Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қас бітіреміз деп көз шығарып алмайық!»

0 763

Қазіргі күндері үкімет мұғалім мәртебесін көтеру мәселесін күн тәртібіне қойып, қоғамда оны талқылау қызу қолға алынып жатыр. Арнайы қаулы-қарар шығармақ ойда екен. Түбі мұның игілігі көп болары анық.

Ата-ана балаға өмір сыйласа, сол өмірге қолынан жетектеп әкеліп сауатын ашатын, жүрегінің жан жылуымен, сөзінің ебімен, қолының табымен бар білгенін оқушы бойына сіңіретін – ұстаз. Оған арналған небір жылы сөздер бар: «Ұстазым ұлық бәрінен», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға».
Ұстазым менің, ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жанымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым менің, ұстазым, – деген әуеннің сөздерінде қандай терең мағына жатыр. Ұстазға деген терең сезімнен шымырлап шыққан сөз ғой бұл. Осында сәби жүрегінің адал шындығы, ақтарыла айтқан сыры жатыр. Айтқыш ақын осы бір төрт жолға шеберлікпен қалайша сыйғыза алған десеңізші?!
Мұғалім көңілін көтеретіндей алғашқы қадам жасалды. Біршама айлығын көтерді. Көптен қағажу көріп, назардан тыс қалып келген жоғары оқу орындарының ұстаздары да леп басты болғандай. Мұндай материалдық қолдау келешекте де бола беретін түрі бар. Дейтұрғанмен мұғалімнің қадір-қасиетін көтеруде әлі де көп әрекет жасау керек сияқты.

Кейбір кездері бірлі-жарым қателік, заңсыздыққа барған жеке көріністерге аттан салып ала шапқын болатынымыз бар. Мұғалімнің төңірегінде «сый алып қойды», «гүл алып қойды», «жеп қойды» деген сөздерді гулетіп әкетеміз. Осы сөз ұлғая келе мұғалім мен ата-ананың арасына жарықшақ түсіріп, айқайға ұласады. Нәтижесінде мұғалімнің бәрі жегіш, алақол болып шыға келеді. Түгелдей мектептің аты былғанады, республика көлеміне жайылады. Журналист ағайындар осындайда бір жасап қалады. Жерден жеті қоян тапқандай дуылдатып әкетеді. Және бұны теледидардың бірнеше каналында әлденеше рет қайталап береді. Сөйтіп, мұғалім шіркіннің адалы да, арамы да сүмірейіп шыға келеді. Бүкіл елге аймандай болады. Ал осыдан кейін шәкірттерінің алдында, бүкіл қоғам алдында оның мәртебесін көтеріп көр. Жуас түйе жүндеуге жақсы. Мұндай кезде кінәлі мұғалім басын арашалап алмақ түгілі жанымен қайғы болып кетеді. Ақ-қарасы тексеріліп, ақталғанша жағылған күйе кетпей тұрып алады. Байыбына барайық, ағайын! Жазаласақ та, айыптасақ та егжей-тегжейлі, жан-жақты тергеп алып барып қана шешейік.

Баяғы біздің кезіміздегі ұстаздың абырой-беделі қазір арман болып қалды. Әке-шешесінің тілін ала бермейтін дәлду бала мұғалімнің алдына келгенде, неге екені белгісіз жіптіктей болатын. Баланың кешегісі не, бүгінгісі не, бәрі бір қазақтың баласы ғой. Сөйте тұра бүгінгі бала ұстазының жағасынан ала кететінді шығарды. Немесе мектепке пышақ ұстап келіп, пышақтап кететінді шығарды. Кейбір оқушылардың ата-аналары көбінесе мектеп пен мұғалімдерді кінәлауды әдетке айналдырып алды. Нәтижесінде жан-жақтан түртпектелген мұғалім сүмірейіп шыға келеді. Ал осыдан кейін мұғалімнің абыройы мен беделін көтеріп көр. Менің айтып отырған бұл сөзімді оқыған жұрт: «Бөріктінің намысы бір» деген. Өзі де сол маманның бірі болған соң жақтап отыр ғой», – дер. Тіпті де олай емес. Басқа мамандықтағы адам болсам да, шыдатпаған шындықты осылай айтар едім.

