Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаламгерге көрсетілген құрмет

0 347

Тараз қаласында көрнекті жазушы және драматург, журналист, халықтың ерекше ықыласына бөленген қарымды қаламгер Әлдихан Қалдыбаевтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Ескерткіш тақтаны Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, жазушы Елен Әлімжан, Әлдихан Қалдыбаевтың асыл жары Бану Тасболатова ашты. Мұнан соң Кенжебек Олжабай сөз сөйлеп, қаламгердің шығармашылық жолына тереңірек тоқталды.
– Бүгін ерекше күн. Бұқаралық ақпарат құралдары күні мерекесі қарсаңында журналистика саласының ардагері болған, қазақ әдебиетіне олжа салған қайраткер Әлдихан Қалдыбаевқа ескерткіш тақта орнатылып отыр. Әлдекеңнің қазақ әдебиетіне берген олжасы өте көп. Ұлттық құндылықтарды көп насихаттады. Сондықтан бүгінгі шараға жазушыны білетін замандастары, ардагерлер, жазушының шәкірттері, жақындары өте көп жиналды. Қаламгердің отбасын бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылуымен құттықтаймын. Алдағы уақытта да Әлдихан Қалдыбайұлы оны білетіндердің жүрегінде жүреді. Ғажайып тұлғаның пейіште нұры шалқи берсін, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне жазушының қаламдас достары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Шарада сөз алған белгілі жазушы, Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов ел құрметіне бөленген тұлғаның өмір жолына тоқталып өтті.
– Әлдихан Қалдыбаев – балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көк дөңгелек», «Қос тентек», «Су тасушы Әшірбек», «Байнаш солдат», «Шаншаратай», «Мишка – менің досым», «Өзен жағасында», «Солдат болу оңай ма?», «Жалын», «Менің ағам – солдат», «Көк дөңгелек», «Автобус аялдамасы» кітаптарының авторы. Жазушының бірқатар туындылары орыс, белорус, армян, түрікмен, татар тілдеріне аударылған, – деді Ж.Миллионов.
Мұнан соң сөйлеген жазушы-драматург Елен Әлімжан Әлдекеңнің редакторлық батылдығына, басшы кезіндегі кеңдігіне, жазушылық шеберлігі жайында сөз қозғады. Жазушының жары Бану Тасболатова толқып сөйлеп:
– Әлдихан екеуміз 50 жыл отандастық. Үш ұл-қыз тәрбиелеп, өсірдік. «Шай» десіп, ренжіскен емеспіз. Әлдихан мінезсіз емес еді, бірақ отбасына жайлы болды. Қазір 6 немере, бес шөбереміз бар. Әлдиханның шығармаларының тәрбиелік мәні жоғары болды. Әлдекеңнің отбасының атынан облыс және Тараз қалалық әкімдігіне алғыс білдіремін. Мұндай құрметке басқа қаламгерлер де ие болсын. Барша журналистерді төл мерекелерімен құттықтаймын. Баршаңызға табыс, аманшылық, абырой тілеймін! Әлдиханға құрмет – қазақ әдебиетіне жасалған құрмет, – деді.
Жазушы Әлдихан Қалдыбаев 1939 жылы 3 қазанда Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарында туған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1963 жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалiмі болып бастаған. Екі жыл Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеді.
Ә.Қалдыбаев – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.