Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ағарту саласында айрықша із қалдырған Ақылбек

0 954

Елімізге сұрапыл соғыс көп қайғы мен қиыншылық әкелді. Ақылбек Көшекбаев – Ұлы Отан соғысының тыл еңбек ардагері. Ол зұлмат жылдары миллиондаған жасөспірім сияқты оқуымен қатар күріш алқабында тынымсыз еңбек етті. Таңның атысымен басқалармен бірге егістікті арамшөптерден тазалап, егіс алқаптарына су жіберіп жүрді.

Бірде күріш қоймасын өрт шалады. Ақылбек қапталған күріштерді қауіпсіз жерге таси бастайды. Алайда өрт шыққан жерде 25-30 қаптай күріш қалып қояды. Соғыс кезінде адамдарға 30 қап күріш алтыннан да қымбат еді. Сол оқиға туралы Ақылбек Көшекбаев былай деп, еске алады: «Өлсем де бәрін алып шығамын» деп өзіме серт бердім. Есімді жисам, денемнің бәрі ауырып, тұла бойымды күйік шалғанын білдім. Қасымда ауылдастарым, бригадир тұр екен. Бригадир: «Алтыным, Ақылбекжан, сен нағыз батыр екенсің. Сен күрішті ғана емес, біздің өмірімізді құтқарып қалдың», – деп жылап тұр».
Жергілікті фельдшер Ақылбектің күйігі өте ауыр болғандықтан аман қалуы екіталай деген. Шешесі Сағын қайғыдан қан жұтып: «Тағдыр үлкен балаларым мен күйеуімнен ажыратты. Енді асыраушы балам Ақылбегімнен айырылсам, шыдай алмаспын», – деп қатты қайғырды.
Оның өмірін Владивостоктан жер аударылып келген корейлер құтқарып қалды. Кейін Сағын апай олар туралы сүйсініп айтып отыратын: «Әлі есімде, Валя Ким апай үйге кіріп, «Сағын апай, мен қайтсем де ұлыңды ажалдан алып қаламын. Біз Қиыр Шығыстан Қазақстанға ауыр жолмен жеткенде сен және жерлестерің бізді жылы шыраймен қарсы алып, өз балаларыңның аузынан жырып, бізге соңғы наныңды бөліп бергендеріңді қалай ұмытайын? Сендер бізге туыстан да артықсыңдар», – деді. Балық майын емдік шөп тұнбаларымен қосып, күніге баланың күйік жерлеріне жағып тұрды. Сөйтіп, корей ағайындар өмір бойы туыс-бауырдай болып кетті».
Сағын апай, балалар және ауыл тұрғындарынан құралған бригада 1-2 гектар алқапқа күріш егіп, соғыс кезінде 5-6 тонна күріш жинап отырды. Әрине, ол кезде техникасыз, қолмен күріш алқабын өңдеу оңай болған жоқ. Соқаларға бұқа, ат жегіп жер жыртқан. Жас Ақылбек, оның достары Хокчин Ким, Ахмед Шыныбаев, Сергей Давыдов, Славик Плонский және басқа да жасөспірімдер күріш алқабын күтті, колхоз малын бақты, бие, сиыр сауды. Әйелдер, қыздармен бірігіп, көпұлтты ауылда «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» ұранымен аянбай еңбек етті.Ұлттар арасындағы достық, біріккен еңбек, татулық, мейірімділік, ауызбіршілік арқасында еліміз Ұлы Жеңіске жетті. Осы Жеңіске алыстағы Мұқаншы аулындағы отбасылар да өз үлесін қосты.
Ақылбек Көшекбаев – тыл жұмыстарының ардагері, өз дәуірінің бетке ұстар азаматы, аулымыздың мақтанышы. Колхоз басқармасы соғыстан кейін оған Абай атындағы ҚазМПИ-дің тарих факультетіне жолдама берді. Студент кезінде оның Қазақстан тарихына деген ғылыми қызығушылы артып, еліміздің тарихын зерттеуге теңдесі жоқ үлкен үлес қосты. Ол «Отечественная история» студенттік газетінде редактордың көмекшісі, студенттер арасында факультет дәріскері, ғылыми экспедициялар, халқымыздың жауынгерлік және даңқты жерлеріне экскурсиялар, Алматы және Мәскеудің мемлекеттік мұрағаттарында зерттеу жұмыстары сынды қызметтерді ерекше қызығушылықпен істеді.
Ақылбек еңбек жолын 1950 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Аса ауылында Молотов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. Биік білімдарлық, мәдениеттілік, ұйымдастырушылық қабілеті оны осы мектептің директоры дәрежесіне дейін көтерді. Сонымен бірге Жамбыл аудандық халықтық білім беру бөліміне штаттан тыс аға қызметкер болып сайлануына мүмкіндік берді. 1953 жылы ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мутипа Зулхашевамен жұбын жарастырды.
