Қалалық қоғамдық-саяси газет

Айша бибі – Қарахан

(поэмадан үзінді)

0 543

Тараз жайлы, Тараз жайлы ойласаң,
Тағы да бар өзгеше бір тоймас ән.
ОЛ: Айша бибі, Шахмахмұт сезімі,
Жанды билер, сезім көгін жайласаң.
Қанша ғасыр қанша заман өткенмен,
Тәтті өмірге қанша сұлу жеткенмен.
Айша бибі ақ махаббат пірі боп
Мәңгілікке тең тұрады көктеммен.
Жетелейтін адал, текті Асқарға,
Паш ететін алыс-жақын достарға.
Кеше, бүгін, ертең де үлгі Айша ару,
Ақ сүйетін, нақ сүйетін жастарға!
Атам айтқан… «Әнбар бибі ананың»
Перзенті екеу, Айша үлкені еді баланың.
Әкесі өліп, өгей әке қолында,
Бойжетіпті елігіндей даланың.
Алла әмірі – Көктен түскен Ақ-Нұрдан,
Ата-баба сансыз бапқа қалдырған.
Үш пұт, тоғыз Тұтам құранды ашып,
Ат қойып Айша аталған балдырған.
Кейінгі әке Зеңгі баба Айшаға,
Батырлықтан мол беріпті ой-сана.
Атамекен, ата кәсіп, ата жол,
Елді сақтар шын қамал деп баршаға.
Айша сауыт, әсем бешпент киетін,
Атасы да перзентіндей сүйетін.
Жиын-тойда садақ тартса Айша қыз,
Жамбыларды төртке бөліп тиетін.
Жауқазындай өскен кезі еді Айшаның,
Көңілі сүйіп көзі түскен баршаның.
Атасына асатаяқ кеспек боп
Шатқалына барып еді аршаның.
Ақ боз атты болат сауыт киінген
Құйрығы шарт пырағының түйілген.
Алып жігіт арша кескен Айшаны
Көріп қайрат, келбетіне сүйінген.
Қыз да байқап жігіт назар, сезімін,
Көп қарады қиығымен көзінің.
Жігіт қызға ат үстінен бір арша,
Кесіп берді қанжарымен өзінің.
Деді: – Атаға бізден сәлем айтыңыз,
Қыз баласыз, жалғыз жүрмей қайтыңыз.
Бұл маңайда қарақшы көп, сіз жалғыз,
Тәуекелге қалай қорықпай бардыңыз?!
Айша айтты: – Батыр, ойың жаман ғой,
Қарақшы да сен сияқты адам ғой.
Жай адамнан айырмасы олардың –
Жүрек қара, көңіл соқыр, надан ғой…
Қарақшыны жігіт керек шабатын,
Соқырларға білім керек жағатын.
Маған жаның ашымай-ақ жүре бер,
Байқауымда жолың алыс баратын.
Соларыңнан қорғана алам өзім де, –
Деп бір ұшқын жарқылдады көзінде.
Осы сәуле найзағайдай от шашқан
Жас жігіттің бойындағы сезімге.
– Мені қыз деп кемсінгенің дұрыс па?
Қыз атаға сыйлық тартса бұрыс па? –
Деді де Айша жалт бұрылды ашулы
Қолын созып беліндегі қылышқа.
– Сауға! Сауға! – деді жігіт жайдары,
Ренжіттім күдік айтып қайдағы.
Менің атым – Шахмахмұт, сен кімсің
Ақ шырақтай жарқыраған айдағы?
Жымиды қыз, енді көңілі орнықты,
Бәлкім, жігіт көзіндегі сырды ұқты.
Екеуі де үнсіз қалды бір сәтке,
Бұзу қиын жүректегі жарлықты.
Бұдан соң да бұлар талай жолыққан,
Айша жайлы жігіт терең сыр ұққан.
Әнбар бибі екі жастың тілеуін,
Қабыл көріп бар сырына қаныққан…
…Қыз. Шахмахмұт жесірі атанды,
Айша ару енді бибі аталды.
Бір күні қыз «жолбарыспен алысқан
Шахмахмұт жаралы» деген хат алды.
Сапар шексе, ақ жол болар батасы,
Үйде жоқ ед, Зеңгі баба атасы.
Күтпеді Айша, жолға шықты асығыс
Мүмкін осы болды ма екен қатесі?!
Күншілік жоқ.Намаз-Пешін жеткен соң.
Қыз аттан түсті, Тас өткелден өткен соң.
Жайнамазда жылан шақты аруды
Қимылдамай, тұрды намаз біткен соң.
Кенет ару демі жетпей алқынды,
Қос сіңірі қайта-қайта тартылды.
