Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаламгерлер қауымына құрмет

0 607

«Журналистердің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Бұл Шер-ағаның қаламгерлер қауымына берген әділ бағасы. Сол себепті билік пен бұқара арасында алтын көпір болып жүрген сала мамандарына құрмет азайған емес. БАҚ өкілдерінің мерекесіне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те тіршілігін тілшіліктен тапқан қаламгерлер қауымымен жүздесіп, құрмет көрсетті.

«Сәтті» мейрамханасында өткен шарада аймақ басшысы сала мамандарының жұмысын жоғары бағалап, ізгі тілегін жеткізді.
– Құрметті журналистер! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әлемдегі, айналадағы оқиғаларды сараптап, билік пен бұқараны байланыстыратын, халықтың тұрмыс-тіршілігінен, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелерінің, сала мамандарының еңбегі қашан да елеулі.
Халық жазушысы, жерлесіміз, қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртаза ағамыз: «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын», – деп баға бергендей, расында, сіздердің кәсіптеріңіздің мәртебесі биік, жауапкершілігі зор!
Қазақ журналистикасының қазығын қағып, іргесін қалап кеткен Алаш ардақтыларының рухани көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы – зор» деп бекер айтпаса керек.
Жергілікті мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктерде өңірдегі оң өзгерістер, рухани-тағылымды дүниелер, облыс тіршілігіндегі өзекті жайттар, аймақтың әлеуметтік, қоғамдық мәселелері туралы жан-жақты, үздіксіз жарияланып келеді. Бұл ретте, жергілікті билік орынды ой, өзекті мәселе көтергендерді тыңдауға, ескеріп, бірлесіп жұмыс істеуге, тиімді кері байланыс орнатуға әрқашан дайын екендігін атап өткен жөн!

Біз Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыруда бірлесіп нәтижеге жетеміз деп сенемін!
Еліміздегі соңғы өзгерістерге байланысты Жаңа Қазақстанды құру идеологиясы – мемлекеттік саясаттымыздың басты міндеттерінің бірі болып отыр. Бұл ретте БАҚ саласы өкілдеріне де үлкен сенім артылмақ, – деген облыс әкімі одан әрі өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының жайына тоқталды.
– Қазіргі таңда облыс аумағында ресми тіркелген 90 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның 51-і мерзімді баспа басылымы, 3-уі телеарна, 36-ы ақпараттық агенттік.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға биылдың өзінде 800,0 миллион теңге қаржы қаралды.
Ағымдағы жылы республика көлемінде Ш.Мұртазаның 90 жылдығы, А.Бекбосынның 85 жылдығы секілді тағы да басқа тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілуде. Бүгінгі күні аталған мерейтойлар бойынша жеке іс-шаралар жоспары бекітіліп, атқарылатын жұмыстың ауқымы белгіленген.
Жуырда ғана Қоғам қайраткері, ақын, жазушы, публицист Арғынбай Бекбосын ағамыздың туған күніне орай, өзі тұрған үйге естелік тақта ілінді.
Жазушы, драматург, публицист, Елен Әлімжан ағамыз «Анажар» романы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді.
Сондай-ақ, қаламгерлердің қара шаңырағы атанған «Ақ жол» газетіне биыл 100 жыл толып отыр. Аймағымыздың бас басылымының ғасырлық мерейтойын қыркүйек айында кең көлемде атап өту жоспарлануда.
Бүгінгі жаһандық желі желдей ескен заманда қай салаға болмасын жаңашылдық қажет-ақ. Оның үстіне оқырман мен көрермен талабы да уақыт өткен сайын түрленіп отырады. Осы орайда, сіздер, бұл талаптан шығып, халыққа сапалы дүниелер ұсыну жолында аянбай еңбек ете бересіздер деген сенімдемін!
Сіздерге шығармашылық табыс, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Бұдан кейін облыс әкімі бірқатар азаматтарды салаға сіңірген еңбегі үшін арнайы марапаттармен құрметтеді. Атап айтсақ, «Aulieata-Media» ЖШС Бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаевқа ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілсе, «Jambyl-Taraz» газетінің Бас редакторы Саятхан Сатылғанов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ бірқатар журналистер облыс әкімінің Құрмет және Алғыс хатымен марапатталды. Олардың ішінде әріптесіміз «Jambyl-Taraz» газетінің фототілшісі Сәкен Абжапаров та бар.
Әріптестерімізді марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.