Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада қар тазалау жұмыстары қарқынды

0 286

Қыстың бірінші айына жаңа қадам басқанда, қалаға алғашқы қар да түсті. Облыс орталығында «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС тарапынан 2023-2024 жылдың қысқы маусымында қала аумағындағы автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарында (тротуар) төтенше жағдайлар туындамас үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

Айталық, қазіргі таңда шаһар көшелеріндегі қарды күреуге және тұз аралас құм шашу жұмыстарына серіктестік 50-ге жуық техниканы жұмылдыруда. Нақтырақ тоқталсақ, 23 бірлік қар күрейтін, 7 бірлік жаяу жүргіншілер жолын тазалайтын (тротуар) МК-320, 2 бірлік жаяу жүргіншілер жолын тазалайтын (тротуар) МТЗ-82, 3 бірлік құм, қар тиегіш, келісім-шарт бойынша жалға алынған 1 бірлік құм, қар тиегіш, 1 бірлік Зил-130 аударғыш (самосвал), 2 бірлік Газ-53 аударғыш (самосвал) 4 бірлік МТЗ-82 тіркемесімен бар, 5 бірлік КАМАЗ және 2 бірлік автогрейдер техникалары қызмет көрсетуде.

Қар тазалау бригадалары тәулік бойы ауысымды кесте бойынша жұмыс істейтін болады. Серіктестікте диспетчерлік қызмет те қарастырылған. Олар барлық жұмысты бақылауда ұстайды. Жұмысшылар үшін демалыс бөлмесі жабдықталған және үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ осы жұмыстарды бақылау үшін мекеме қызметкерлеріне күнделікті кезекшілік кестесі бекітілді.

Қазіргі таңда серіктестіктің қоймасында 4500 текше метр құм, 300 тонна тұз бар. Сонымен қатар, қосымша қыс мезгілінде қала жолдарын қардан тазартуға 1400 тонна тұз алу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жеңімпаз «Автогрант-МК» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС қоймасына шамамен 1000 тоннасы жеткізілді. Қалған 400 тоннасын желтоқсан айының 20-сына дейін жеткізу жоспарланған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.