Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақбөкен кең даланың киесі еді…

0 385

Биыл 15 ақпаннан бастап бір жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін киіктерді атуға рұқсат берілмек. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ашық талқыға шығарған тиісті бұйрығында көрсетілген.

«Берілетін лимит тек ғылыми мақсаттар үшін бөлінеді. Ғылыми мақсатта киіктерді алуға ұсынылған квоталар ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық, зооноздық инфекциялар институты, зоология институты және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты үшін кепілдендірілген. Қосымша квоталар, оның ішінде басқа ұйымдар үшін де облыс деңгейінде бөлінген лимиттер шегінде бөлінуі мүмкін», – делінген құжатта. Бұған қосымша берілген түсіндірмеде жазылғандай, бұл норма 2023 жылдың 15 ақпанынан келер жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта аң аулау кезеңінде қолданылады. Осылайша ғылыми мақсатта еліміздің Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында 1 815 киікті атуға рұқсат етілмек. Бұл шешім табиғат жанашырларының алаңдаушылығын туғызып отыр. Солардың бірі белгілі этнограф, эколог, натуралист-құсбегі Жапар Сатылғанов өзінің осыған орай жазылған өлеңін бізге жолдаған еді.

Жапар Сатылғанов,
Қазақстанның Құрметті азаматы, республикалық
«Жігер» фестивалінің лауреаты,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы,
этнограф, натуралист-құсбегі
Тараз қаласы

Ақбөкен кең даланың киесі деп,
Қамқорлық, ел мен жұртқа тиесі деп.
Сан ғасыр әнге қосқан аталарым,
Жез киік Ата Тарих иесі деп!

Бөкендердің ежелден қоныс белі –
Ресей, Қазақстан, Қалмақ елі.
Түрікпен, Өзбекстан, Моңғолдар да
Бүгінгі жануардың қалған жері.

Қазақ «Бөкен», «Ақбөкен», «Киік» деген,
Өзбек «Сайғақ», Түрікпен «Киік» деген.
Қалмақтар «Бухин», моңғолдар «Буханім»
деп
Қай жерде де аты аңыз биіктеген.

Піл тұмсық танауы бар, мәрмәр мүйіз,
Тері-түк сан өзгерер, түсті киіз.
Саққұлақ, ауа райы «тамыршысы»
Мұрнына тез жететін барлық иіс…

Күйекте тұзды-шөпті сағалайтын,
Аязда бұталы өңір паналайтын.
Жазында сайын дала серісі боп,
Бел-белес, айдын тақыр жағалайтын.

Киікпен қоса өріп жертөледен,
Күн шықпай қырға барсақ ертеменен.
Мың киік маталуын көретінбіз,
Сан «ару» аталыққа еркелеген.

Дала мен шөлейтті өңір мекендеген.
Кезіксең, жолды кесіп өтем деген.
Сағыммен мың жарасып, қай кезде де
Қашқанмен алысқа да жетем деген.

Шілдеде жасылды жеп, шөл басатын,
Мамырда бар аналық «мұңдасатын».
Қырағы көз, алыстан бәрін көріп,
Қауіпті құлақ қойып тыңдасатын.

Мамырда көк шыққанда жаңа-жаңа,
Көктем кеп, түлегенде дархан дала.
Ғайыптан Бетпақ дала құшағында
Орнайтын «киік» атты «перзентхана».

Білген жөн төркінін де мына жайдың,
Ортасы шамасында мамыр айдың.
Сананы сілкіндіре суық болар,
Бұл салқын, «Төл бесігі» құралайдың!

Өсімдіктің 43 түрін жейтін,
Қыста аппақ, танымас түрім дейтін.
Нәп-нәзік, қысқа бақай аша тұяқ
Арудай басқан дыбыс білінбейтін.
Бөкеннің білгің келсе өмір салтын,
Ежелден шетке сатқан мүйізі алтын.
Тарихы мамонттардың дәуірінде
Әлемнің тамсандырған талай халқын.

Тәу еткен ел боз дала киесі деп,
Бар байлығы халыққа тиесі деп.
Бөкен байғұс шын сенген адамдарға,
Менің де ұрпағымның иесі деп.

Кең далада алаңсыз өсіп-өнген,
Қыс қатал жылдарында қауіп төнген.
Сорлы киік ауылға жақындайтын,
Жамандық көрмеспін деп қалың елден.

Мойылдай мөлдіреген екі көзі,
Жез киік – Ұлы дала жиһанкезі.
Амал не, қарлы аяз, сұрапыл жұт,
Бөкеннің «Елге барар» келді кезі.

Сондай бір жұт, аязды, қыс кезінде
(Ол кезде бала едім мен өзім де!)
Пана іздеп, ауылға киік кепті
Аянышты ой тастар ақ сезімге.

Мектепте бара жатқан бір топ бала
Таңданды топ киікке тұр қала.
Топ бөкен шегіне алмай ол да тұрды,
Қар басқан белуардан – аппақ дала.

Бірі айтты оқушының: «Әкем тойда,
Өзгеше қуанар ел мына жайға.
Мылтығы, оқ та дайын, бәрін атып
Оның да жайратар ек осы сайда»…

– Болмайды, – деді бірі оқушының,
– Қалайша ұқпай тұрсың мұның мұңын?
Жәрдем тілеп біздерден келіп тұр ғой,
Көтере алмай табиғат ауыр жүгін…

Сырт қалса қасқырларға жем болады,
Аяу жоқта табиғат кем болады.
«Адам боп аяушылық танытпасақ», –
Деген әкем «жыртқышқа ел тең
болады»…

Бірі айтты: «Аға айтқан осы бөкен,
Шынында кереметтей сұлу екен.
Қалың қар, барар жері қалмаған соң,
Адамнан көмек сұрап келді ме екен?»

