Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аймақ басшысы ардагерлермен жүздесті

0 429

«Қартың болса – қазына» дейді қазақ даналығы. Ардагерлерді ардақтау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Осыны мақсұт тұтқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қариялармен бас қосып, ой-пікірлерін тыңдады.

Кездесуде ең әуелі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев баяндама жасап, ардагерлердің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
– Ардагерлер кеңесі – қазіргі таңда 100 мыңнан астам мүшесі бар жоғары әлеуетке ие ұйым. Олар аймақтағы қоғамдық шаралар мен бастамаларға белсенді түрде араласуда. Жас ұрпақ тәрбиесінде де алдыңғы қатардан көрініп, өздерінің өмірлік өнегелері мен тәжірибелерін, ақыл-кеңестерін бөлісуден талмай келеді, – деген кеңес төрағасы қариялардың еліміздің даму жолындағы игі істерден шет қалмайтынына басымдық берді.
Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 26 ардагері қалған. Оларға Жеңіс күні қарсаңында мемлекет тарапынан тиісті көмектер көрсетілетін болады.
Облыс әкімі ардагерлердің өңірдің өркендеуіндегі еңбегі орасан екенін баса айтты.
– Біз Сіздерді әрқашан құрметтеп, қолдауға тиіспіз. Сіздер тәуелсіз Қазақстанның даму жолында, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына, Мемлекет басшысының Жолдауы мен тапсырмаларының орындалуына, жастар тәрбиесіне барынша үлес қосып келесіздер, – деген Нұржан Нұржігітов алдағы уақытта аға буын өкілдері игі істердің басы-қасында болатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыстағы қолға алынған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы да тоқталып өтті. Бас- ты мақсат – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалану, ол туралы тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру шараларын жүргізу, инвестиция тарту, ауыл әкімдерінің жұмысын күшейту, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру екенін облыс әкімі жіті жеткізді.
Өз кезегінде өзге де ардагерлер сөз алып, орамды ойлары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олар қарттардың емдеу-сауықтыру орындарымен қамтылуын, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы тұрақтылық секілді бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.
Облыс басшысы сұрақтарға тұшымды жауап беріп, қарияларға қолдау шаралары жалғасатынын, жиында көтерілген барлық ұсыныстар ескеріліп, мәселелер назарға алынып, нақты жұмыстар атқарылатынын айтты.

Лаура Абайқызы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.