Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақындар «AQ JOL»-дың жүз жылдығын жырға қосты

0 359

Қазақ ауыз әдебиетінің көлемді әрі аса күрделі жанры – айтыс. Ұлтымыздың маңдайына біткен бекзада өнер әлімсақтан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатыр. Сүйінбайлар салған сара жол азаттықтың ақ таңында даңғыл жолға айналды. Халықтың мұңы мен зарын, өкініші мен күйінішін жеткізуде айтыстың рөлі зор. Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өнегелі өмір жолын дәріптеу мақсатында облысымызда жыл сайын сөз барымтасы ұйымдастырылып келеді. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, «Баласағұн» орталық концерт залында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл жолғы сөз көкпары жыр алыбының туған күнімен қатар, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газетінің 100 жылдығына да арналды.

Аламан айтысқа ағылған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Ой мен сөз көкпарында 18 ақын бақ сынап, дода көркін қыздырды. Айтыстың шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек құттықтау сөзбен ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асанов, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, журналист, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер Бауыржан Халиолла, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және танымал ақын Ахметжан Өзбековтерден құралған қазылар алқасы сөз зергерлерінің өнеріне өз бағаларын берді. Сөзіне сәні жарасқан атақты ақын Аманжол Әлтаевтың Жүрсін Ерманның айтыс тізгінін қолына алуы да шараның шырайын кіргізді.
Қалың көпшілік асыға күткен жыр бәйгесінде алғаш болып сахна төріне көтерілген елордалық Мейірбек Сұлтанхан мен Жамбылдың жас жүйрігі Рай Дөңбай әдемі де әсерлі айтыс жасай білді. Жас жүйріктен хас жүйрікке айналған Мейірбек шымыр шумақ, жұмыр ұйқасымен көрерменнің жүрегіне жол тапты. Оның:
«Алғадайдай алғырлық танытайық,
Халық сенім артқанда қарт Жамбылдай», – деген жыр жолдары жиналған қауымды тебірентпей қоймады. Сондай-ақ:
«Райдың бетін осылай қайтармасам,
Райымнан қайтуға мен келген жоқпын» немесе:
«Жұмыр жердің бетінен не күтесің,
Жұмақта да мейірім жоқ болғасын?!», – деп қарсыласының есімін әзілге айналдырып, құрдастар қалжыңының озық үлгісін көрсетті.
«Жүз жасаған Жамбылдың жолын қуып,
Сен де жүз мың тиражбен халыққа жет», – деп жырлаған елорданың ақыны облысымыздың ата газетіне ақжарма тілегін де білдіре кетті.
Оның жұбы Рай да қарсыласынан қалыспай, өзінің өлеңге таласы бар дарын екенін танытты.
«Жерлестерім қолдаса көрсетейін,
Жамбылдан қалған өнер жалғасқа-нын», – деген отты қайырымы – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі.
«Өлеңмен өзін-өзі тербеп жатыр,
Бұл жақтың бесіктегі баласы да», – деген Райдың жыр шумағы ақынның есімін иеленген облыстың абыройын асқақтап тұрғандай. Содан соң еліміздегі теңгенің құнсыздануын мысалға келтіріп:
«93-те туылған баласың ғой,
Құлдырап кетіп жүрме құрдасың- дай», – деп әдемі әзілмен түйреп өтті.
Бұдан соң сөз қағыстырған қызылордалық Ержеңіс Әбді мен жерлесіміз Дархан Әбдіманат тыңдаған жанның құлағының құрышын қандырды.
«Қаратаудың басынан туған күнді,
Алатаудың басынан тосып ал- ған», – деп жырлаған Дархан ақын Қазақ хандығының қазығы қағылған Әулиеата қойнауына саяхат жасап, тарих түкпіріне сапар шекті. Ержеңістің өмірден ерте өткен Әзімбектің мақамына салып:
«Атамыз жүз жыл өмір сүргенімен,
Сіздердей ұрпағымен мың жасай- ды», – деген шумағы залға жиналған халықты бір желпіндіріп тастады.
