Қалалық қоғамдық-саяси газет

Абаттандыру аймақ ажарын ашады

0 236

Облысымыз жыл өткен сайын көркейіп, жаңарып келеді. Бұған мысал ретінде өңірлерде бой көтерген көптеген нысандарды айтуға болады. Аймақта туризмді дамыту мақсатында қолға алынған жоспарлы жұмыстар баршылық. Соның бір тармағы ретінде аулаларды абаттандыруға бағытталған ілкімді істерді айтсақ та жеткілікті.

Әрине, абаттанған аулалар өңірдің көркіне сән қосып қана қоймай, тұрғындарға жайлылық сыйлайды. Осы мақсатта облыс бойынша ағымдағы жылы 38 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына балалар ойын алаңшалары орнатылуда. Бұл қатарға Тараз қаласында – 26, Қаратау қаласында – 5, Шу қаласында – 4, Жаңатас қаласында – 1, Мойынқұм ауданында 2 аула енген.
Бүгінгі таңда барлық ауданда балалар ойын алаңшалары орнатылған, тек Тараз қаласында қазан айында аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Тараз қаласында көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласына салу жоспарланған 4 футбол алаңшасының 2-і аяқталып, қалған 2-і қазан айында тапсырылмақ. Бұдан бөлек тұрғын үй қатынастары саласындағы өзгерістерге сәйкес, қазіргі уақытта елді мекенге бірыңғай келбет беру мақсатында көппәтерлі үйлердің шатыры мен қасбетін әрлеуге жергілікті бюджет есебінен қайтарымсыз қаражат бөлуге мүмкіндік берілді. Демек, енді жергілікті бюджет қаражаты есебінен көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылады. Айталық, осы бағытта Шу қаласындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөндеуден өткізілуде. Жобаға сәйкес, абаттандыру жұмыстары жаяу жүргіншілер аллеясын, балалар ойын және спорт алаңдарын, демалыс аймақтарын жаңғыртуды қамтиды. Мұнда қала тұрғындарының тыныш және белсенді демалысы үшін арнайы орындар да жабдықталады.
Өңірлердің абаттандырудың тағы бір көрінісі – санитарлық тазалық жұмыстары екені белгілі. Себебі, қоршаған ортаның тазалығы адам өміріне әсер етіп, жанына жылулық ұялатады. Қоршаған ортамызды таза ұстау қашанда айрықша маңызға ие. Осы мақсатта бүгінгі күні Тараз қаласы мен аудандарда 2 айлық сенбілік жарияланды. Соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Айта кетейік, осы жылы 2 айлық жоспарға сайкес, 8 285 дана тал отырғызу, 1 760 шаршы метр гүлзар, 829 шақырым арық жүйесі мен канал, 2 964 шақырым көшені, 326 626 шаршы метр саябақ пен скверді, 2 599 тонна күл-қоқыс тазалау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде атқарылған жұмыстар көңіл қуантады. Айталық, бүгінге дейін 4 сенбілік ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 5 118 ағаш отырғызылып, 748 метр гүлзар салынып, 373 метр арық жүйесі мен канал және 1 426 шақырым көше, 203 414 шаршы метр саябақ пен сквер күл-қоқыстан тазартылған. Нәтижесінде 1 599 тонна күл-қоқыс шығарылған. Бұған қоса жуырда санитарлық тазалықты сақтау бағытында Жамбыл облысының елді мекендерінде дүниежүзілік «Тазалық күні» аясында «EU Beach Clean UP» акциясы ұйымдастырылған. Бұл шараға Тараз қаласы мен облыс аудандарының тұрғындары өз үлестерін қосты. Олар жұмыла күш біріктіріп, көшелер мен арықтарды түрлі қоқыстардан тазартқан.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.