Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаш атын АҚШ-та аспандатқан Бекзат

0 1  506

Қазақ қазақ болып жаралғалы бері қандай да болмасын той-думандар балуан күресінсіз өтпеген. Әрине, атадан жалғасқан өнердің туын құлатпаған Жамбыл жері – білекті балуандар мен апайтөс алыптар мекені. Оған кешегі грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен үш мәрте ел барысы атанған Бейбіт Ыстыбаевтар дәлел.

Міне, осындай киелі өлке мәртебесін биіктеткен жампоздар жолын жалғаған жас спортшының бірі – Бекзат Жұманәлі. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында Алаштың атын аспандатып жүрген балуан 2001 жылы наурыз айының 17-ші жұлдызында Жамбыл ауданы, Аса ауылында дүниеге келген. Бекзаттың 2 жасында ата-анасы Тараз қаласына көшіп келеді. Көне шаһарға қоныс аудару алғыр азаматтың алдағы өмір жолында үлкен белестерді бағындыруға септігін тигізген екен. Себебі 2013 жылы Бекзат бозкілемде талай талантты жастың жұлдызын жаққан, белгілі жаттықтырушы, бүгінде облыстық полиция департаменті «Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ» инспекторы болып кызмет атқаратын Нұрхан Сегізбаевтың шәкірті атанады. Алғашқы ұстазының айтуынша, Бекзатты бір көргеннен оның көзінен болашақ чемпион өсіп келе жатқанын байқапты.
– Ол жастайынан өте еңбекқор болды, күресті жан жүрегімен жақсы көрді. Жаттығу залына ерте келіп, кеш қайтатынын, білмегенін сұраудан жалықпайтынын күнделікті байқап жүрдім. Өмір болған соң сүріну мен құлау, жеңіліс мен жеңіс қатар жүреді ғой. Біздің Бекзат – намысшыл жігіт. Сол намышылдығының арқасы ғой, мектеп қабырғасында оқуын жалғастыра жүріп талай белестерді бағындырды. Атап айтсам, менің қолымда жаттығу жасап жүріп, жасөспірімдер арасында республикалық, халықаралық жарыстарды ұтты. Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері атанды. Спорт шеберіне кандидат атағын алды. Жастар мен ересектер арасына өткеннен соң, Жамбыл облысының аға жаттықтырушысының қолында жаттықты. Сол уакыт аралығында жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері болып, «Спорт шебері» атағына қол жеткізді. Сөз басында «ол өте намысшыл» деп айттым ғой, сол намысы оны әлі талай биік шыңдарды бағындыруға жетелейді, – дейді алғашқы ұстазы Нұрхан Бақтиярұлы.
Біз де мұхиттың арғы жағындағы бауырымызбен тілдескенімізде, ұлтына, мемлекетіне адал азамат екеніне көзіміз жетті. Мектепті тәмамдаған соң жаттығуын жалғастыра жүріп, 2016-2020 жылдары шаһар төріндегі «Парасат» колледжіне оқуға түседі. Оқуын үздік бітірген ол 2020 жылдың желтоқсан айында Астанадағы 5573 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әңгіме арасында Бекзат әскерге барудан жалтаратын жастарға қарата өз пікірін білдіріп: «Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті міндеті болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы», – дейді ол.
Әскери борышын абыроймен атқарып, АҚШ-қа аттанған азамат қазіргі күнде Юта штатындағы Utah Valley University университетінде жаттығу жасайды. Кеудемізге қуаныш ұялатқаны қарапайым қазақ баласы сол елдегі аталған оқу орнындағы күреске бейімі бар студенттерді Америка чемпионатына дайындап жатыр екен. Бекзаттың басты арманы – Америка Құрама Штаттарындағы жаттығуын аяқтаған соң Әулиеатаға оралып, ел біріншілігін ұту.
– Әр спортшының арманы – әлем чемпионы атану, олимпиадада өнер көрсетіп, биік шыңнан көріну. Менің де арманым осын-дай – туымызды көкке көтеру. Әр спортшының артында мықты жаттықтырушы тұрады. Ол шәкіртін баптап қана қоймай, екінші әкесі ретінде қамқор болып, бар білгенін үйретеді. Бірлескен жұмыс істелсе, нәтиже де болады. Спортшының өзі де еңбекқор болуға тиіс. Осы орайда алғашқы жаттықтырушым Нұрхан Сегізбаев, одан кейінгі ұстаздарым – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ғани Назымбеков пен Әділет Сарыбаев ағаларыма айтар алғысым шексіз, – дейді Бекзат Жұманәлі.
Ат болатын құлынды мүшесінен танып, баптаған осындай ұлағатты ұстаздарының арқасында Бекзаттың бағындырған биіктері аз емес. Айталық, 2022 жылы еркін күрестен 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпиондары арасындағы дүбірлі додада 86 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бекзат Жұманәлі финалда ғана есе жіберіп, күміске қол жеткізген болатын. Ақмешіттегі айтулы жарыста жерлестеріміз екінші орынға табан тіреп, Әулиеатаға абыроймен қайтқан еді. Сонымен қатар 2022 жылы Болгарияның София қаласында өткен жарыста екінші орын еншілесе, сол жылы Таразда еркін күрестен мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық турнирде де күміспен күптелген еді. Сондай-ақ ағымдағы жылы Америка Құрама Штаттарында өткен «American open» халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған болатын.
Тәуелсіздік таңы атқалы талай жамбылдық балуан еліміздің атағын аспандатып, Әнұранымызды әлемнің ең биік мінбелерінде шырқатты. Осындай ардақты азаматымыздың бірі Бекзат Жұманәлінің жеңісті жорығы жалғаса береді деп сенеміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.