Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ағайынды жігіттерді азаптап, қомақты ақша талап еткен полицейлер әшкере болды

0 248

Алматыда полиция мен арнайы жасақ өкілдері көлік сатып алып, сатумен айналысатын ағайынды азаматтарды азаптап, 2 млн теңге ақша бопсалаған. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ-ның Алматы қалалық филиалының жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев айтты.

Қоғамдық ұйымның мәліметінше, Алматы қаласының тұрғындары К.Солтанов пен Б.Әбдікәрімов арызбен жүгініп, өздерін ішкі істер органдарының өкілдері азаптағанына шағымданған. Шағымданушы азаматтың бірі К. Солтанов қосымша табыс көзі ретінде арзан автокөліктерді сатып алып, сатумен айналысады. Биыл 30 қаңтар күні оған бір танысы хабарласып,  ақшаға мұқтаж бір азаматтың арзан бағаға трактор сататынын айтқан. Келіскен уақытта қаланың Думан ықшамауданындағы бір үйдің жанында тұрған трактор көлігін көруге барып, техниканы 7 млн теңгеге сатылатынын біліп қайтады. Келесі күні техниканы қолында бар 4 млн теңгеге сатып алады.

Бұдан кейін, арыз иесі келісілген 4 млн теңгені санап беріп, тракторды ауыр техниканы таситын үлкен көлікке (трал) тиеп, Жетіген елді-мекенінде орналасқан шаруа қожалығына алып кетеді. Сондай-ақ трактордың құжаттарын толығымен сатушы өзі реттеп, сатып алушыға әкеліп беретіндігін айтқан. Араға 1 апта өткен соң, яғни 2023 жылдың ақпан айының 6-нан 7-не қараған түні, белгісіз біреулер, Алматы қаласы, Айнабұлақ-3 ықшамауданында арыз иесінің айдап бара жатқан көлігін мәжбүрлеп тоқтатып, күш көрсетіп, жерге жатқызып алып соққыға жыққан. Оған қоса қолдарына кісен салып, мемлекеттік тіркеу номері жоқ автокөлііке отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен, – дейді Мақұлбаев.

Арызданушы көлікте өзінің туыс бауыры Б.Әбдікәрімовтың да отырғанын көрген. Екеуін ұрып-соөөан адамдар бір апта бұрын сатып алған трактор туралы сұраған.

Ұрып соққан адамдар жол бойы трактор туралы сұрақтар қойып, оны ұрладың деп жала жауып, ұрлағандығы туралы негізсіз мойындатпақ болған. Арызданушының айтуынша, ұрып соққандардың саны төртеу болған: екеуі жедел полиция өкілдері, ал қалған екеуі арнайы жасақтың сарбаздары. Соңында белгілі болғандай, аталған көлік, Алматы қаласы, Қабанбай батыр мен Чайковский көшелерінің қиылысында орналасқан Алматы облысы полиция Департаментінің өкілдігіне келіп жеткен. Одан кейін, полиция қызметкерлері, К. Солтанов пен Б.Әбдікәрімовты сол өкілдіктің 5-қабатына көтеріп, бейне камералары жоқ бөлек бөлмеге кіргізіп, ұрып-соғуды жалғастырған. К.Солтановтың айтуынша 2-сағат бойы тоқтамай соққының астына алған полиция қызметкерлері соңында ақша бопсалап, 4 млн.теңге талап еткен, бірақ соңында Дамир есімді полиция өкілі оның мөлшерін 2 млн.теңгеге дейін түсіріп, ақшаны Алматы қаласынан шыға берісінде (Қонаев қаласына апаратын көпір), Бурундайская көшесінде К. Солтановтан алып, соңында оларды босатқан, – деп толықтырды ол.

Ағайынды азаматтар өздерін төрт азамат ұрып-соққанын айтып отыр. Сондай-ақ олар 10 сағат көлемінде тұтқындалып, заңсыз бас бостандығынан айырылғанын атап өтті.

Осыған байланысты арызданушылар, Алматы облысы полиция Департаментінің өзіндік қауіпсіздік Басқармасына шағым жасап, тиісті сот медициналық сараптамасынан өтті. Сондай-ақ бастапқы процессуалдық іс-шара жүргізу кезінде Алматы облысы полиция Департаментінің өзіндік қауіпсіздік Басқармасының өкілдеріне де толық мән-жайды жазып көрсеткен, алайда қазіргі таңда кінәлі полиция қызметкерлеріне қатысты нақты іс-шаралар қолданылмаған. Сол себепті арыз иелері,  істің жан-жақты және әділ өтуін қамтамасыз етуді сұрап отыр, – деді Мақұлбаев.

«Әділдік жолы» РҚБ-ның Алматы қалалық филиалының жетекшісі аталған жағдай бойынша прокуратураға арыздарда көрсетілген мән-жайлар бойынша қызметтік тергеу жүргізіп, кінәлі полиция қызметкерлеріне қатысты заңда көзделген шаралар қолдануды сұрап хат жолдады. Бүгінде азаптау бойынша тергеу басталғаны белгілі болды.

Halyq Uni

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.