1954 жылы жарымен бірге Свердлов ауданының «Жамбыл» қызылша совхозына ауыстырылып, мұнда жұмысшы жастардың кешкі орта мектебінің директоры болып тағайындалды. 1958 жылы оны Свердлов ауданындағы Крупская атындағы 8 жылдық мектептің директоры етіп сайлайды. Сарқылмас күш-жігер, үлкен ұйымдастырушылық қабілеті оған бір мезетте аудандық тарих пәні мұғалімдерінің ғылыми-әдістемелік семинарына басшылық етуге де көмектесті. Осы жылдары ол тарих, философия, мәдениеттану және құқықтанудан бірнеше әдістемелік кешендер жасап шығарды. 1958 жылы оны дәріскерлер аппаратының штаттан тыс жетекшісі етіп тағайындайды.
Ақылбек Көшекбайұлының көргендігінің арқасында ауданның әлеуметтік цикл мұғалімдері мен оларға ғылыми-әдістемелік жұмыста практикалық көмек көрсетіп келген еліміздің ең мықты тарихшы-ғалымдары арасында өзара тығыз байланыс орнады. Оның басшылығы мен нұсқауы бойынша ұйымдастырылған көптеген ғылыми конференциялар, семинарлар аудандағы көп мектептерде тарих пәнін оқыту сапасы мен әлеуметтік мәдениет дәрежесінің жоғарылауына себеп болды.
Ол 7 жыл бойы басқарған Крупская атындағы 8 жылдық мектеп аудандық, облыстық көлемде алғашқы орындарды иеленді, мадақ грамоталарымен, жанды әуенді аспаптардың толық жиынтығымен, республикалық жарыстардың жеңімпазы белгілерімен бірнеше рет марапатталды.
1965 жылы Ақылбек Көшекбайұлы Гоголь атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылады. Ал 1966 жылы оны облыстық саяси оқу-ағарту үйінің жанындағы тарих және құқықтану бойынша ғылыми кеңестің мүшесі етіп сайлап, мұнда ол 40 жыл бойы республикалық буынның насихатшысы болып қызмет етеді.
Ақылбек қария – жалпы адамзаттық құндылықтың дамуына, біздің көпұлтты мемлекетіміздің құқықтық қоғамының демократиялануы мен даму принциптеріне үлкен көңіл бөлінген 50-ден аса ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы. Әсіресе, оның облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Жамбыл-Тараз», «Шит» және аудандық «Ауыл жаңалығы» газеттерінде жарық көрген туған өлкенің даму тарихы жайындағы «Біздің тарихи өлке – Қазақстан мақтанышы», «Аңыздар», «Ауылға бет бұрайық» «Ежелгі Тараз – Төменгі Барысхан» сияқты ғылыми материалдары оқырманға терең ой салды.
Ақылбек Көшекбайұлы әрбір адам өзінің шығу тегін білуге тиіс деп санайды. Сондықтан да жастардың қоршаған әлем туралы ілімге келуіне, олардың отандық тарихқа, заңға деген құрметін ояту мақсатында, саяси сауатты, ұлтжанды азаматтардың қалыптасуы үшін, олардың қоғамның әлеуметтік-мәдени және экономикалық даму заңдылықтарымен танысуына көп көңіл бөлді.
Ақылбек Көшекбайұлы жарымен 5 бала тәрбиелеп, 8 немере сүйді. Еңбек жолында ол «ҚР оқу-ағарту ісінің озаты» белгісімен марапатталып, «ҚР аға оқытушысы» дәрежесін алды. Сондай-ақ көптеген мемлекеттік, облыстық, аудандық Құрмет грамоталармен құрметтелді.
Ақылбек Көшекбайұлы – 50 жылдан аса ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнаған жан. Зейнетке шықса да ол ұстаздық қызметін тоқтатқан емес. Жас мамандарға көрген-білгенін үйретуде. Оның есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты республикалық алтын кітапқа енген.
Тарих та, жер сияқты, халықтың жадымен тыныс алып, өмір сүреді…
…ХХ ғасырдың құрдасы, тарихшы- құқықтанушы, ҚР оқу-ағарту ісінің озаты, Байзақ ауданы, Талас ауылының Құрметті азаматы Ақылбек Көшекбайұлы сияқты азаматтардың ерен еңбегі ұрпақ жадында ұмытылмасы анық.

Ферменбай ДЖУАНЫШЕВ,
Байзақ аудандық Ішкі-істер органдарының ардагерлер ұйымының төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.