Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала көркі – бәрімізге абырой

0 167

Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы орындалуы әкімдіктің және мердігер мекеменің мерейі десе болатындай. Бұл бағытта үлкен құрылыс алаңына айналған Тараз шаһарында атқарылып жатқан іс аз емес. Оның үстіне әр ыстық нүктені күн сайын қала әкімі Айтқазы Қарабалаев өзі аралап, жұмыс барысын жіті қадағалайды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Өткен аптада Айтқазы Дәулетқұлұлы қаладағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан бірнеше құрылыс нысанының жағдайымен танысып қайтты. Ең әуелі әкім бастаған топ Жамбыл даңғылының Мәмбет батыр көшесіне дейінгі оң жақ беттегі жолайрықтың құрылыс жұмыстары жөнінде мердігер «Тараз-көлік жолы» ЖШС өкілдерімен кеңесіп, қазығын қағып, нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік желіде «ағаштар кесіле ме?» деп алаңдаушылық білдірген халыққа әкімдік өкілдері құрылыс жұмыстарына ағаштардың ешқандай кесірі тимейтінін хабарлады. Жол салынатын нүктеде тартылған газ құбырларын жер астымен өткізу аймақтық «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалына тапсырылып, бүгінде дәнекерлеу жұмыстары басталып кеткен. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, бұл жол салынған соң, «Ауыл-Береке» базарына баратын жалғыз күре жолда көлік кептелісі азайып, жүргізушілерге оңтайлы жағдай жасалмақ.
Бұдан соң Айтқазы Дәулетқұлұлы көптен бері қала тұрғындарын әбігерге салған құрылыс нүктелеріне ат басын бұрды. Әлбетте, орталықта өмір сүретін жұртшылық үшін құрылыс жұмыстары ыңғайсыздық тудырады. Дегенмен жер астында жарты ғасырдан астам жатып, пайдалануға жарамсыз болып қалған магистральды құбырлар дер кезінде жаңаланса, талай жыл тұрғындар ыстық суды емін-еркін пайдаланады. Сондықтан да бұл тұрғыдан тараздықтардың төзімділік танытқаны абзал. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шаһар тұрғындарына ыстық суды тез арада беру үшін Әйтиев көшесіндегі құрылыс басындағы жұмысшылар тәулік бойы аяқтарынан тік тұрып, құрылыс қарқынын жеделдетіп жатыр. Айтқазы Қарабалаев аталмыш жобаны іске асырып жатқан «Арайстроймаркет-2003» ЖШС өкілдеріне алмастырылған құбырдың үстіне төгілетін топырақты нығыздап, асфальтты тегіс етіп төсеуге ерекше мән беруді тапсырды. Келешекте орталықтағы жолдардың сапасы сын көтермей жатса, тағы да жапа шегетін қала тұрғындары екені баса айтылды. Қаладағы кей жұмыстардың кешеуілдеуіне карантин кезінде індет жұқтырып алу деректерінің көбеюі себеп болып отыр. Сол үшін де құрылысшыларға сақтық шараларын сақтау керектігі де ескертілді. Қала әкімі бастаған топ дәл осындай жұмыстар жүргізіліп жатқан Әйтеке би көшесіне де арнайы барып, аяқталуға жақындаған шаруаларды пысықтап қайтты.
Ескере кететін жайт, биыл Тараз қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 163 аула алаңдарын абаттандыру жұмыстарына толығымен мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, жобаларға жалпы құны 2 289 671,0 теңге қаржы қарастырылды. Бұл жұмыстар осы жылдың 15 мамырында басталып, 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.
Жақында ғана кеңейтіліп, асфальт төселген Қойгелді, Желтоқсан көшелерінің бойына, көк шөптің үстіне төгілген асфальт қалдықтарының үйінділері тұрғындардың ашуын тудырған болатын. Айтқазы Қарабалаев осы көшелерде жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компания басшылығына бір жұмысты екі рет істеп, елді әбігерге салып, табиғатқа залал келтіргендері үшін тиісті мекеме мамандарын шақыртып, айыппұл салдырған болатын. Екі күн ішінде көше бойын үйінділерден тазартуды тапсырған шаһар басшысы жұмыс барысын өзі келіп тексерді.
– Жол бойына төгілген үйінділер жай топырақ болса үндемеуге болар еді. Бірақ ол – кәдімгі асфальттың қалдығы. Қала халқы суарып, көзінің майын тамызып өсіріп отырған көгалға қалдық тастап кету осында жөндеу жұмыстарын жүргізген серіктестіктің жауапсыздығын көрсетіп отыр. Бұл экологияға да зиян. Бұған байланысты мен Тараз қалалық ішкі істер басқармасына ескерту бердім. Жауапты мекемеге де айыппұл салынды, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Сонымен қатар әріптесіміз, «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Кирилл Бердецкийдің әлеуметтік желіге жариялаған мәселесіне де қала әкімдігі бірден қайырылып, жағдайды реттеуге жедел кірісті. Тілшіміздің баяндауы бойынша Абай даңғылының бойындағы «Самарқанд» дәмханасына қарама-қарсы арыққа белгісіз біреулер бір жүк көлік шағал тас төгіп кеткен. Нәтижесінде арықпен өтетін су жан-жаққа жайылып, маңайы аз ғана уақыт ішінде көлшікке айналған. Тұрғындар автокөлік жолымен айналып өтуге мәжбүр болған. Әріптесіміздің жарияланымын қала әкімдігі дер кезінде назарға алып, мәселенің мән-жайын зерттеді. Сонымен қатар көше бойына асфальт үйінділерін қалдырып кеткен де осы серіктестіктің жұмысшылары екені анықталды. Бейберекетсіздікке бой алдырып үйренген осындай мекемелерге сабақ болу үшін әкімдікке қарасты бөлімдер тарапынан аталмыш серіктестікке айыппұл салынды. Өз кезегінде қала тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушылары әкімдіктің жедел әрекетіне ризашылықтарын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.