Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аймауытов және балалар әдебиеті

0 1  344

Академик Серік Қирабаев «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын» деп бағалаған Жүсіпбек Аймауытұлының өлең, әңгіме, мақала, фельетон, пьеса, повесть, романдарымен саналы оқырман таныс деп ойлаймын. Жазушының жаңа шығармалары да табылып, әдебиетіміздің ортақ олжасына айналып жатыр.

Жүсіпбек Аймауытұлының балаларға арналған шығармалары да ерекше. Бұлар туралы да Серік Қирабаев: «Жүсіпбек көп шығармасын жаңа, жас ұрпаққа арнады. Соларды жаңа рухта, күрескерлікке, адамгершілікке тәрбиелейтін кітаптар жазды. Оның балаларға арнап жазған «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз» сияқты ертегілері бар. Олар суретті кітапша үлгісінде жазылған», – деп жазған екен («Жүсіпбек Аймауытов», Алматы, 1990 жыл).
Бала оқытушыларға арнап «Тәрбиеге жетекші», «Комплексті оқыту жолдары» секілді еңбектер жазған жазушының балаларға арнап қалам тербеуі заңды.
Ал «Қазақстан жазушылары» анықтамалығында (Алматы – «Анарыс» баспасы, 2009 жыл) Жүсіпбектің балаларға арналған шығармалары туралы: «Ең маңыздысы, бұл еңбектер бүгін де рухани-тәлімдік қырларымен мәнді», – делінген.
Мен бұл шағын жазбамда Жүсіпбек Аймауытұлының «Жаман тымақ» кітабы туралы сөз қозғамақпын. 48 беттік кітап 1992 жылы «Балауса» (Алматы) баспасынан шыққан. Онда жазушының 1929 жылы жарық көрген «Жаңа ауыл», «Көк өгіз», «Жаман тымақ» секілді жеке кітаптарына енген, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген балаларға арналған туындылары жинақталған. Шығармалар адалдық, әдептілік, бірлік, елдік пен ерлік салттарын жырлап, табиғат суреттерін арқау еткен.
Кітаптың құрастырушысы – филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек: «…Жинаққа енген өлеңдер өмір өрнектерін қаз қалпында көрсетуімен дараланса, шағын жұмбақ пен әңгіме, ертегілердің табиғаты мен мазмұнынан күнделікті тұрмыстағы әртүрлі көрініс, оқиғалар айқын аңғарылады», – деп жазады. Ең бастысы, жазушының бұл шығармалары рухани-тәлімдік мәнін жоғалтпаған.
«Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң,
Үйренерсің, іздеп көрсең, қалмасаң.
Қу өнерді, бу беліңді, жегер сал,
Пайда аларсың, қаужанарасың, тоймасаң», – деп оқу-білімге шақыратын Жүсіпбектің балаларға арналған шығармалары ағартушылық бағытқа ие. Кітаптың бірінші бетінде басылған бұл өлеңдегі белді буып, өнерді қуу жігер салуды қажет ететінін екінің бірі ұғына бермейді. Білім алуды «Сабақтан қалмау, сөмке тасу, қоңырау соғылғанын күту» деп қана ұғып келген мен секілді «оқымыстылар» әлі «пайда алмағанымызды» кеш біліп, бармақ тістеп жатырмыз.
Кітаптағы әр өлең, әр жұмбақ, әр ертегінің айтар ойы, сілтер бағыты анық. Оның барлығын сезу, тану жауапкершілігін оқырманның еншісіне қалдырып, өзіме ерекше ұнаған екі әңгімеге тоқталғым келеді.
Әуелгі әңгіме «Жаңа талап» деп аталады. Әңгіме «Жаңбыр сіркіреп тұр. Шегебай етікші баласы Мұқанды мектепке жаздырайын деп, Дәндебай ауылындағы мұғалімге алып жүрді» деп басталады. Мұқан – 10 жасқа толып қалған, еркелеу, «етігін босқа тоздырып жүрген» бала.
Содан әке мен бала мектепке келеді. Әңгіме кіріспесіндегі алғашқы жетекші ой – «Мектеп дегені терезелері үлкен, өзі де биіктеу үлкен там үй екен. Маңдайындағы тақтайда жазуы бар екен. Не жазу екенін Мұқан таныған жоқ» деген сөйлемдер.
Жазушы білім ордасын сипаттағанда «терезелері үлкен», «биіктеу» деген сөздерді қолданады. Мұның астарында білім-ғылымның да қандай биік, қандай үлкен екенін аңғарту жатқан секілді. Үлкен терезеден жарық мол түседі. Білім – жарық. Терезе – зейін. Оқушы қаншалықты зейінді болса, қаншалықты ықыласты болса, соншалықты мол білім алады.
