Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қадалған жерінен қан алатын хас батыр!»

0 2  511

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған бұл соғыстың зардабын тарихшылар мен зиялы қауымның зерттеп, жазып келе жатқанына да 70-80 жылдың көлемі болды. Әлі де ашылмаған ақтаңдақтар ақиқаты жетерлік. Осы қан майданға менің бабам Жұман Қарақұлов қатысқан.

Ол Арал теңізінің жағасында орналасқан Бесқаланың Қараөзек ауданы 6-шы ауылынан 1942 жылы 7 ақпанда әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырымдағы ұрыстарға қатысып, бірнеше жоғары наградаларға ие болған.
«Гвардия аға сержанты Жұман Қарақұловтың тобы Гитлердің әскерін Боровой селосы маңындағы бекінісінен қуып шықты. Жауынгерлер олжаға түсірген неміс зеңбіректерін қайта бұрып орналастырып, шегініп бара жатқан жау әскерлеріне жойқын оқ жаудырды», – деп жазады соғыстан соң отставкаға шыққан майдангердің командирі полковник М.Шульга. Жұман бабамыздың жасаған көзсіз ерлігіне қарулас жолдастары мен командирі сан мәрте куә болған.
Осылайша 1944 жылы Карпат тауларынан асып түсіп, Словакия жеріндегі 762 биіктікте орналасқан жау қорғанысын алу барысында қарша бораған пулеметтің амбразурасын өз кеудесімен басып, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған атам бар-жоғы 23 жасында қаза болды.
Батыр бабамызға 1945 жылы «Совет Одағының Батыры» деген атақ берілген. Оның Алтын жұлдызы Мәскеудің әскери архивінде сақтаулы тұр. Ал бабамыздың туған ағасы Үсенғали Қарақұлов та Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Майданнан ауыр жарақатпен оралған. Сөйтіп, 1990 жылы 71 жасында қайтыс болды.
Қазақтың мақтанышы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы бір кітабында Жұман Қарақұловты «Қасарысқан жерінен қан алатын хас батыр!» деп суреттейді. Осындай батырдың ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын.

Мөлдір АМАНБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультетінің студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.