Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала қысқа дайын ба?

0 158

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалымен қысқы кезеңге дайындық жұмыстары туралы кеңес өтті. Әуелі жиынның күн тәртібіне сәйкес, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ғабит Алтаев жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, шаһардағы 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорынның барлығы 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітіп, сол бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ «Таразтрансэнерго» МКК-ы бойынша жалпы 131,944 мың, «Жамбыл Жылу» МКК-ы бойынша жалпы 176,4 мың, «Таразэнергоорталық» АҚ-ы бойынша 243,98 мың, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ-ы бойынша жалпы 6 100,0 миллион, «София» ЖШС бойынша жалпы 1,897 мың теңге қаражат қарастырған. Көрсетілген сомаларға кәсіпорындар қазандықтарға қосалқы бөлшектер, қазандар, сорғылар сатып алу-орнату, қазандық ғимараттарына, энергоблоктарға күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Кәсіпорын қазандықтарында негізгі пайдаланылатын отын түрі – табиғи газ. Осыған орай, барлық кәсіпорындар газ жеткізу бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ-мен келісім-шартқа отырған. Сонымен қатар, қазіргі таңда «Жамбыл-Жылу» МКК-да резервтік 342 тонна көмір, 390 тонна мазут, «Таразэнергоорталық» АҚ-да 1865,6 тонна мазут, «Таразтрансэнерго» МКК-да 10 тонна көмір, «София» ЖШС-де 10 тонна көмір, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-да 11 993 тонна мазут қоры бар.
Бұдан кейін «Таразтрансэнерго» МКҚ директоры Князь Туртаева жылу желілерінің дайындығы бүгінгі күні 92 пайызды құрайтынын жеткізді.
– «Таразэнергоорталық» АҚ-мен бекітілген бағдарламаға сәйкес 2023 жылғы 1-30 маусым аралығында ТЭЦ-4 және РК-4 жылу көздерінен магистральдық және ішкі кварталдық жылу желілерін беріктігін анықтау үшін гидравликалық сығымдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 56 дефектілер анықталып, тез арада қалпына келтірілді. Сондай-ақ магистральдық және ішкікварталдық жылу желілері бойынша желінің ақаулы учаскелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары, сальникті компенсаторлардың тығыздағыштарын толтыру, монтаждау люктерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.Барлық қазандықтар мен жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізу нәтижесінде жылу желісінде 2 дефекті (порыв) анықталып, дер кезінде жойылды, – деген Князь Таңатарқызы бұл бағыттағы проблемалық мәселелерді де жіпке тізді. Ал Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Асанәлі Түкебаевтың сөзінше, шаһарда қазіргі күні 1316 көппәтерлі тұрғын үй жылыту маусымына дайын. Сондай-ақ 28 көппәтерлі тұрғын үйдің жылумен жабдықтау жүйесінде ақаулар анықталып,қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жертөлесіндегі құбырларының тозығы жеткен 4 көппәтерлі тұрғын үй анықталған. Бұл үйлердің иелерінің өз күшімен құбырлар мен қосалқы бөлшектерді ауыстыруға мүмкіндіктері келмегендіктен демеушілер қарастырылуда.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігін жеткізді.
– Әне-міне дегенше күздің алғашқы айы да аяқталуға жақын. Санаулы күндерден соң қылышын сүйретіп қыс та жетеді. Сондықтан ертерек қамданбасақ қапы қаламыз. Ол үшін жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеделдету керек. Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың қазан айының басына дейін қаламыз толығымен қысқы кезеңге дайын болуы тиіс. Бұл мәселеге келгенде бейқамдық танытып, созбалаңға салуға болмайды, – деген қала әкімі сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.