Сөйледі қыз: «Қайран Талас сен қамқор
Болмадың», – деп көбік шашқан толқынды…
Бойын сезіп, ауырлап бір ісінген,
Өз жағдайын Айша анық түсінген.
Шахмахмұтқа жетем деп қыз асықты
Енді айырылмай тұрғанымда есімнен.
Қалтырады…Қызда дегбір қалмады,
Атқа мінер дәрмені де болмады.
Қатал өлім нақ сүйері жолында
Сапар шеккен Айшаны да жалмады…!
Кімді аяп, кім құтылған ажалдан?!
Аса алмады Айша да сол қамалдан.
Әттең, әттең алдағандай талайды
Алдап кетті Айшаны да әз арман.
Қала маңы, болатын ол кез торулы,
Керуен күзет, жасауылдар қарулы.
Әбжыланның «қаһарынан» көз жұмған,
Таразға алып барды Айша аруды.
Жолбарыстан азап шеккен жаралы,
Осы екен ғой, Құдай басқа салары.
«Сені іздеген Айша жолда өлді» деп
Шахмахмұтқа хабар жетті қаралы.
Айша өлді деп Шахмахмұт сенбейді,
Қатал тағдыр кім ырқына көнбейді?!
Жөн ед, – деді: – Айша өлсе, мені де
Жаратқанның ажал беріп көмгені.
Сен күтуші жүре-тұғын қасында,
Келгенше неге сақ болмадың осында!
Менің Айшам не деп кетті, айт, – деді
Шахмахмұт өктем Бабажа хатунға!
Айшаңыз серт айтқандай өрнекті,
Шахмахмұт – шахым, – деп жан тербетті.
Тағы да ғажайып осы жер… күз…
Енді мен демалайын, – деп кетті.
Дегенде батыр басын изеп айнала,
Шахмахмұт алысқа қарап ойлана.
– Тап сол жерге сұлу күмбез орнатам,
Жаның мен келгенше! – деді жай ғана!
Қырық күн жатты қайран жүрек қиналып,
Елі келіп, тоқтау айтты жиналып.
Жұртын сыйлап жігіт тұрды орнынан
Әзер сөйлеп, үнсіз, тілі байланып.
– Қош дей алман, қайран Айша, бар бер,
Бәрімізді жұтады осы қара жер…
Жан жүрегім жер қойнына жеткенше,
Деп, Өмірім сен өзгеше бола гөр!…
Қайғыны жеңіп, ақыл-естен тандырған,
Терең құмнан бес жүз серке алдырған.
Мың құланның жал-құйрығын күзем қып,
Майға илеп, кірпішке өрнек салдырған.
Ғажап елу ою-өрнек түрімен,
Жаралғандай Хауа ананың нұрымен.
Айша бибі кесенесін тұрғызды
Асқақтаған ақ махаббат жырымен.
Айша бибі махаббат пірі боп,
Айша бибі ұлы Тараз жыры боп.
Содан бері ғасырларға жалғасқан
Ғашықтардың таусылмайтын сыры боп!
Билігі бар елді аузына қаратқан,
Шахмахмұт нақ сүйерін жоғалтқан.
Содан кейін сопы боп жалғыз өтіпті,
Құлшылық қып бір Құдайға жаратқан.
Түсінде аян, иемізден бата алған,
Айшаны өшпес «Жаңа өмірге» апарған.
Осылайша, Шахмахмұт-Қарахан баба
Сопылықпен «Әулие Ата» атанған!
Ел тәу етіп кескінделер назары,
Үлкен әруақ-тірілердің базары.
Ұлы Тараз төрінде тұр киелі
Қарахан, Әулие Ата, Шахмахмұт мазары!
Таусылмайтын Тараз ұзақ жыр бүгін,
Нұр көтерген аспанының түндігін.
Инабатты, ғибадатты Тараздан
Жат ұғынар ұлы Қазақ кеңдігін.
Тербетеді Таразды ұрпақ әнімен,
Жаңа өмірге лайықты сәнімен.
Бүгін Тараз қанат жайды өзгеше,
Бәсекелес төрт тараптың бәрімен.
Елдік биік – бостандықтың бағасы!
Жеңсіз тұйық – ағайынның аласы!
Теңдігімен қайта туған қазақтың
Жаса, Тараз! Ата тарих қаласы!

Жапар Сатылғанов,
творчестволық жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты,
Алматы қаласы, 1981 жыл

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.