Алқаптар ауызсумен толығымен қамтамасыз етілуде
Тараз қаласында ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүруде. Айталық, былтыр «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және «28 саяжай» тұрғын алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй ауызсумен қамтамасыз етілді. Ал 2024 жылы «Шалғай Қарасу 1,2,3,4,5,6,7», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптары орталықтандырылған ауызсумен қамтылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізіп жатқан Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, осылайша орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 100 пайызға жетпек.
Сондай-ақ шаһар тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп, оны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған. Магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты «Теміржол су-Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырлары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне алынып, жаңғыртуға жоба әзірленуде.