Қалалық қоғамдық-саяси газет

АЭС салудың артықшылығы неде?

0 257

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында энергия тапшылығы мәселесіне кеңінен тоқталған болатын.

– Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын, – деген Президент 6 қазан күні АЭС салу бойынша республикалық референдум өткізу жөнінде тиісті Жарлыққа қол қойды.
Соған орай, тұрғындар пікіріне құлақ түріп, АЭС салудың артықшылықтары мен залалсыздығын түсіндіру мақсатында облыстық штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын бастады.
Штаб мүшелері алғашқы кездесуді Тараз қалалық электр желілері мекемесінің жұмысшыларымен өткізді. Жиын барысында Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай сөз алып, маңызды науқан төңірегінде орамды ойын ортаға салды.
– Президент биылғы Жолдауында экономиканы дамытумен қатар атом электр станциясының қажеттілігін де назардан тыс қалдырмады. Әрине, АЭС салу жөнінде ел ішінде сан қилы пікір бар. Осыған байланысты арнайы облыстық штаб құрылып, көпшілікті алаңдатқан сан сауалға кеңінен жауап берілуде. Бүгінгі жүздесуіміздің де басты мақсаты – осы, – деді Кенжебек Мамашбайұлы өз сөзінде.
Келесі кезекте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаев АЭС салудың қажеттілігін ғылыми тұрғыда түсіндірді. Ол өз сөзінде электр станциясының игілігін көріп отырған бірқатар дамыған мемлекетті мысалға келтіріп, электр энергиясының тапшылығы күн өткен сайын өзекті мәселеге айналып отырғанын баса айтты.
Дәл осындай жиын медицина саласының қызметкерлерімен «Мейірім» медициналық орталығында да өтті. Ондағы кездесуге қатысушылардың сұрақтарына да ғылыми негізде дәлелденген тұшымды жауаптар берілді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.