ең әуелі облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, зиялы қауым өкілдері мен Таразға табан тіреген белгілі айтыскерлердің шаһар төріндегі Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
«Баласағұн» орталық концерт залында шымылдығын түрген сөз додасының қазылар алқасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман басқарса, шайырлар сайысын филология ғылымдарының докторы, профессор, атақты айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізіп отырды.
Бұл жолғы аламанда еліміздің әр өңірінен 10 ақын бақ сынаса, Әулиеатаның намысын арқалап 4 ақын топқа түсті. Кіл жүйріктен шын жүйрікті анықтайтын суырып салма ақындар сайысының алғашқы жұбы болып Абай облысынан келген ақын Рүстем Қайыртай мен Шығыс Қазақстан облысының шайыры Серік Қуанған сахнаға көтерілді.
«Өзеннің бұзылғанда мұзды сеңі,
Қарт Тараз дәстүрлі іске кіріседі.
Ассалаумағалейкум, Жамбыл жұрты,
«Сәлем» деді абайлық шығыс елі.
Абай менен Жамбылдың ауызымен,
Алаштың айтылған ғой мұңы, шері.
Тәуелсіздік жылдары Тараз болды,
Айтыс деген майданның ұлы шебі», – деп жырлап, кейінгі жылдары қазақ айтысына олжа салған жамбылдық ақындарды жіпке тізе келе сөз арнасын Серік әріптесіне бұрып:
«…90-жылдары Өскеменім,
Өзіме де өгейлеу қалам еді.
Сексен пайыз орыстар тұратұғын,
«Адам қылған бізбіз деп қараңғы елді».
Азаттықтың жеңісі осы емес пе?!
Аз-ақ жылда өзгерген заман келді.
Қазақша сөйлемейтін Өскеменнен,
Орысша білмейтұғын адам келді», – деп кезегін қарсыласына ұсынды. Әулиеатаға Алтайдың намысын арқалап келген Серік салған жерден:
«Өскемен орыстанған қала еді» деп,
Орынсыз сөз айтуды ұйғарасың.
Иен қылмай шығыстың даласын да,
Иелік етті қазір игі Алашым,
Көктүріктің мекені жатыр қазір,
Көк көздердің батырып құйға басын.
Енді біраз жылдан соң Өскеменнен,
Емге орыс таба алмай қиналасың», – деген ақын Тәуелсіздіктің қазаққа берген игілігі екенін айта келіп, әрі қарай өлеңін әзілмен өріп аға-іні арасындағы керемет айтыс үлгісін көрсетті.
Осыдан кейін аламанға Алматы қаласының қос ақыны – Шұғайып Сезімхан мен Нұрзат Қару қосылды. Халыққа амандасуын «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековке деген құрметімен бастаған Шұғайып сонан соң сөз қаруын Нұрзат Қаруға бірден сілтеп:
«Отыздан асқаныңда ұзатылып,
Той жасап, сәлем айттың әр қауымға,
Күйеуің ауылдағы көршің екен,
Көрісіп жүрген күнде мал қуғанда.
15 жыл жар таба алмай жүріпсің ғой,
Атырау, Алтай, Арқа, Жамбылдан да,
Енді бізге басқалай «шанс» жоқ деп,
Бір-біріңе үйлене салдыңдар ма?» – деп сүріндіргісі келіп еді, табан астында сөз табуға бейім Нұрзат:
«….Кластасқа тидің деп кінәлама,
Байыбына бармай жатып ештеменің.
Кластасқа тигенге қуансаңшы,
Негрге тиіп кетсем, не істер едің?» – деп қазақтың қаракөздерінің шетел асып тұрмысқа шығып жатқан мәселесін көтеріп, әріптесінің адымын аштырмады.
Келесі кезекте көрермен көп күткен Жайықтан келген Жансая Мусина мен ұзақ жыл үлкен айтыста көрінбей кеткен жерлесіміз Әсет Дүйсебаев сахнаға көтерілгенде қос ақынды халық зор қошеметпен қарсы алды. Әулиеатаның намысын арқалаған Әсет салған жерден өзінің майда мақамымен:
«… Сіздермен қауышуды,
Мен қашан жүріп едім арман қылмай,
Араға он екі жыл салып келдім,
Сағынып қажылыққа барған құлдай.
Шымырлатып жіберді жүрегімді,
Шапалақ күтпеп едім залдан мұндай.