Мұғалімнің беделін түсіруге білім саласындағы берекесіздік те кері әсерін тигізбей отырған жоқ. Күнара бір жаңа реформа. Біреуін тыңғылықты игеріп болмай жатып екіншісі, одан үшіншісі шығып жатады. Шетелдің қаңсық дүниесі бізге таңсық болып еніп жатады. Байыбына бармай атқарылып жатқан жұмыс көп. Жас жеткіншек әліппесіз-ақ сауат ашсын деп бір шықтық. Институтқа түсердегі тест сұрақтарының ішінде «Алматыдағы пивзавод қай жылы ашылды?» немесе «Тәуке хан уәзірлер кеңесіне қай шапанын киіп шығушы еді?» дегендей өрескелдіктер кездесе беретін. Сонау бір жылдары сондай үлгіде тест сұрақтарын түзіп келген бір жас мұғалім «Құнанбайдың қай көзі соқыр еді, оң көзі ме, әлде сол көзі ме?» деп дайындап әкелген еді. Сонда жарықтық Қапекең, ардагер ұстаз Қапаш Тасболатов: «Шырағым-ау, осы да білім болып па? Осылай сұрақ қоярмысың?», – деп күйінгені бар еді.
Осы күндері оқудан сапа кетті деген пікірлер жиі айтылып қалады. Бұл негізсіз де емес. «Студенттер қазір көркем шығарма оқуды сиретіп барады, қызықпайды» дегенді айтады. Әнебір жылы қаладағы жоғары оқу орнының сырттай оқу бөлімінің бітіруші студенттерін тыңдап көргеніміз бар. Үйден дайындап келген жауабын сыдыртып көз алмай оқып тұр. Тым ұзап кеткен соң мен:

– Ей, шырағым, сол төңіректе бір нүкте болса тоқташы енді, – дедім шыдамай. Сөйтсем:
– Ағай, осы мен қай сұрақты айтып тұрмын? – дейді әлгі сабаз.
– Ә, мен қайдан білейін? – деймін таңғалған болып. Содан соң әңгімені басқа ыңғайға бұрып: – Сен енді былай нақты сұраққа жауап берші. Қазақ ақын-жазушыларынан кімді білесің? – деп сұрадым.
– Абай Жабаевты, – дейді мізбақпай.
– Астапыралла, ондай ақын бар ма еді?
– Е-е, бар ондай. Сіз не білмейтін бе едіңіз?
– Сонда ол ақынның қай өлеңі есіңде?

– «Елім-ай» дегені. Анау жаудан қашып келе жатып қарындасын ойлап жылайтыны бар ғой.

Мәссаған, ендеше. Мұндайда сорақылық болады екен-ау. Министрліктің сырттай бөлімдерді біртіндеп жабу мәселесіне кіріскені құптарлық жайт. Бәлкім, бұл диплом алушылардың білім сапасын көтеруге ссептігін тигізер. Ал бірақ қоғамдағы жастардың бәрі жаппай диплом алуы, тіпті кейбіреулері екі-үш диплом алуы, қос-қостан қалтасына салып, жұмыссыз бос жүруі үлкен проблемалық мәселеге айналып отыр. Осының өзі қалай деп бір ретке, жүйеге келтірудің уақыты жеткен сияқты.

Әнебір жылдары теледидардан қазақтың бір қуақы шалы қоғамдағы осындай бір келеңсіздіктерді жіпке тізіп, айызы қанғанша айтып-айтып алды да, ең соңында: «Мейлі ғой, маған бәрібір ғой», – деп мысқылдап, қыжалдана күліп алды. Жоқ, бәрібір емес. Өркениетті елдің азаматы бұған бейжай қарай алмайды. Бала тәрбиесінің бағбаны болған мәртебелі ұстаз қоғамнан өзінің лайықты құрметті орнын алуы керек.

Баланың еркін өскені жақсы ғой, әрине. Қазақтың бұрыннан айтқан сөзі бар: «Қызыңды еркін өсір, бірақ тым еркінсітіп бетімен жіберме». Ал сол тізгіннің бір ұшы мұғалімде. Шәкірт алдындағы мұғалімнің абырой-беделін барынша көтеруге күш салайық. Бірлі-жарым кемшілікті тізе беріп, көзге шұқып, көңілге дақ сала бермейік. Өзгені аласартпай, ұстаз мерейін асқақтата берейік. Қас бітіреміз деп көз шығарып алмайық!

Рахым Садықбеков,
ТарМПУ-дың ардагер ұстазы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.