Ал Мұқанның жазуды танымауы – білімсіздіктің көрінісі. Бұл жерде сауаты жоқ Мұқан ғана емес. Жиынтық бейне екені де белгілі.
Мұқан мен әкесі мектепке кіргенде мұғалім кітаптарды «шқапқа» жинастырып тұр екен. Ол әкесінің айтуымен баланың аты-жөнін, жасын, әке-шешесі не кәсіп қылатынын жазып алады.
Осы сәтте білімсіздікпен қоса «жасқаншақтық» көрініс береді. Себебі Мұқан «өзінен бірдеңе сұрап қала ма деп қыпылдап барады». Одан кейін, әкесі шығап кеткенде, мұғалім шәкіртті сөзге тарта бастайды. «…Мұқан қорқып кетті». Әкесінің соңынан тұра жүгірейін деп ойлады. Міне, осы жерде «қорқақтық» көрінді.
Одан кейін Мұқан «жігерсіздігін» танытты. Мұғалім: «Оқу оқығың келе ме?», – деп сұрағанда, «өзі төмен қарап тұрған Мұқанның мойны одан бетер тоқырып кетті. Қысылып, түк айта алмады».
Бұл тұста сауатсыз Мұқанның мінезі толық ашылады. Білімі жоқ шәкірттің бейнесі көз алдыңызға келеді. Осы кезде мұғалім шәкіртті баурап алуға талпыныс жасайды. Ол әрекеті – баланы жұмысқа араластыру. Мұқанды кітап жинауға «болыстырады». Шәкірт мұғалім нұсқаған кітаптарды алып беріп тұрады. Сонда да еш сөйлемейді. Қойған сауалға үндемей немесе бас шайқап қана жауап беріп тұрады.
Бір мезетте мұғалім Мұқанның «тілін шығарды»:
«… – Балғамен шеге қағуды білетін шығарсың…
– Білем, – деді Мұқан дауысын зор шығарып.
– Е, тағы не білесің?
– Тарамыс тоқпақтауды білем.
– Жақсы…»
Мұғалім баланың неге қызығатынын біліп алды. «…Уа, жігіт екенсің! Сен әлі оқуды да жақсы оқырсың…», – деп Мұқанға сенім бере сөйлейді.
Мұғалім есептен қорқатын Мұқанға есептің қандай болатынын да нақты көрсетіп береді.
Ал, әңгіменің шарықтау шегі мына бір диалогта тұрған секілді:
Мұғалім есептің мысалын көрсеткеннен кейін:
«… – Жазу ше? – деп сұрады Мұқан.
– Жазудың несі бар? Оны да үйренесің.
– Менің бармағым келмейді ғой.
– Кәне, сенің бармағың басқа ма? Көрсетші.
Мұқан бармағын тарбитып көрсетті. Мұғалім қалжыңдап, бармақтарын санады. – Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу… Бес бармақ, осы аз ба саған?
Мұқан жымиды.
– Бесеу болғанмен жаман ғой, мұндай бармақпен кісі жаза ала ма?
– Әбден жаза алады. Осы бармақтармен біз, пышақ ұстай білесің ғой?
– Пышақты ұстаймын.
– Қасықты ше?
– Оны да білем.
– Ендеше, қарындашты да сөйтіп ұстап үйренесің…».
Диалогтың осы тұсына келгенде мен де Мұқан секілді еріксіз жымидым. Бала кезімде күрек ұстап, қора тазалауға ерінген кезде, әкем: «Нан жеу білесің бе? Білесің! Жұмыс істей де білеуің керек!», – дейтін. Сол сөзді естігенде өз-өзімнен намыстанып, тырысып-тырмысып кететінмін.
Мұғалімнің сөзінен кейін Мұқанда сенімділік оянады. Одан кейін мұғалім оқуды «Кітаптағы суреттерге қарап үйренесің» деп оның қолына кітап береді.
«…Мұқан кітапты ақтарып қарай бастады…
– Оһо! Сырғанақ! – деп дауыстап жіберді Мұқан.
Мұғалім қасына келіп: – Сен төбе басынан сырғанақ теуіп пе едің? – деп сұрады.
– Тепкем.
– Немен тептің?
Тағы әлгіндей әңгімелесіп кетті. Енді манағыдай емес. Мұқан мұғалімнен ұялуын қойып, сұрағына жауап беріп, өзі де көрген-білгендерін айтып жіберді…».