Арда ағайын сіздерді сағындым ғой,
Алғадайын сағынған нар Жамбылдай», – деп бастаған Әсет қарсыласы Жансаяның тұрмысқа шықпаған қыз екенін тілге тиек етіп, тұқыртқысы келіп:
«Біреудің қызына да қырындайын,
Өзімнің әйелімді сүйе бермей», –деген әзілі залдағы көрерменді қыран-топан күлкіге қалдырды. Дегенмен, айтыста оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін дәлелдеп үлгірген Жансая:
«Назарды мен өзіңе бұрайын ба?
Мың сұрақ қойдың, жауап құрайын ба?
Қырық жыл қалай шыдап жүр екен деп,
Қан ойнап шыға келді-ау шырайыңда.
* * *
Шынымды айтсам, әрең шыдап жүрмін,
Бақырып осы жерде жылайын ба?
Болмаса «Қалаулымға» шығайын ба?
Плакатқа жазуды жазып алып,
Көшеде пикет жасап тұрайын ба?
«Күйеумен қамтамасыз етіңдер» деп,
«Аманат», әкімдікті қырайын ба?
Қарағым, біздің қолдан не келеді?
Бір Алла бұйыртқанша шыдайын да.
Жоқ, әлде, сендер риза болса екен деп,
Бір түнде бір жігітті алып қашып,
Дәстүрде жоқ нәрсені қылайын ба?» – деген орынды жауабы көрерменді күлкіге қарық қылды. Ақындар жұбы айтысты аяқтаған соң әулиеаталық аналар саханаға көтеріліп, қазақтың ырымымен Жансаяға орамал жапты.
Ал төртінші жұп болып топқа түскен Павлодар облысынан келген Рауан Қайдаров пен жерлесіміз Нұрлыбек Құрманның айтысы қоғамдық мәселені көтеруімен ерекшеленді. Мәселен, Нұрлыбектің керекулік әріптесіне өткен Жаңа жыл кезінде теріскейде шыршаның құлап, күннің күрт жылынуы себебінен мұз қаланың еріп кеткенін еске салып:
«Шыршаға ақша шаштың Керекуде,
Ысырапты жүрсің бе сен түсініп?
Сексен миллион ақшаны суға шашып,
Жетпіс миллион теңгені желге ұшырып», – деген орамды ойлары қоғамдағы ысырапшылдық мәселесінің бетін ашып берсе, шырайлы Шымкент шаһарынан келген Қалижан Білдаш пен жерлесіміз Алтынкүл Қасымбекованың айтысы қайын-жеңге арасындағы әзілмен әдемі өрілді.
Әрине, айтыстың бәрі сәтті бола бермейді. Бабы келмей, бағы жанбай жататын сәттер де аз емес. Сондай айтыстардың бірі – атыраулық Бақытжан Кәдірбай мен жамбылдық Рай Дөңбайдың сөз додасы. Жалпы, осы айтыстың өзге айтыстардан бір ерекшелігі – ақындарға белгілі бір тақырып беріп, сол тақырып төңірегінде айтысу міндеттелген. Алтыншы жұптың еншісіне Алаштың ардақты азаматы, белгілі тарихшы, қазақтың кенже ханы Кенесары туралы тың тарихқа түрен салып, кеңестік кезеңнің қысымынан түрмеге тоғытылып, өмірінің 25 жылы темір тордың арғы жағында өткен Ермұхан Бекмаханов туралы жырлау еді. Рай ақын қазақтың маңдайына сыймай кеткен тау тұлғаны екі-ақ жолға сыйдырса, Бақытжан тарихшы туралы тоқталмады.
Халықтың суып қалған көңілі көрермен көзайымына айналған «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері, сыр сүлейі Мұхтар Ниязовтың есімі аталғанда жадырап сала берді. Қызылордалық Мұхтардың қарсыласы – астаналық Мұхтар Қонарбаев. Екі Мұхтардың тақырыбы да – Мұхтар. Яғни, жақында ғана өмірден өткен Мұхтар Мағауин. Тараздың төл перзенті, бүгінде елордада тұратын Мұхтар Қонарбаев айтыстың әлқиссасын:
«Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Жамбылдың жұрты аман ба жайраңдаған?
Қайталанбас біртурар тұлғаларды,
Қайта-қайта тудырған қайран далам», – деп елге амандасудан бастап, аға Мұхтардың айтыс аламанында алдына қара салмаған жүйрік екенін айта келіп:
«Мұхтарды Мұхтарға әдейі салған шығар,
Сексеуілді сексеуіл сындырғандай» – дей келе, соңғы кезде Таразда «Пәлен жерге бомба қойылыпты» деген жалған ақпарат жиі тарап жатқанын айтысқа ұтымды пайдаланып, қарсыласын жарылмайтын бомбаға теңеп, айласын асырмақ болды. Дегенмен, талай қарсыласын қара жолда шаң қаптырған Ниязов тосылсын ба?! Қазіргі әлемде болып жатқан қантөгістерді айта келіп:
«Тыныштықтың болғаны жақсы емес пе,
Шайқалып жүрмесең де жорғаменен.
