Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғашқы «Құлыпсыз кітапхана»

0 709

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын іске асыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов гаджеттерді кітаппен алмастыру үшін мектептердің базасында «құлыпсыз кітапханалар» ашуды тапсырған болатын. Министрдің тапсырмасын қала мектептерінде алғашқылардың бірі болып №47 орта мектеп орындап, оқушылар мен ұстаздардың бос уақытын тиімді пайдалануларына арналған ашық рекреациялық аймақ – «құлыпсыз кітапхананы» ашты. Бұл бастама балаларды кітап оқуға ынталандырады, қызықты, заманауи кітаптардың қолжетімді болуына септігін тигізеді. Әсіресе үйінде сабақ оқуға жағдайы жоқ балалар үшін таптырмас көмек болатыны анық.

Құлпы жоқ кітапхананың салтанатты ашылуына қалалық білім бөлімінің әдіскері Гаухар Шеримова, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Білім шырағы» педагогикалық-ақпараттық газетінің бас редакторы Райхан Бостанова, қалалық білім бөлімінің кітапхана ісі жөніндегі әдіскері Толқын Аяпбергенова, қала мектептерінің кітапханашылары, ардагер ұстаздар мен оқырмандар қатысты.
Шара барысында №47 орта мектеп кітапханасының меңгерушісі Бақытхан Кунафина жаңашыл, заманауи кітапхана аймағына экскурсия жасады. Сондай-ақ осы күні ізденімпаз, кәсіби шеберлігі жоғары маман Бақытхан Ақтілеуқызына ҚР Оқу-ағарту министрлігі Әдістемелік және үйлестіру орталығы республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының Құрмет грамотасы табысталды.
– Бұл жоба мектеп кітапханаларына жаңаша дем берді, кітапханалардың оң имиджін құруға ықпал етті. Кітапханалық кеңістікті түбегейлі модернизациялау, оқырманның келуіне жайлылық жасауға бағытталған. Сонымен қатар «құлыпсыз кітапхананың» ашылуы оқушыларды парасаттылыққа, адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді. Осындай ізгі қасиеттерді бойына қалыптастырған баланың болашағы да жарқын болмақ. «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі» демекші, кітапты серік еткен адамның ақылы азбайды, – деген №47 орта мектептің директоры Айжан Абдешова көпшілікті ақылына ақы сұрамайтын кітаппен дос болуға шақырды.

Айдана Қуатова, журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.