Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қадірің артсын, қария!

0 227

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ филиалы Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған Ресей Федерациясының мерекелік медалімен бірқатар соғыс ардагерлері марапатталып, күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес ҚР «Ардагерлер туралы» Заңын талқылау бойынша баяндамалар жасалды.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Оған төралқа мен қалалық билер алқасының мүшелері, тұрақты комиссия төрағалары және Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Үміт Сейдуанова қатысты.

Жиынды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, алқа билер төрағасы Сауранбек Жамалбеков, ардагерлер кеңесінің мүшелері Малтабар Жаманбаев, Мақұлбек Жаналиев, Любовь Накарякова сөз алып, пікірлерін білдіріп отырды.
Жиын барысында алдымен Жеңістің 75 жылдығына орай Жамбыл облысының құрметті азаматы Рабиға Дауылбаева және тыл ардагерлері Валентина Дубянская, Ильяш Абитбеков, Ғани Ақбаровтың кеудесіне Ресей Федерациясының медалін таққан Алдияр Түсіпов жеңісті күндерде жолығудың өзі бақыт екенін айтып, қарияларға ұзақ та мәнді ғұмыр тіледі.

– Ардагерлерді марапатты жеңісімен құттықтап, қым-қуыт шақтағы еңбектері еленгенімен құттықтағым келеді. Әсіресе, ардагерлер туралы жаңа заң – біз үшін жақсы жаңалық. Мемлекет бізге қамқор болып отырғанына шын жүректен қуаныштымын, – деді ағынан жарылған ардагерлер кеңесінің мүшесі Любовь Накарякова.
Ал жаңа заң төңірегінде талқыға түскен тақырып бойынша қатысушылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі ардагерлерге арналған заңның шығуы жақсы идея деп санаса, кейбірі бұл мәселені ертерек көтеру керектігін, соғыс ардагерлерінің бүгінде саны сиреп, ал көзі тірісін қарттық жеңіп, жүріп-тұруының өзі мұң болып отырғанын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.