Әңгіменің басында шәкірттің аты «Мұқан» болатын, ал соңында «Мұқантай» болады. Шәкірттің есімі ғана емес, оқуға деген көзқарасы, өз-өзіне деген ойы өзгерді. Мұқантай жайраңдай бастайды. Дүйсенбі күні оқу басталады. Сол күні сабаққа келетін болады.
«…Үйлеріне қайтып келе жатқанда Мұқан:
– Дүйсенбі тез болса екен…, – деді.
– Қорықпайсың ба?
– Несіне қорқам? Жазуды да, оқуды да үйренем…, – деп үйіне жеткенше (кітаптан) көрген суреттерін сөз қып барды».
Әңгіме осылай аяқталады. Осыдан шығатын қорытынды: білім болса, жасқаншақтық та, қорқақтық та жойылады. Жігер пайда болады. Жүсіпбек Аймауытұлы диалогқа құрылған осы әңгімесі арқылы оқушының бойындағы шәкірттік сезімді оята түседі. Білім алуға деген құштарлығын ширата түседі.
Бұл әңгімеде айтылатын Дәндебай ауылы – жазушының туған жері. Дәндебай – Жүсіпбектің атасы.
Дәндебай ауылы Баянауыл ауданы, қазіргі Ж.Аймауытұлы ауылынан он екі шақырымдай қашықтықтағы Қараның адыры деген жерде. Дәндебай ауылы қолөнершілікті аса жоғары деңгейде дамытқан. Сол кезеңдерде «Дәндебай көрпелері», «Дәндебай сырмағы», «Дәндебай тымағы» деген сөздер көп айтылған екен. Бұл әңгімелерді мен баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтен естіген едім. «Жаңа талап» әңгімесінде де Мұқанның әкесі Шегебайдың етікші болуы тегіннен-тегін емес. Және сол Шегебай ұлын мұғалімге беріп тұрып: «…Заман оқығандыкі болды ғой», – деуі, сол заман адамының, сол ауыл кісісінің білім алуға деген көзқарасының оң екендігін танытады.
Осы ретте оқырманға аз-кем ақпарат болсын, Жүсіпбек Аймауытұлы 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда, Баянауылдағы жас өрендердің білім алуына ерекше назар аударған екен. Жүсіпбектің бастамасымен Қызылтау өңірінің ауқатты адамдары аштыққа ұшыраған, ата-анасынан айырылған жетім балаларды жинай бастайды. Осы кезеңде олар Қызылтауда «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын ашуды қолға алады. «Мәдени кіндікте» шаруашылық ғимараттары, қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора салынады. Бұл – қазақ ағарту саласындағы үлкен іс, зор еңбек. Қазір «Мәдени кіндіктің» тек орны ғана қалған. Бұл енді бөлек тақырып. Былтыр «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Қапанұлы «Жүсіпбектің «Мәдени кіндігі» атты мақала жазып, жариялады. Онда да «Мәдени кіндікке» қатысты көп мәселе көтерілді…
«Жаман тымақ» кітабына қайта оралайын. Мен сөз еткелі отырған екінші әңгіме – «Ит пен бала». Әңгімеде бала мен иті Жолдыаяқтың бір-бірін өлiмнен құтқарғаны, соны өмiрi естерiнен шығармағаны және олардың талай жыл бірге жасасқаны айтылады. Шағын ғана мысал әңгімеден достық қасиеттің қаншалықты ғұмырлы, қаншалықты құнды екенін тағы бір мәрте ұқтым. Дегенмен әңгіме достыққа адал болуға ғана шақыра ма? Меніңше, жоқ. Ішімдегі бала Еламан: «Ойыма Абай атам келді», – дейді: «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Бала – өзім, көшкін суға кетіп бара жатқан шынжырдағы ит – еңбегім мен ақылым екен, ой астарына үңілсем.
Егер өзіме жаным ашымаса, өзіме адал болмасам, сол екеуін тасқынға ағызып жібереді екем. Өмір тасқынына. Еңбегімді еселеп, ақылымды ширатып отырсам ғана, сол екеуі екі жақтап мені алып шығады екен. Қандай сыннан болсын, қандай сынақтан болсын.
Иә, мен өзімді адал доспын деп ойлаймын. Менің Еркебұлан, Ернар, Жанболат достарым да мені қолда да, жолда да қалдырмайды. Бірақ адамның ең жақын досы – өзі. Жауы да – өзі. Құдай-ау, ақыл айтып кеттім ғой. Кешіріңіз, оқырман. Мен Жүсіпбек Аймауытұлының «Жаман тымағынан» адам құнарына айналар нәр алдым. Сіздің балаңыз да, сіздің ішіңіздегі бала да оқысын. Тоқысын көңілге!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.