– Иә, – деді тағы бір бала тұрып.
– Қарашы теңселіп тұр әлі құрып…
Жем менен шөп салайық алдарына
Әр үйден күрек әкеп қарды сырып…

Осылай оқушылар ақылдасып,
Қайтуға үйлеріне сөз байласып
Тұрғанда, ақ киінген мылтығы бар,
Екі адам келе жатты аңди басып.
Оларды оқушылар байқамады,
Тек жақсылық, қамқор боп ойлағаны.
Әлгі екеу балалардың сөзін естіп,
«Ақымақ» деп бастарын шайқағаны.

Топ киікке екі адам жақындады,
Бірін-бірі «тез жүр» деп тақымдады.
Бір кезде гүрс-гүрс етіп мылтық даусы,
Соғысқа айналдырды жақын маңды.

10 бөкеннің 7-і жерде қалды,
Қызыл қан қар үстіне сорғалады…
Жаралы 3 ақ бөкен орғи қашты,
Қанішер шарасына бар ма амалы?

Жаңғырды «ажал үні» құлақ тынар,
Мылтықтың даусын естіп оқушылар.
Жүгіріп әлгі жерге келгенінде,
Мастанып тұрды екі адам қанға құмар.

Дірілдеп бала бөкен өлмей жатты,
Атқандар жимияды, ділі қатты.
Айнала өлік, ортада екі «құзғын»
Бір ерлік жасағандай бола қапты.

Дірілдеп бала бөкен өле алмай жатты,
«Жібермеу керек еді осы топты»
Деген сол браконьерлерге қарағанда
Бір оқушы «әке» деп бетін басты.

Шынымен екі ойсыздың тұмақтысы,
Қайтпаған әлі қайрат-қуат күші.
Әлгі ұлдың қызметкер әкесі екен,
Ел мақтаған «жігіт» деп тұрақты ісі.

Әке де жалт бұрылды баласына,
Әлдене жетті ме екен санасына?…
Әкесі қанға бөккен бөкендерді,
Жасырып тықпақ болды қар астына.

Мұншаны тез жасырар қанша қар бар?
Қан болды аяқта етік, бұтта шалбар.
Жеткіншек үнсіз қалды ернін тістеп,
Көзі жас, ақ жүзінде ауыр мұң бар…

Кенет ол шеңгелдеп ап жерден тасты,
Жалт бұрылып үйіне тұра қашты.
Оққа ұшқан киіктерді шанаға сап,
Асығыс із жасырды екі албасты…

Қайғылы үйге келген ұлын көріп,
«Не болды?», – деген ана ыңғай беріп.
Осы сәт әкесі де сырттан келген,
«Қуырдақ дайын», – деді үйге кіріп.

Балаға тастаса да талай мұңды,
Киік еті әп-сәтте-ақ қуырылды.
Көңілі жеткіншектің алай-дүлей,
Жүректе жібімейтін ашу тұрды.

Оқушыға қайғы, кек, уайым салған,
Осылай «киік қуырдақ» дайын болған.
Ал дастарқан басында әке-шеше,
Күтпеген мынадай сұм жағдай болған.

Ұлы айтты: «Әке, сізге не деймін?» – деп,
«Мен сенің балаң емес, өгеймін» деп.
«Ұрланған, жаны жара, киік еті,
Бұл күнә, бұл харамды жемеймін», – деп.

«Шынымен мен сіздерге өгеймін» деп.
«Басқаша парызымды өтеймін» деп.
«Себебі сол: Қанішер дастарқанға,
Ант бердім, енді ешқашан келмеймін» деп.

Деді де, тұрып кетті дастарқаннан,
Ұлы өзіңе түкірген қандай жаман…
Ұл кетті, ақ дастарқан жиегінде
Отырды есі шығып екі надан…

Әке ойлады:
– О, Құдірет, бұл менің жалғыз ұлым,
Сол үшін көтерем бар өмір жүгін.
Шынында, панасызға қамқоршы емес,
Қан жұтқызған сатқындық осы түрім.

Ұмытқан ата-баба аманатын,
Енді кім, балам үшін менің атым?!
Баламның жүрегіне жазылды-ау,
«Қанішер» мына менің жаман атым…

Ана ойлады:
– О, Құдірет, осы ұлым өскенінше,
Дәл бүгін жолымызды кескенінше.
Табиғатты талай жыл тонаппыз ғой,
Аяусыз шамамыздың жеткенінше.

Жазықсыз өлген аңға қуаныппын,
Жоқ болса, тағы өлтір деп сұраныппын.
Обал менен сауапты білмей өскен,
Мен қауіпті жыртқышқа лайықпын…

Дәл осындай ортада өскен ұрпақ,
Қалайша мейірманды өмір құрмақ?!
Бұл біз емес, түп атаға тартқан екен,
Қоңызды да өлтірмесе, бөкен тұрмақ!

Жанымда болған екен кесір мың көп,
Надандық арды жепті, өшіргің деп…
Шіркін ұлым, кешіре алар ма екен,
Алдына тізерлесем кешіргің деп?!

Киесі бар, аң мен құс – барлығының,
Сұрауы бар, өмірдің тарлығының.
Жазықсыз төккен қанға қарғыс келер,
Алланың қаһары күш! Жарлығы мың!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.