Дарханның жұбайы Жұдырық руының қызы екенін меңзеген Ержеңіс:
«Көп құтырып кетіп ең соңғы кезде,
Жұдырық тиіпті ғой ақырында», – деп қарсыласын әжуаласа, бұған Дархан:
«Ақындардың ішінде мен ғанамын,
Ұрмай-соқпай жұдырық жұмсап жүрген», – деп ұтқыр жауап бере білді.
Үшінші жұп болып шыққан Жамбылда туып, Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғаған Олжас Отар мен Әулие- ата ақындар мектебінің ақсақалына айналған Айтмұхамбет Исақовтың айтысы аға мен іні арасындағы зор сыйластыққа құрылды. Олжас Отар облыстың ата басылымының баспасөздегі орнын тілге тиек ете келіп:
«Есеттің күлкісінен көрінеді,
«Ақ жолдың» жағдайының мәз еке- ні», – деп әзіл мен шындықты ұштас- тырды. Сондай-ақ оның қарсыласына айтқан:
«Жамбылдай жүзден асып кетпесеңіз,
Жан аға, өзіңізге өкпелейміз», – деген наз- ға толы жырына Айтмұхамбет ақынның:
«Сен айтқандай жүз жасты беріп жатса,
Ниетін Жаратқанның қайтармай- мын», – деп қатқан жауабы жұрт жадында көпке дейін сақталары сөзсіз.
Ел асыға күткен айтыс Біржан Байтуов (Шымкент қаласы) пен Қанат Мырзаханның (Жамбыл облысы) арасында өтті десек, қателеспеспіз. Уытты қалжың да, салмақты сөз де, бейнелі теңеу де осы ой көкпарынан табылып жатты.
«Қол бастаған баһадүр Бауыржанның,
Сөз бастаудан қашпайды жерлес- тері», – деген Қанат:
«Абайлар мыңмен жалғыз алысқанда,
Біржанмен шайқасатын шамамыз бар», – деп қарсыласын да қағытып өтті. Айтысты әдеттегідей Жүрсін Ерман емес, Аманжол Әлтаевтың жүргізіп отырғанын меңзеген ол:
«Назарбаев атамның портретін,
Тоқаевқа қойғандай алмастырып», – деп, бүгінгі саяси өзгерістерді де астарлап жеткізіп, жұртшылықты қыран- топан күлкіге қарық қылды. Сан додада ысылған шырайлы Шымқаланың дүлдүлі де бәсі биік екенін байқатты.
«Жамбылы жүз жасаған қарт Тараздың,
Бармысың, мың жасаған мақтаулы елі?», – деп өлкеміздің беделін биіктетіп тастады. Сондай-ақ:
«Құзғындар балағынан тартқанымен,
Қырандар биігінен құламайды», – деп соңғы кезде қоғамда белең алған тау тұлғаларға күйе жағатындарды өткір сын тезіне алды. Бұдан бөлек, еліміздегі кемшіліктер, тіл мен дін жайы да қос ақынның назарынан тыс қалған жоқ.
Келесі болып сахнаға шыққан арпа ішінде бір бидайдай болған Күмісай Сәрсенбаева (Жамбыл облысы) мен Айтбай Жұмағұловтың (Қарағанды облысы) сөз барымтасы да көрермен жүрегіне жол тапты. Қыз бен жігіттің айтысы о баста әзіл-қалжыңмен астасатыны белгілі. Бұл тартыс та сол дәстүрден жаңылған жоқ. Айтбай Жұмағұлов:
«Білесің ғой, көнерген күмісті де,
Ысқылап отырмасаң, тот басады», – деп әзілдесе, Күмісай оған:
«Біреудің күмісін не қыласың,
Өзіңнің ақ алтының тұрған кезде», – деп жауап беріп, көпшіліктің езуіне күлкі үйірді.
Тағы бір жерлесіміз Айтбек Тұрсынбай мен батысқазақстандық Бауыржан Ширмедин қалың қауымды жырдың кәусар бұлағынан сусындатты.
Бауыржан еліміздегі журналистиканың жайын сөз етті.
