Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада каналдарды тазалау жұмыстары басталды

0 425

Каналдарды тазалау жұмыстары қашанда айрықша маңызға ие. Бұл бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл жұмыстар қаланың шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз.

Осы бағытта бүгінде облыс орталығында ілкімді істер қолға алынуда. Соған орай, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар каналды аралап, тазалау жұмыстарының барысымен танысты.
Әуелі шаһар басшысы «Қарасу-2» каналына ат басын бұрды. Көлемі 12,4 шақырымды құрайтын каналға қазіргі таңда «Адал KZ Құрылыс» ЖШС мердігерлігімен механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Келесі кезекте қала әкімі «Қарасу-1» каналына аялдады. Мұнда да «АртСтрой Сервис» ЖШС мердігерлігімен тиісті жұмыстар басталған. Каналдың ұзындығы 3,35 метрді құрайды.
Бұған қоса шаһар басшысы «Оңтүстік» құрғату каналы мен «Қапал» каналдарын тазалау жұмыстарын да көрді. Бұл каналдардың бойында да «ЯСА» және «Адал KZ Құрылыс» ЖШС-мен механикалық тазарту жүргізілуде.
Тиісті жұмыстардың барысына қаныққан Бақытжан Әмірбекұлы каналдарды тазалау жауапты міндет екенін баса айтты.
– Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында. Сондықтан салғырттыққа жол беруге болмайды. Әрбір жұмыс сапалы әрі тиянақты орындалуға тиіс. Сондай-ақ каналдардан алынған қоқыстарды уақытылы шығарып тастау керек. Себебі одан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қауып, маңайдағы тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Қазіргі жұмыс барысы көңіл көншітпей тұр. Сол үшін алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтырып, тазарту жұмыстарына адам мен техника күшін көбірек тартқан жөн, – деген қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Осы орайда айта кетерлігі, қала аумағында 8 ирригациялық канал бар. Олардың жалпы ұзындығы 82,55 шақырымды құрайды. Ал дренаж каналдарының саны – 2.
Ағымдағы жылы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары басталуда. Сондай-ақ 15 жылдан астам уақыт іске қосылмаған «Сеңкібай» каналының арналары қалпына келтіріліп, ағын су беру көзделіп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүруде.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.