Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адаспа асыл дініңнен!

0 381

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген хакім Абай. Ұлы шайырдың бұл сөзін ойшыл Шәкәрім «Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол» деп қуаттайды. Ғасырлар бойы Ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан Ислам дінінің қадір-қасиеті – адамзат баласы үшін басты құндылық. «Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған ата-бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет.

Алайда қазіргі уақытта қоғамда әртүрлі жарға жығатын жат ағымдардың көбейгені жасырын емес. Ол жат ағымның белгілі сипаттарын да қарапайым халық анық ажырата алады. Өздерінің ішкі жымысқы саясатына құрық бойламайтын бұл жат ағымдар өз қатарын көбейтіп, насихатын өткізу үшін де неше түрлі қулық-сұмдыққа баратыны да белгілі.
Әрине, ХХІ ғасыр ақпараттар толқынына толған заман болып тұр. Бүгіндегі өзгерістер мен трендтердің бәрі медиа арқылы қалыптасуда. Оның ішінде білік-дағдыны дамытатын адамға пайдалы немесе, керісінше, зиянын тигізетін ақпараттар да бар. Әсіресе деструктивті топтардың ақпарат тұзағына ілінбеуді ойлаған ләзім. Адасып кету оңай, бірақ адаспаудың жолдары өте көп.
Жат ағымдар қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жоққа шығарады. Кез келген мемлекеттік мерекелерді атап өту, Ұлыстың ұлы күнін тойлау, беташар, сәлем салу, сондай-ақ ата-баба әруақтарына құран бағыштау секілді салттарымызды мойындамайды. Зайырлы мемлекетке және зайырлы өмір сүру салттарына барынша қарсылық танытады. Мемлекеттік рәміздерді және түрлі мерекелерді құрметтемейді. Қазақстандағы көпшілік ұстанатын ханафи мәзһабын жоққа шығарады. Орта Азияда және мұсылман әлемінің басқа аймақтарында орныққан діни мектептерді ешқашан құптамайды. Дәстүрлі Исламды ұстанған мұсылмандарды күпірлік жасайды деп айыптайды. Өзге де дәстүрлі діндердің өкілдері мен дін ұстанбайтын адамдарға түсіністікпен қарай алмайды.
Психологтарда неофит деген термин бар. Яғни олар әлемді өзгерткісі келеді. Олар жоғарыда айтқан құндылықтарды, салт-дәстүр, мемлекеттік қағидаларды жоюға бағытталған. Радикализмге, экстремизмге итермелейді. Осы жерде бір айта кететін жайт, бұл тек қана исламдық дінмен ғана байланыспайды, тек Исламға ғана тиесілі емес. Мұндай деструктивті сипатта жаңа протестанттық, жаңа шығыстық ағымдар болуы мүмкін. Сондай-ақ деструктивтік әрекеттерімен көзге түспеген ағымдар да болуы ықтимал. Қай-қайсысының да көздеген белгілі мақсаттары бар. Ол қаржылық мақсат болуы мүмкін. Ол геосаяси мақсат болуы мүмкін. Тіпті идеологиялық мақсат та болуы мүмкін.
Жат ағым өкілдері өздерін таныстырғанда, жамағат арасында әрі ата-анасына, туған-туыстарына «біз әбу ханифа мәзһабын ұстанамыз, яғни ата-баба ұстанған дінін ұстанамыз» деп жалған сөйлеуінде. Өз кезегінде сөзге сенген болмысы таза мұсылман баласы оған алданып қалып жатады.
Пайғамбарымыз (с.а.с): «Шынында шындық жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа бастайды. Бір адам (үнемі) шындық айтса, Алланың жанында шыншыл деп жазылады. Өтірікші жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды. Бір адам (үнемі) өтірік айтса, Алланың жанында өтірікші деп жазылады» (Бұхари және Мүслім).
Ол жат ағымның жетегінде жүрген адамның ұстанған жолынан, оқыған намазынан қандай пайда, «мен әбу ханифа мәзһабын ұстанамын» деп өтірік айтып, сөйлегені жалған болса.
Бір күні пайғамбарымыздан (с.а.с): «Мұсылман адам қорқақ бола ма?». Ол: «Иә». Оған: «Мұсылман адам сараң бола ма?». Ол: «Иә». Тағы Оған: «Мұсылман адам өтірікші бола ма?», – деп сұрағанда Ол: «Жоқ», – деп жауап берген (Малик).
Мұсылман адам Алла мен Елшісінің әміріне толығымен бойұсынады. Ал өтірік айту – күнә. Сол үшін өтірікші адам көп күнә табады. Өйткені ол өзін ақтау үшін кез келген жерде өтірік айта салады. Алайда ол өтірігі бұл дүниеде болмаса о дүниеде көместі білуші Алланың алдында әшкереленеді.
Жат ағымның анық белгілерінің бірі – қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам жолын жоққа шығарады. Қазақ халқы ғасырлар бойы пайғамбарымыздың және Әбу ханифаның сара жолын әрі сенімде ортаазиялық ғұлама имам Мәтуриди жолын ұстанып келе жатыр. Жат ағым өкілдері осы имам Мәтуриди секілді ұлы ғұламаларды адасушылыққа шығарады. Ол деген сөз барлық қазақ халқының тарихын, сонымен қатар қазіргі атадан балаға үзілмей жалғасып келе жатқан алтын тізбегімізді адасушылыққа шығарады деген сөз.
Сондықтан барлық мұсылман ағайынға айтарым, кез келген шариғатқа мұсылманшылыққа қатысты мәселені сұраған уақытта ресми тағайындалған имам ұстаздардан сұрағаны абзал болады. Бұл жай айтыла салған сөз емес, ғалымдар анықтап, мамандар зерттеп берген тұжырым. Яғни деструктивті ағымдардың, псевдо дін көшбасшыларының соңынан ерудің қате екенін көрсетті. Егер дінге қызығушылығыңыз оянды ма, ресми ақпараттарға жүгініңіз. Әр өңірде, орталықтарда сарапшылар бар. Жарияланған фотопосттар, видеороликтер, уағыздардың бәрін зерттеп, зерделеп береді. Мемлекет тарапынан бұл жолға қойылған. Сондықтан сақ болайық! Сақтанайық!

Еділ Анықбай,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.