Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құлақтан үнің кетпестей…

0 313

Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияда 25 мамыр күні «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиын өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Суретті түсірген А.Рысмахан

Жез қоңыраудың қоңыр үні – білім көзіне талпынған бүлдіршіндердің болашаққа бастауы болса, мектеппен қош айтысқалы тұрған түлектердің балалықпен қош айтысар сәтті қадамының сырлы сазы. Сыңғыр қаққан қоңырау үні қашанда қымбат, қастерлі.

Салтанатты сәт гимназияның мерейін өсіріп, мәртебесін көтерген оқу үздіктері, спорт жеңімпаздары мен өнерлі өрендерді зор қошеметпен қарсы алудан басталды. Шуағын төккен күндей жарқырап, гүлдей жайнап, соңғы қоңыраудың үнін соңғы рет тыңдауға қадам басқан 88 түлек те үлкен ілтипатпен салтанатты кеш төріне озды.

– Ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі орасан. Ата-аналардың қуанышы – баласының білім ұясынан қалықтап ұшып, үлкен өмірге қадам басқаны. 9000 оқушы мектеп табалдырығынан түлеп ұшпақ. Бұл түлектердің 328-і «Алтын белгіге», 246-сы үздік аттестатқа үміткер. Бүгінгі күннің өзінде 70 оқушы, мұның ішінде 9 оқушы Назарбаев университетінде, 35 оқушы Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей секілді елдердің, 26 оқушы еліміздегі жоғары оқу орындарына шақырту алып отыр. Бұл ең алдымен ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білеміз. 6 мектеп республикалық олимпиада бойынша «Ең үздік олимпиада мектебі» атағын алды. Республикалық пән олимпиадалары және ғылыми жарыс қорытындысы бойынша облыс командасы 7 жыл қатарынан «Үздік команда» атын иеленді. Облыс оқушылары халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстардан 28 жүлделі орын иеленсе, оның 11-і күміс, 17-сі қола медаль. Біз облысымыздың білімді әрі талантты ұл-қыздарын әрқашан мақтан тұтамыз. Үлкен өмір жолына басқан қадамдарыңыз сәтті болсын, барлық мектеп бітірушіге тек қана ақ жол тілейміз, – деді салтанатты жиынға қатысқан Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өз құттықтауында.
Кеш барысында Төле би бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Гимназияның ұстаздары мен шәкірттері соңғы қоңырау мерекесімен құттықтап, тілек айтып, ыстық ықыластарын білдірсе, өнерлі өрендер «Қош бол енді, мектебім», «Мектеп», «Аяулы ұстаз», «Соңғы қоңырау» сынды әндерді тамылжыта шырқады. Әсіресе, ең ғажап та мәңгі есте қалар әсерлі сәт жез қоңыраудың соңғы рет соғылуы емес пе?! Соңғы қоңырауды соғу салтанаты 11-сыныптың үздік оқушылары Мұхтар Мағжан мен Ұлжан Шадыханова мен 1-сыныптың үздіктері Айым Тоқтасын мен Садық Асланға берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.