«Жалпақ жұрттың жай-күйін жазамын деп,
Өздері жүр жағдайын жасай ал- май», – деп толғаса:
«Оқырмандар азайып бұл күндері,
Редакторлар көбейіп бара жатыр», – деп газет-журналдарға деген жұрттың талғамы төмендеп кеткенін де сын садағына ілді.
7-жұп болған жамбылдық қос тар-лан Есет Досалы мен Асхат Қылышбек жезде мен қайнының кесек-кесек әзілімен есте қалды. Әріптесіміз Есет Досалының:
«Шабытым селдей тасып келіп тұрмын,
Жамбылдың жолбарысы оралғандай» немесе:
«Батырлардың елінен шығып тұрмын,
Саған есе жіберсем, не болғаны?!», – деген қайырымы өресі биік, аузымен жалын шайнап, от бүріккен таластың шайырлардың лайықты ізбасары екенін айғақтады. Асхат Қылышбек те қарсыласынан қалыспай:
«Үш жүз пұт топырақтай ыдыраған,
Үш жүздің басын қосып біріктірген», – деп тарихтың қойнауынан сыр шертсе, енді бірде:
«Есен-аман жүрсің бе, Есет аға,
Пойызға аяқ киімін шешіп кірген», – деп жездесінің құлағын әзілмен бұрап та алды.
Келесі айтыс сонау Солтүстік Қазақстаннан келген Жарқын Жұпархан мен жамбылдық Нұрлыбек Құрмановтың арасында өрбіді. Солтүстік өңірге аттанған адамдардың жағдайы болмай, кері қайтқанын сынаған Нұрлыбекке қарсыласы:
«Құлқын үшін барғандар кері қайтып,
Ұлтым үшін барғандар тұрып жа- тыр», – деп жауап қатып, Нұрлыбекті солтүстікте тұрмыс кешуге шақырды.
Соңғы болып Талғат Мықи (Батыс Қазақстан облысы) мен тараздық Дидар Апбасов сөз сайыстырды.
Бұл ақындар айтқан аталы сөздердің, шымыр шумақтар мен жұмыр жырлардың бір парасы ғана. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы, сонда құрбан болған боздақтар, еліміздің бүгінгі жағдайы, ішкі, сыртқы саясаттың ахуалын да шайырлар айналып өтпеді. «Баласағұн» сарайын лық толтырып, 9 сағат бойы тапжылмай айтыс тамашалаған жұртшылық ақындарға қолдау көрсетіп, қол соғудан да шаршамады. Бұл – ел аман болса, ұлттық өнердің де өлмейтіндігінің анық көрінісі.
Қара қылды қақ жарып, ақындарға Күреңбай сыншының көзімен қарай білген қазылар алқасының шешімімен Бауыржан Ширмедин мен Қанат Мырзахан, Біржан Байтуов пен Жарқын Жұпархан ақтық айналымға жолдама алып, көңілге қуаныш сыйлады. 2 жұптың айтысы да тартысқа толы болды.
Сонымен сөз додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені «Жаңа Қазақстанның да, қазыларым, Жүлдегері жаңа ақын болуы керек» деп қағытқан батыстық Бауыржан Ширмедин мен «Бесігін түзеу тұрмақ бүгінгілер, Бесікке жатқызбайды балаларын» деп қиыннан қиыстырған жерлесіміз Қанат Мырзахан өзара бөлісті. Бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгелік ақшалай сыйақыны облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі табыстап, Әулиеата аспанын жырға бөлеген ақындарға алғысын білдірді.
1-орынды солтүстіктен келген Жарқын Жұпархан еншілесе, 2-орын шымкенттік Біржан Байтуовқа бұйырды. Ал 3-орынды, яғни облыстық «Aq jol» газетінің арнайы жүлдесін жерлесіміз Есет Досалы, қарағандылық Айтбай Жұмағұлов пен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мейірбек Сұлтанхан олжалады. Өзге қатысушылардың әрқайсысына 200 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді.
Шара соңында ҚР жыршы-термешілері мен айтыскер ақындар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла сөз алып, Оралхан Дәуіт пен Ахметжан Өзбековке «Сырым Датұлы» төсбелгісін табыс етті.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.