Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала тазалығы – басты назарда

0 234

Тазалық тазалаған емес, таза ұстаған жерде орнайды. Бұл қағидат бүгін де өз құндылығын жойған емес. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте тазалық мәселесі күн тәртібіне көтеріліп, жан-жақты талқыға түсті.

Қала әкімінің кеңесшісі Нұржан Нұралиевтің баяндамасына сүйенсек, қазіргі таңда «Жасыл ел-Тараз» мекемесі кәсіпкерлік нысандармен жұмыс жүргізіп, 1 386 келісімшарт жасаған екен. Олардың 1 137-сі – көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан кәсіпкерлік нысандар. Ал жеке ғимаратта орналасқан 172-сінің өз қоқыс алаңшасы болса, 77-сі көпқабатты тұрғын үйлерге арналған қоқыс алаңдарына тастайды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарға келер болсақ, шаһар бойынша 350 қоқыс алаңы орнатылған. Аталған алаңдар 1 500 қоқыс жәшігімен қамтылған. Бүгінгі таңға қоқыс жәшіктерінің жарамдылығы 85 пайызды құраса, қалған 15 пайызын ауыстыру немесе қалпына келтіру қажет етілуде.
Күнделікті тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға 17 арнайы қоқыс шығаратын техника, 3 жүк тиегіш және 10 «КамАЗ» көлігі жұмылдырылған.
Осы жылдың қазан айында көше бойына құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 211 заң бұзушылық анықталып, оның 179-ына ескерту берілсе, 32-сіне айыппұл салынған. Жалпы айыппұл сомасы 712 012 теңгені құраған.
Міне, осындай атқарылған жұмыстарға қаныққан қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил тазалық тазалаған емес, таза ұстаған жерде орнайтынын жиналғандардың есіне салды. Сондай-ақ тәртіп сақшыларын тазалықты бірлесе қамтамасыз етуге және айыппұл салу жұмыстарына күш жұмылдыруға шақырды.
Аппараттық кеңес барысында қазына қаржысының игерілуі, жол, тұрғын үй құрылысы сынды өзге мәселелерге қатысты да жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.

Дедек ТӨЛЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.