Мемлекеттік қаржы жүйесінің толыққанды қызмет атқаруы көп жағдайда бюджет саясатын тиімді жүргізумен сабақтас. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдардың аталған салаға жауапты бөлімшелеріне айрықша міндет жүктеледі. Ел Президентінің соңғы Жолдауында мемлекет қаржысын жұмсау тиімділігін арттыру жөнінде атқарушы билікке тиісті тапсырмалар берілген болатын. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет саясатына реформа жасалатынын айтып, бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажеттігін тілге тиек еткен еді.
«Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс.
Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет», – деген еді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Бұл ретте Тараз қаласының қазынасының ортаймауын, жұмсалған әр тиын діттеген жеріне жетіп, мемлекет қаражатын жаратуда шашау шықпауына қала әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі жауапты. Бүгінде бұл бағытта аталмыш бөлім тарапынан жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.
Айталық, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері толық орындалып, оң динамика қалыптасты. Атап айтсақ, өнеркәсіп саласында 172 миллиард 790,2 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 124,6 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 122,6 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 133,0, кен өндіру және карьерлерді қазу бойынша 617,1 миллион теңге немесе нақты көлем индексі 109,6, электрмен жабдықтау, газ беру саласында 48,2 миллиард теңге, нақты көлем индексі 111,3 және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау саласында 1,4 миллиард теңге немесе нақты көлем индексі 108,3 пайызды құрады.
Әрине, қаланың тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасының артуы көп жағдайда бюджеттің дұрыс жоспарлануына байланысты екені белгілі. Себебі, қала қазынасы – тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің, инфрақұрылымның дамуының, әлеуметтік бағдарламалардың, сондай-ақ шаһардың жалпы тіршілігін қамтамасыз етудің қаржылық негізі. Сондықтан оны дұрыс жоспарлау басқарудың ең маңызды тетіктерінің бірі саналады. Әсіресе, құрылысқа бөлінген қаржының діттеген жеріне жетуі аса маңызды.
Бүгінде құрылыс саласы – елдің экономикалық даму қарқынының айқын көрсеткіші. Бұл сала тек ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарын тұрғызу ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу, өнеркәсіптік өндірісті ынталандыру және аймақтық даму үдерісіне серпін беру сияқты кешенді әсерге ие. Сол себепті оның көлемін арттыру мемлекеттің басты басымдықтарының біріне айналып отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша көне шаһардағы құрылыс жұмыстарының көлемі 12 миллиард 823,4 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 200,7 пайызға орындалды. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 81,4 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 121,9 пайызды құрады. Оның ішінде 81,4 мың шаршы метрі жекеменшік секторға тиесілі.
Еліміздің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қауіпсіздігінің негізгі тірегінің бірі – ауыл шаруашылығы екені айқын. Бұл саланың еліміз үшін маңызы зор. Кең байтақ жеріміздің табиғи мүмкіндіктері ауыл шаруашылығын кеңінен дамытып, ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға жол ашады. Бұған Тараз қаласы да өз үлесін қосуда. Айталық, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында 1 миллиард 468,0 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 4,0 миллион, мал шаруашылығы 1,4 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұдан бөлек, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 89 миллиард 224,0 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,2 пайызға орындалды. Нақтырақ тоқталсақ, азық-түлік тауарлар айналымы – 41,1 миллиард, ал азық-түлік емес тауар айналымы 48,9 миллиард теңгені құрап отыр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша да едәуір жетістікке қол жеткізілді. Атап айтсақ, оның көлемі 43 миллиард 105,7 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 132,4 пайызды құрады. Жеке-жеке тоқталар болсақ, инвестициялардың жалпы көлеміндегі бюджеттік салымдар 16,3 миллиард теңгеге жетіп, 94,5 есе өссе, жеке инвестиция 26,7 миллиард теңгені құрап, 82,9 пайызға орындалып отыр. Қолға алынған ілкімді істердің нәтижесінде инфляция 8,2 пайызды құрады. Мәселен, азық-түлік тауарлары – 6,3, азық-түлік емес тауарлар – 7,4, ақылы қызметтер тарифі 14,7 пайызға артты.
Ел экономикасына инфляциямен қатар жұмыссыздықпен күрес те әсер етеді. Халықты жұмыспен қамту – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Еліміз егемендік алған сәттен бастап осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағытта жүзеге асырылған баянды бастамалар мен жарқын жобалардың арқасында жұмыспен қамтылған азаматтардың қатары артуда.
Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да тікелей назарында. Осы жөнінде Президент: «Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес, жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген», – деген болатын.
Көне шаһарда да жұмыссыздықпен күрес жүйелі жалғасуда. Оның дәлелі – бүгінде қаладағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайызды, ең төменгі күн көріс деңгейі – 48 331, орташа номиналды айлық жалақы 329 477 теңгені құрады.
Денсаулық саласына келетін болсақ, есепті кезеңде ана өлімі тіркелмегені қуантып отыр. Өкінішке қарай, нәресте өлімі 10 оқиғаны құраған. Алайда бұл дерек өткен жылмен салыстырғанда 7 жағдайға төмендеп отырғанын айта кеткен жөн.
Еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап білім саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта жарқын жобалар жүзеге асып, өз жемісін бергені белгілі. Қазір де білім саласына серпін беру мақсатындағы жұмыстар өз жалғасын тауып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтар сьезінде: «Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет», – деген болатын.
Ұлт ұстазы айтқандай, елді түзеу бала оқыту ісінен басталса, кез келген білім балабақшадан басталатыны белгілі. Бұған қатысты да ел Президенті: «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», – деп нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Қазіргі таңда Тараз қаласында мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында Президенттің осы тапсырмасы ойдағыдай орындалып келеді. Атап айтсақ, бүгінде қаламыздағы 3 және 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі – 100, ал 1 мен 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балғындар үлесі 88,1 пайызды құрап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 84,4 пайыз болғанын ескерсек, бұл бағыттағы ілкімді істер өз тиімділігін көрсетіп отырғанын аңғарамыз. Сонымен қатар 2 мен 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 96,6 пайызға жетті. Былтыр дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 88,8 пайыз болатын. Демек, бұл бойынша да едәуір ілгерілеу бар деген сөз.
Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі тек қаржыны басқаруды ғана емес, маңызды салалардың барлығын дерлік қамтиды. Соның ішінде құқық қорғау саласы зор маңызға ие. Әрбір қаланың даму көрсеткіші қылмыспен күрес жолындағы кешенді шаралармен бағаланады. Осы тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатындағы орамды ойы ойға оралады. Мемлекет басшысы бас басылымға берген сұхбатында: «Заң мен тәртіп» қағидасы құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдаған дұрыс болмайды. Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. «Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екенін түсінемін. Себебі бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға әлі дайын емес. Бірақ талаптанған адам қалайда мұратына жетеді», – деп тұшымды пікірін жеткізген еді.
Қазіргі таңда облыс орталығында қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстар жолға қойылған. Сандарды сөйлетсек, есепті кезеңде қала көлемінде жалпы әр түрлі 695 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 27,5 пайызға өскен. Сонымен қатар ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 45,1 пайызға артса, аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 72,2 пайызға төмендеді. Ал жалпы қылмыстар бойынша ашылу деңгейі – 2,2 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстардың ашылуы 0,2 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық 9 деректі құрап, 10,0 пайызға кеміген. Бұған қоса осы жылдың қаңтар-наурыз айларында қалада 169 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,0 пайызға өскен. Одан жараланғандар саны 224 адамды құрап, 1,3 пайызға төмендесе, кісі өлімі 3 адамды құрап, 25,0 пайызға кеміді.
Қорыта айтқанда, қала бюджеті – бұл жай ғана цифрлар жиынтығы емес, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды құрал. Тиімді жоспарланған бюджет қалалық инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету және экономикалық өсімге тікелей әсер етеді. Яғни, қаланың тынысы көшедегі көліктен, зәулім ғимараттардан немесе алаулаған шамдардан ғана көрінбейді. Оның нағыз тіршілігі оның экономикасында, қаржысының нақты есептеліп, дұрыс бөлінуінде жатыр. Әрине, бұл – көзге бірден түсе бермейтін, бірақ әрбір қала тұрғынының өміріне ықпалы ететін күрделі әрі жауапты процесс. Міне, осы маңызды іске жетекшілік ететін қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі құрғақ есеп жүргізетін емес, керісінше шаһардың келешегін қалыптастыратын аса маңызды құрылым. Сондықтан бізді алдымызды бұдан да ауқымды міндеттер мен жұмыр жоспарлар күтіп тұр.
Жандос ОРДАБАЕВ,
Тараз қаласы әкімдігі экономика және
бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы