Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада қарқынды құрылыс

0 310

Облыс орталығы жыл сайын жаңа нысандармен толықтырылып, жөндеу жұмыстары жиі жүргізілетін құрылыс алаңына айналған. Маңызды жобаларды жүзеге асыру аясы қала әкімдігімен қоса облыс әкімдігінің де жіті бақылауында. Соның нәтижесінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен қала көшелеріне тас жолдар төселіп, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Шаһардағы жұмыстардың жай-жапсарын бақылау мақсатында аймақ басшысы бірқатар құрылыс нысандарында болды.

Әуелі Асқар Исабекұлы қаланың «Тайвань» алқабындағы жол салу жұмыстарымен танысты. Онда ұзындығы 27,7 шақырымды құрайтын 18 көше болса, құрылыс жұмыстарына бұрылыстарымен қоса есептегенде 481 миллион 564 мың теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда 18 көшенің 14 көшесі толығымен аяқталуға жақын.
– Алқаптың кейбір көшелеріне осы уақытқа дейін жол салынбаған еді. Таңертең жұмысқа шығарда жаңбырдан кейінгі лай сумен жүруге мәжбүр болатынбыз. Тіпті балалар аяқтарына целлофан қаптарды орап жүретін. Қуанышымызға орай, мұның бәрі шешімін тапты. Ендігі тілегіміз – жүйткіген көліктерге тосқауыл болу үшін жол кедергілері орнатылса және жол жиегіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төселсе, – дейді көше тұрғыны Аруна Мұсабек.
Қазір қаламыздың 230 көшесінде арнайы тротуарлар бар. Себебі кейбір көшелер тарлығына байланысты стандартқа сай келмей тұр. Аймақ басшысы «Қарасу» шағын ауданындағы көпбалалы отбасыларға арналған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңын да назардан қалдырмады. Онда көпбалалы отбасылар өзінің үй кезегі келгенге дейін тұратын болады. Қазір тұрғындар өтініштерін тапсыруда. Ол өтініштерді арнайы комиссия тізім бойынша қабылдайтын болады. Қазір қала бойынша 1300 көпбалалы отбасы тіркелген. Енді олар жыл соңына дейін 45 пәтерлік 4 жатақханада қоныс тойларын жасамақ.
– Қазіргі кезде құрылыс алаңында көпбалалы отбасыларға арналған 4 үйдің құрылысы қарастырылған. Әр үй 45 пәтерден, жалпы алаңда 180 пәтер болады. Әр пәтер 52-54 шаршы метрді құрайды. Екі бөлмелі пәтерлер құрылысын тамыз айынан бастадық. Қазір 4 үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын қоса алып, тіпті инженерлік құрылыс бұйымдарына дейін жасаудамыз. Үйлердің темір бетон бұйымдары өзіміздің құрылыс зауыттарымызда дайындалуда. Ал қалған әрлеу жұмыстарының барлығында отандық өнімдерді пайдаланып жатырмыз. Қазір бұйымдар өндіретін комбинат пен әрлеу жұмыстарына 500 адам жұмылдырылды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 700-800 адамға дейін арттырамыз. Қазір құрылысқа қажетті көліктер сақадай сай, керек-жарақтар да жеткілікті. Мұндағы әр жатақхана құны 280 миллион 172 мыңды құрайды. Бізге бөлінген қаржыны жылдың соңына дейін кестеден қалмай толық игереміз, – дейді «Бином» ЖШС бас директорының орынбасары Мәди Қасымбекұлы.
Облыс басшысының кезекті аялдамасы «Ақбұлақ» шағын ауданында жалғасты. №9, №17 үйлердегі жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесін көрді. Аталған 5 қабатты 70 пәтерлі тұрғын үйлер 1966 жылы салынған. Өз кезегінде тұрғын үйлердің шатырлары, инженерлік желілері (жылу жүйесі, ыстық және мұздай су, кәріз жүйесі, элеватор торабы, электр жүйесі), сондай-ақ кіреберіс дәліздері күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 292 миллион 945 мың теңгені құрайды.
Қала бойынша жөндеу жұмыстарына сұранып тұрған 25 үй түзетілуде. Оған 989,6 миллион теңге қаржы бөлінді. Мұндағы 540 миллион теңге қала бюджеті есебінен болса, қалған қаражат алдыңғы жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлерден қайтарым қаржы есебінен алынды.
Қала бойынша барлығы 1298 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 300-ге жуық үй күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Келер жылы 3,4 млрд теңгеге 80 үйдің жөндеу жұмыстарына республикалық қазынадан қаражат бөлуге бюджеттік өтінім Құрылыс комитетіне тапсырылды.

Сәндібек Піренов,
ТарМУ студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.