«Өтірік ақпараттар тарады» деп,
Жаңалықты айттың ғой болған ерен.
Жарылмай қалса, енді жақсы емес пе,
Жақсылық емес пе еді ол недеген.
Жалпақ жұрт жабылып күтетіндей,
Ақ түйенің қарыны ма бомба деген?!» – деп ұтымды жауап берді. Жауап ретінде өзін үлкен томарға теңеп, «Кішкене сексеуіл мені қалай сындырады?» деп, бала Мұхтарды мұқалтуға тырысты. Дегенмен, Мұхтар Қонарбаев иығын қомдап қойып:
«Алтын сауыт киінген батырды да,
Ажал жетсе, бір тал оқ мерт қылады.
Сіз айтқан томарды да Мұхтар аға,
Кіп-кішкентай шырпы да жоқ қылады», – деп ұтымды жауап берді. Әрине, Мұхтар Ниязов – жалпақ жұртқа белгілі жүйрік. Дегенмен, сол жүйрікті Қонарбаев бірнеше жерде сүріндірді.
Осылайша бірінші айналым аяқталып, ақтықтық сынға суырылып сегіз ақын жолдама алды.
Финалдың алғашқы жұбы болып сахана төріне көтерілген Рүстем Қайыртай мен Шұғайып Сезімхан, одан кейін айтысқан Әсет Дүйсебаев пен Серік Қуанған сыйластықтың озық үлгісін танытса, Мұхтар Қонарбаев пен Рауан Қайдаров қазақ айтысының болашағына жарқырап жаңа жұлдыздар жанып келе жатқанын көрсетті. Рауанның «Жұмыссыз жүрсің» деген сөзіне Мұхтар бұл заманда таныс-біліс болмаса, жұмысқа тұрудың қиын екенін айта келіп:
«Қысқасы бұл заманда жұмыс іздеп,
Табудың өзі үлкен жұмыс боп тұр» немесе ақкөңіл халық жайлы:
«Қонақжай ел тұрғанда Жамбылымда,
Қонақ үйдің керегі жоқ екен ғой», – деген сияқты ұтқыр ойларымен әріптесінен басым түскендей көрінді.
Ал Мұхтар Ниязов пен Жансая Мусинаның жекпе-жегі жамбылдықтар үшін айтып жүретін айтыс болды. Екінші айналымға өткенін айта келе Мұхтар:
«Айтыстың өлімнен сәл жақсы жері
Айналып кеп тұруға мүмкіндік бар», – деп бастап әріптесіне ұтымды әзілдерімен жауап беріп отырды. Ал Жансая Әсетпен айтысындағы аналардың ақ тілегін тілге тиек етіп:
«Орамалға жорамал жасап тұрмын,
Орамал ашады деп жолымызды», – деп Жамбылға келін болуға ниетті екенін әзілмен жеткізсе, Мұхтар:
«Бұл елге «келін боламын» деп айтып алып,
Аталарыңның атын айтып шыққаның не?» – деп қазақ дәстүрін еске салды.
Осылайша аузына құс тістеген ақындардың айтысы мәресіне жетіп, қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен бас жүлдені шығыстық шайыр Серік Қуанған қанжығаласа, жүлделі І орынды қызылордалық Мұхтар Ниязов, ІІ орынды Батыс Қазақстан облысың жүйрігі Жансая Мусина еншіледі. Ал Астанадан келген Мұхтар Қонарбаев жүлделі ІІІ орынға табан тіреді. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы және Ұлбике Жангелдіқызы атындағы арнайы жүлделер беріліп, жалпы қатысқан ақындарға қомақты ақшалай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Ақ таңертең басталып, ымырт үйірілгенде аяқтаған айтысты тапжылмай отырып көрген тараздық тұрғындар аяңдап басып есікке беттеді. Айтысқа қазылардан артық қазылық еткен қара халық: «Бас жүлдені Мұхтар Қонарбаев алуы керек еді», «Қалижан Білдаш ақтық сынға неге өтпей қалды, жақсы айтты ғой» деп күбірлесіп бара жатты. Әрине, халық айтса қалт айтпайды…

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.